Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қауіпсіздік қалқаны

Әскерилендірілген теміржол күзетінің әлеуеті жоғары

0 425

Еліміздің теміржолы – Оңтүстік-Шығыс, Орталық Азия және Еуропа елдерін байланыстыратын жүк тасымалдауларының стратегиялық және маңызды элементтерінің бірі. Оның жұмысының жүйелі болуы мемлекетіміздің экономикалық ахуалына тікелей әсер етеді. Өйткені шойынжол арқылы Қазақстан Республикасы ішкі және сыртқы сауда саясатын жүргізіп келеді. Сол себепті де ондағы қауіпсіздікті сақтау – аса маңызды жұмыс.

Қазіргі таңда теміржолдағы тәртіптің сақталуы мен аса маңызды жүктердің діттеген нүктесіне қауіпсіз жетуін қадағалаумен «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС айналысып келеді. Ол – Қазақстан Республикасының теміржол инфрақұрылымына кіретін барлық нысанының қорғалуын, жүктердің ілеспе күзетін қамтамасыз ететін, жүктерді күзетіп алып жүретін теміржол қызметінің ең ірі күзет ұйымы.
Мекеменің тарихы сонау 1921 жылдан бастау алады. Осы жылы Жол қатынастары халық комиссариатын Ф.Дзержинский басқарып, күзет туралы арнайы декрет қабылданды. Нәтижесінде, теміржол нысандарына, жүк және жолаушылар пойыздарына жасалатын шабуылдар көлемі төмендеген. Араға 80 жыл салып, 2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, «Қазақстан темір жолының» Арнайы әскерилендірілген күзет қызметі еншілес мемлекеттік кәсіпорны «Әскерилендірілген теміржол күзеті» болып қайта құрылды. Бүгінгі таңда «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Қазақстан Республикасының күштік және құқық қорғау құрылымдарымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеп, теміржолдағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуде зор рөл атқарып отыр.
Серіктестіктің Қазақстан Республикасының барлық аумағы бойынша 11 филиалы бар. Соның ішіндегі қалтқысыз қызметімен өзге өңірлерге үлгі болып отырғаны – тоғыз жолдын торабында орналасқан Әулиеата өңіріндегі Тараз филиалы. Филиал Қарағанды облысындағы «Сарышаған», Жамбыл облысына қарасты «Шу», «Түрксіб», «Тараз» және Қырғыз Республикасымен шекаралас жатқан «Маймақ» станцияларында қызмет етеді. Бүгінгі таңда 524 күзетшіден тұратын филиалдың жеке құрамы өздеріне бекітілген аумақта ұсынылған пойыздардағы құнды жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.
Айтқан ауызға оңай болып көрінгенімен, маңызды жүкті күзетіп, бағыт алған жеріне дейін аман-сау жеткізу әсте оңай іс емес. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып жатқан пойыздарды алып жүру, ондағы 70-80 вагонға дейін жететін жүкті қабылдап алып, қайта тапсырылуын бақылау асқан қырағылықты, нақтылық пен ұқыптылықты қажет етеді. Сондай-ақ оны жол бойы күзету, бекіту белгілерінің бұзылмауын қадағалау, түн ұйқыны жиып қойып, сапардың соңына дейін сергектік сақтау да едәуір күш-қайрат пен ерік-жігерді талап етеді. «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Тараз филиалының директоры Еркін Мүсілімовтің айтуы бойынша, сол себепті де бұл қызмет тек мықтылардың мықтысына ғана арналған.
– Ілеспе күзетті жүзеге асыратын болғандықтан, көбіне газ, түрлі қышқылдар секілді қауіпті жүктерді алып жүреміз. Жол бойында оларға зақым келмеуін, пломбаларының бүтін болуын қадағалау, ұрлануына жол бермеу, төгіліп-шашылуының алдын алу секілді көптеген жұмыстарды осы біздің күзет қызметкерлері атқарады. Егер ұрлық жағдайы орын алса, ол жерге Шохан Қасымов есімді азамат басқаратын шұғыл әрекет ететін оңтайлы топ барып, деректерді талдап, тексеру жүргізеді.
Сонымен қатар күзетшілердің міндетіне желілік полиция бөлімінің қызметкерлерімен тығыз байланыста болып, халықпен жұмыс істеу кіреді. Тұрғындар теміржолдың қауіпті аймақ екеніне, оны кез келген жерден кесіп өтуге болмайтынына, әсіресе вагондардың арасынан, астынан өтуге тыйым салынғанына мән бере бермейді. Сонымен қатар пойыздың кернеуі 27 500 вольтты құрайтын электр тогымен жүретінін де ұмытып, вагондардың үстіне шығып кететін жағдайлары да кездесіп тұрады. Бұл адам өміріне аса қауіпті. Осының салдарынан көптеген қайғылы жағдайлар тіркеліп жатады. Күзетшілердің міндеттерінің бірі – азаматтарға осыны жеткізіп, сақтық шараларын ұстануды ескерту.
