Қалалық қоғамдық-саяси газет

Театр тарланы Жүніс Әлімбеков 60 жаста!

0 91

Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, ҚР мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбековтің 60 жасқа толуына орай «Сахна-дәурен!» атты шығармашылық өнер кеші өтті.

Шымылдық түрілген соң, алпысты алқымдаған асқаралы ағаның алдынан құлдыраңдап құлын шағы шыға келді. Талшыбықты ат қып мінген, бозбала «Мен сахнаның төрінде өнер көрсетемін, ал сендер көрермен болып, маған қошемет көрсетесіңдер әлі» деп бала достарына бесіктен белі шықпай-ақ айтып, арманның ақ боз атын ерттеп мінгенінің көзайымы болдық. Сондай-ақ жылдан-жылға есейіп, ержетіп, бозбаладан жігіттік, жігіттіктен ағалық шағы, уақыт уысында самайын қырау шалғаны көз алдымызда өте шықты.
Өмір иірімінде өткен күндерімен бетпе-бет кездескен мерейтой иесінің көзінде кешегісіне сағыныш, келешегіне деген үміт оты ойнады.
Тағдырын театрға теліп, сахна төрінде ғұмыр кешкен саңлақ 100-ге жуық басты және негізгі рөлдерді сомдаған екен.
Ән мен күйі шалқыған сахна төріне мерейтой иесін құттықтап, сонымен қатар облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің құттықтау хаттарын табыстау үшін облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек төрге озды.
– Сахна – адам өзін сыртынан көретін әрі түсінетін орын. Ендеше, мұнда еңбек еткен жандар өзін түсініп жүрген ардақтылар деп ойлаймын. Жүніс Әлімбековті бүгінгі мерейтойымен құттықтап, еңбегінің жемісін көре беруіне шын жүрекпен тілектеспіз, – деген Дәулет Кәрібек құттықтау хаттарын салтанатты оқып беріп, қуаныш иесіне табыс етті.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өнертану кандидаты, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов та құттықтау сөз сөйлеп, облыс театрында қызмет еткен біршама өнер иелерінің омырауына төсбелгі тағып, иықтарына шапан жапты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.