Бүгінде Жамбыл облысында жасөспірімдер қылмысы алаңдатып тұр. Өткен жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар саны 26 болса, биыл нақты осы санаттағы заң бұзушылықтар 3,8 пайызға өскен. Жастар арасындағы теріс қылықтың басым бөлігі – ұрып-соғу, бопсалау, ұрлық және өз-өзіне қол салу фактілері.
Сол сияқты өткен жылы облыс аумағында терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық іс шеңберінде 2 кәмелет жасына толмағанға қатысты тергеу әрекеттері жүргізілген.
Соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 14 есе өскен. Ал Жамбыл облысында өткен жылы 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленген. Бұл тұрғыда жыл өткен сайын есірткі тұтынушыларының қатары «жасарып» келе жатқаны да дабыл қақтырады.
Жастар арасында зорлық фактілері де жаға ұстатып тұр. Алдыңғы айда Сарысу ауданындағы мектеп-интернатта жасөспірім зорланса, Байзақ пен Меркі ауданында әлімжеттік көрсету салдарынан екі бала көз жұмды. Бірінші дерек бойынша мектеп-интернаттың басшысы жұмысынан босатылса, Байзақ ауданыныңдағы мектеп директоры да қызметінен алынды. Ал өзге күдіктілер мен жауапты азаматтарға қатысты шешім тергеу амалдарынан кейін шығарылмақ.
Осы орайда «Жастар қылмысына не түрткі болып жатыр?» деген орынды сұрақ туатыны анық. Сондай-ақ жасөспірімдер қылмысының алдын қалай аламыз?
Күні кеше Ішкі істер министрлігінде өткен қоғамдық кеңес отырысында Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов балалар арасында жағымсыз іс-әрекеттерді болдырмау үшін мемлекет пен қоғамның барлық қолда бар ресурстарын кешенді түрде жұмылдыру қажет екенін алға тартты.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықпен тиімді күресу үшін балаларды қорғау мекемелерін, медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да профилактикалық субъектілерді тарта отырып, кешенді тәсілді қалыптастыру қажет. Жауапсыз ата-аналарға жаза күшейтіледі. Жыл басынан бері балалардың түнгі уақытта көшеде қараусыз жүргені үшін 28 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Ал бала тәрбиесіне қатысты өз міндеттерін орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған ата-аналардың саны 3 есе артты. Яғни бұл тізім 7-ден 23-ке дейін өсті, – деді Ә.Оспанов.
Негізі, өткен жылдан бастап әр білім беру мекемесіне 6,6 мың ювеналды полиция қызметкері, учаскелік инспектор мен жедел уәкіл бөлінгені белгілі. Әйтсе де, осы жылы жасөспірімдер арасындағы бопсалау дерегі екі есеге артқан. Қазіргі таңда мектептерде бұзақылыққа бейім бейресми 1500 «көшбасшы» бар екені анықталып отыр.
«Бейресми» деп бүркемелемесек те, білім беру мекемелерінде құқыққа қайшы іс-әрекет жасайтын жастар жайлы талай жағдайға қаныққанбыз. Ал оған мектеп басшылары дер кезінде шара қабылдамайтындығы да жасырын емес. Тіпті кейбір мектеп директорлары өз абыройына нұқсан келмеуі үшін заң бұзушылықтарды жасыруға жан салады.
Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы да бұл ойымызбен келіседі. Ол тіпті аудандардан құрылған комиссиялар шарасыз күйде екенін ашып айтуда.