Жалпы айтқанда, теміржол күзетшілерінің мойнына артылып отырған жауапкершілік жүгі өте ауыр. Қуанышымызға орай, біздің филиалда аталған қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып жүрген мамандар жетерлік. Олардың табандылығы мен еңбекқорлығы ерекше атап өтуге тұрарлық, – дейді Еркін Түгелбайұлы.
Расында, мұндай ауыр қызметті екінің бірі игеріп кете алмайтыны анық. Сондықтан теміржол күзеті қызметкерлерінің қатарына қосылу үшін әрбір үміткер тыңғылықты таңдаудан өтеді. Ол үшін азамат 18 жасқа толған, орта білімі бар және денсаулығы талапқа сай болуы қажет. Сонымен қатар оның бұған дейін заңға қайшы келетін әрекет жасамағаны жайлы деректер де жиналады. Осы аталған пункттерге сай келген кандидат қана жұмысқа қабылдануға жатады. Содан соң арнайы тәлімгері бекітіліп, 1 ай көлемінде жалақысы төленетін тағылымдамадан өтеді. Аталған уақыттан соң, оның жұмысқа деген ынтасы мен ұмтылысы арнайы комиссияда қаралып, содан кейін ғана толыққанды қызметіне кіріседі. Бұдан бөлек, күзетшілер қару асынып жүретін болғандықтан, жұмыстан тыс уақытта қаруды қолдану, электрмен жұмыс істеу қауіпсіздігі секілді тақырыптық сабақтарға, дене шынықтыру дайындығына қатысуға міндетті. Бұл да болса кез келген адам шыдай бермейтін процес.
Жоғарыда филиалдың өзге өңірлерге үлгі болып отырғанын тілге бекерден-бекер тиек еткен жоқпыз. Өйткені өткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС Тараз филиалы республика көлеміндегі 11 құрылымдық бөлімше ішінде үздік нәтиже көрсетіп, І орынға табан тіреген. Күзет қызметі болған соң, оның жұмысы заң бұзушылықтардың алдын алуымен, түрлі деңгейдегі ұрлықты болдырмауымен және теміржолға жақын орналасқан аумақтың тұрғындарымен тығыз жұмыс істеу және өзге де көптеген талап-міндеттердің орындалуымен өлшенетіні белгілі. Бұл тұрғыда жыл ішінде алдына жан салмаған тараздық күзет қызметі нағыз өз ісінің мамандары екенін дәлелдеп отыр.
Мекеме жұмысының оң бағытта түрленуіне оның директорының қосқан үлесі орасан. 2021 жылдың мамырында филиал басшысы болып тағайындалған уақыттан бері жұмысты жүйелеуді мықтап қолға алған Еркін Түгелбайұлы әуелгі істі мекеме қызметкерлерінің айлық жалақысын жоғарылатудан бастаған. Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей заманда кімде-кім еңбегінің ақысы төмен болса, жұмыс барысына толық көңіл бөле алмайтыны белгілі. Осы олқылықтың орнын толтырып, қызметкерлердің еңбек ету шарттарын жақсартуға баса назар аударған филиал директоры ең төменгі жалақының 60 мыңнан 170 мың теңгеге дейін өсуіне қол жеткізген.
– Бұдан бөлек, қызметкерлерге жасалып жатқан өзге қамқорлықтар жайында да айтып өткен жөн. Мәселен, бюджеттік ахуалға байланысты әр тоқсан сайын сыйақы беру, 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан азаматтарға емделуге, санаторий-курорттық демалысқа жолдама беру қарастырылған. Өмір болған соң түрлі жағдай болады. Осыған байланысты ұжымдық келісімшартқа сәйкес, жеке құрамның отбасында болған қайғысы мен қуанышына орай, денсаулық жағдайына байланысты, жалғызбасты ата-аналарға түрлі материалдық жәрдем беру де назарға алынып отыр. Жұмыста үздік нәтижелермен көзге түскен қызметкерлер арнайы марапатқа ұсынылып отырады. Мұның барлығы – олардың жұмысқа деген ынтасының артуына үлкен септігін тигізетін жайттар.
Бұл ретте «Қазақстан темір жолының» орталық аппараты тарапынан жеке құрамға жасалып отырған қамқорлығын ерекше атап өту қажет. Соңғы жылдар ішінде күзетшілердің айлығы өсіп, арнайы киіммен және өзге де қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейі едәуір жоғарылады. Осының нәтижесінде жұмыс сапасы жоғарылап, қызметкерлер тарапынан жіберілетін қателіктер деңгейі айтарлықтай төмендеді. Күзетшілердің жұмыс жағдайының жақсаруы, жоғарыда атап өткендей, ұрлық-қарлықтың, түрлі заң бұзушылықтардың да азаюына алып келіп отыр, – дейді Е.Мүсілімов.
Ұзақ жылдар бойы ішкі істер саласында, оның ішінде ҚР Ішкі істер министрлігінде лауазымды қызметтер атқарып, полковник шенінде зейнетке шыққан, темірдей тәртіп пен жүйелі жұмысқа үйренген Еркін Мүсілімов филиал директоры болып келгенінде де өз қызметкерлерінен осыны талап еткен. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, мұндай талап өз нәтижесін көп ұзатпай-ақ берген. Оның бір көрінісі – жоғарыда атап өткен жұмыс жағдайының жақсаруы болса, екінші тұсы – филиал ғимаратының жаңартылуы. 1949 жылы салынған ғимарат 2021 жылға дейін тозығы жетіп, жыларман хал кешіп келген. Басшылықтың қызметкерлерді ұтымды ұйымдастырып, бағыт бере алуы және жеке құрамның ұйымшылдығының арқасында көнерген ғимарат аз уақыт ішінде қайта түрленіп, жаңарып шыға келген. Бұл тұста мұндағы барлық жұмысты күзет қызметкерлері бір кісідей біріге атқарып, өз қолдарымен жүргізгенін ерекше атап өту қажет.
2021 жылдан бері жұмыс жағдайы жақсарып, күзетшілердің еңсесі көтеріліп қалғанын мекеме қызметкерлерінің өзі де растап отыр. Әскерилендірілген теміржол күзетінде 20 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан аға күзетші Шалқарбек Оразов алғаш жұмысқа орналасқанда, жалақысы небары 7 мың теңге болғанын айтады.
– 2004 жылы жұмысқа орналасқанымда, жұмыс жағдайы қазіргімен салыстыруға да келмейтін. Алғашында ілеспе күзетте қызмет еттім. Сол уақыттан бері қызмет жолында сатылай өсіп, айлығымыз да соған сай көтеріліп отырды. Ал 2021 жылдан бері қызметімізде жаңа реформалар жүргізіліп, жақсы жаңалықтардың куәсі болып келеміз. Жалақымыз 90 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін жоғарылады. Ғимаратымызды жөндеуден өткіздік. Материалдық қолдау жағы да оңалды. Мұның барлығы қуантпай қоймайды, – дейді күзет қызметкері.
Сол секілді серіктестік диспетчері Ерлан Күдербаев та өзі жұмысқа орналасқан 6 жыл ішінде жұмыс ахуалының айтарлықтай оң бағытта өзгергенін айтады. 2018 жылы қызметке тұрған ол алғашқы 3 жылда жұмыстың ауыр, еңбекақының аз болғанын, қазір жағдайдың едәуір жақсарғанын жеткізді.
Бір қуантатыны, теміржол күзетінің қызметкерлері тек персоналдық міндеттерін орындаумен шектеліп қана қоймай, мұқтаж жандарға қол ұшын созу, өмірлік қиын жағдайға душар болғандарға жылу жинау секілді адам баласының бойындағы асыл қасиеттерді ұмытпау, ұлықтау ісін жолға қойған. Соның бір дәлелі – жуырда мекеменің жеке құрамы еліміздің көктем айларында су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына көмек көрсету мақсатымен 1 миллион 250 мың теңге көлемінде жәрдем жинап, жөнелткен.
Филиал қызметкерлері жасаған жақсылығын жария етіп, елге көрсетуді жөн көрмейді. Десе де, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық емеспіз бе?! Әрбір игілікті істі айту – мақтангершіліктің белгісі емес, өзгелерге өнеге қылудың бір жолы деп білгеніміз абзал. Осындай мейірбандықтың тағы бір үлгісін теміржол күзетшілері жуырда тағы бір мәрте көрсетті. 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында олар өз патронаттық қамқорлықтарына алған Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жатқан Есімжан Шәбден есімді баланың есепшотына 497 мың теңге аударған. Мұндай көмекті күзетшілер 6 жылдан бері көрсетіп келеді, қазіргі уақытқа дейін оның көлемі 2 миллион теңгеден асқан екен.
Теміржолдағы қауіпсіздік пен заң талаптарының сақталуына ғана басымдық беріп қоймай, қоғам мен ел өміріне осылай атсалысып, өздерін нағыз маман әрі жаны жомарт, жүрегі жұмсақ азамат ретінде көрсетіп келе жатқан теміржол күзетшілерінің жұмысына тамсанбасқа әрі таңданбасқа шара жоқ. Сондықтан күзет қызметі тарландарының алдағы ісіне тек сәттілік тілей отырып, өзге өңірлердегі филиалдарға үлгі, жол көрсетер темірқазығы болып табысты еңбек ете беруіне тілектестік білдіреміз!

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.