– Бұл күнде аумақтық комиссиялардың қызметі формалды сипатқа ие. Мысалы, комиссия жұмысы Т.Рысқұлов, Сарысу мен Байзақ аудандарында еңбек өтілдері бір жылға да толмаған аудан әкімі аппаратының мамандарына қосымша жүктеме ретінде бекітілген. Аталған мән-жайлар осы аудандарда кәмелетке толмағандармен жұмыс екінші кезекте екенін көрсетіп тұр. Сонымен қатар комиссиялардың шешімі өз деңгейінде орындалмайды. Комиссия төрағаларының тарапынан қандай да бір бақылау жоқ. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекция қызметінің талдау нәтижелері комиссия жұмысының тиімділігі шамалы екенін көрсетті. Нәтижесінде, осы жылдан бастап жасөспірімдер арасында қылмыс деңгейінің күрт өсуі байқалды. Профилактикалық жұмыстардың әлсіз жүргізілуіне мектептерде инспекторлардың жоқтығы да кері әсерін тигізуде. Бірнеше мектепке бекітілген бір инспектор барлық жағдайдан хабардар бола алмайды, – дейді Н.Ұласбекұлы.
Бұл заң саласы мамандарының пікірі. Ал психологтар жасөспірімдер арасындағы қылмыс ата-ананың баласына тиісті деңгейде көңіл бөле алмауынан орын алатындығын айтады.
– Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, бақылаусыз кеткен балалар. Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын бағамдай беріңіз, – дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова.
Ал ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева бала тәрбиесіне көңіл бөлудің тың тәсілін ұсынып отыр.
– Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуінің де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндері қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де табыла кетеді. Сондықтан елдегі еңбек шартына, атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыру қажет. Сонда ғана ата-ана баласына көп көңіл бөле алады, – дейді сарапшы.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановтың да ойы осыған саяды.
– Психологиялық тұрғыдан алғанда, жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себеп – отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуі. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеудің де соңы ауыр жағдайларға апарып жатады. Жасөспірімдерге әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, қоршаған ортасындағы жас ерекшеліктің де әсері бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу бала бойынан негативтік дүниелерді қалыптастырады. Ал ата-ана баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауының соңы қылмысқа апарып жатады. Кейбір ата-ананың өзінің бойында ондай қасиет пен таным-түсінік болмауы мүмкін. Ондай жағдайда баламен тиісті мамандар жұмыс жасауы керек, – дейді психолог.
Қиын түйін
Міне, осылайша мамандар бала тәрбиесіне алаңдаулы болғанымен, оның нақты шешу жолын айта алмауда. Құқық саласының өкілдері ювеналдық полицейлердің аздығы мен бала қауіпсіздігіне жауапты аумақтық комиссия жұмысының әлсіздігін айтса, психологтар ата-анаға баласымен көп уақытын өткізуге жағдай жасау қажеттігін алға тартады. Ол үшін еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева 8 сағаттық жұмыс күнін 5 сағатқа қысқартуды ұсынуда. Мұндай ұсыныс пен тың ұмтылыс қолдау таба ма, жоқ па, белгісіз. Алайда заң жобасы қаралғанның өзінде, оның артын байыппен бағамдау қажет. Өйткені ата-ана тұрмыстық таршылдықтың салдарынан 5 сағаттық екі жұмысқа кіріп алып, баласына тіпті көңіл бөле алмай кетуі де бек мүмкін. Сондықтан бұл – әбден зерделенетін дүние.
Ең бастысы, бала біздің болашағымыз екенін түсінген абзал. Әрбір ата-ана бауыр еті баласы үшін уақыт тауып, бір мезгіл тәрбиесімен айналысса, ұтарымыз көп болады. Кезінде ата-бабаларымыз бір «тәйт» деумен-ақ талай тентекті тезге салған емес пе?! Сондай-ақ мектеп басшылары «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтінін» түсінсе екен дейміз. Бұдан бөлек, мектеп психологтары мен ювеналдық полицейлердің де бірлесе жұмыс жасау жүйесін жасау қажет. Өйткені бала тәрбиесі деген «ал да, соқ» нәрсе емес. Мұнда нәзіктікпен қатар, психологиялық дұрыс қадам керек. Сонда ғана біз жас өскіннің жанын түсініп, дер кезінде көмек қолын соза аламыз.
Саян Тілеужан