Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалық санадан басталады

0 513

Қазақстан – дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуді көздеп отырған ел. Ол үшін еліміз әлеуметтік-экономикалық әлеуетінен бөлек, азаматтардың өмір сүруіне жайлы әрі қауіпсіз болмақ керек. Ал осы бағыттағы жұмыстарға бел сыбана кіріспес бұрын, ең әуелі тазалыққа жоғары мән берген жөн. Себебі елімізге шетелден қонақтар келсе, алдымен көзбен көргеніне қарап, біржақты ойлауы мүмкін. Алыс кетпей-ақ қоялық, туризмді дамытуға ерекше мән беріп отырған Тараз қаласының тазалығы қалай, бұған жауапты мекемелер не дейді? Біз осы сұрақтың жауабын анықтап көрген едік.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Көктем шыға қала аумағында көгалдандыру жұмыстары басталады. Сенбіліктер ұйымдастырылып, санитарлық тазалау да қыза түседі. Биыл да сол үрдіс қайталанып, өткен аптада 65 мекеменің қызметкерлері 54 көшені, 27 шақырым арық жүйесін тазартып, 192 тонна күл-қоқыс шығаруға атсалысты. Бұған қала тазалығына жауапты «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігінен 500 жұмысшы араласып, орталық көшелердегі арық жүйелерін тазартуға, бағаналарды сырлап, қураған ағаштарды аласартуға күш салды. Иә, бұл тұрғындар үшін жаңалық емес. Себебі қала тазалауға шығатын мекеменің техникасы мен жұмысшыларын күнде көріп жүрміз. Дейтұрғанмен «қала тазалығы – жан тазалығы» деп те марқайып айта алмаймыз. Себебі қаланың шеткі аумақтарын қоспағанда, мөлтек аудандар мен орталық көшелердің бойындағы жағдай да көңіл көншітпей тұр. Бұл шаруалардың барлығы көше тазалығын сақтауға жауапты мекеменің жауапсыздығынан дейміз бе? Осы ретте біз Абай даңғылына барып, бағаналарды сырлауды бастаған «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің жұмысшы тобымен және серіктестік директорының орынбасары Айдын Бейсековпен кездескен едік.

– Қаланың тазалығына жауапты мекеме болған соң, көктем шыққанда жұмыс екі есе артады. Көктемгі екі айлықта көшелерді тазалаудан бөлек, абаттандыру жұмыстарына кірісіп, тал-дарақтар отырғызамыз. Гүл аршып, «ротор» деп аталатын суғару құралын дайындаймыз, арықтарды тазалауға араласамыз, бұл тек негізгі жұмыстар ғана. «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі жайында айтылғанда, ең әуелі көше тазалығы ойға оралатыны рас. Бұл бағытта бізде жұмыс жыл сайын жүйелі жүргізіледі. Бірақ кейде еңбектің аяқасты болған тұстары да аз емес. Мәселен, мөлтек аудандарда тұрғындар қоқыс контейнерлеріне барғанның өзінде, тағы бір қадам жасауға ерініп, тұрмыстық қатты қалдықтарды сыртқа тастайды. Бұл жұмысты қиындатады. Себебі қалада осындай жағдай күнделікті қайталанады. Бір өкініштісі, жұмысшылардың соған еті үйреніп кеткен. Желі белсенділері қала көшелерінде, тұрғын үйлердің маңында шашылған қоқыстарды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жатады. Кейде біз сол жерге барып, мән-жайды анықтап қарасақ, қоқыс контейнерлері тіпті толмаған болып шығады. Сонда долы желдің салдарынан тұрғындардың өздері тастаған қатты қалдықтары өздерінің ауласына ұшқан дегеннен басқа ойға ештеңе келмейді. Шындығы сол, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» серіктестігі директорының орынбасары Айдын Жарқынбекұлы.

– Біз күнделікті демалыссыз жұмыс істейміз. Менің тобымда жұмыспен қамту орталығы және келісімшарт бойынша келген 300-ден астам жұмысшы бар. Олар күнделікті қаланың орталық көшелері мен мөлтек аудандарды тазалауға шығады. Мен тек тобымдағыларды ғана айтайын. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы жақсы деп айта алмаймыз. Құрамда егде жастағы және ұдайы бір қарқынмен тірлік істеуге қауқары жетпейтіндер бар. Әрине, біз барлық жұмысшылардың жағдайын түсіне отырып, мүмкіндігіне қарай тапсырма береміз. Егер біздің еңбек еленсе, қала көшелері таза болар еді. Неге десеңіздер, жұмысшылар өз ісіне жауапкершілікпен қарап, таңнан кешке дейін қоқыспен «күресуде». Олар 65 800 теңге жалақы алады. Шеткі аумақтарды айтпағанда, қала орталықтарында көше бойына қоқыс тастап, өз жұмысымен кете баратындар көп. Тіпті тазалап жатқан жерде біздің көзімізше темекісін тастай салатындарды да көріп жүрміз. Таң ата жүріп өткен көшелер түстен кейін-ақ қаз қалпына түседі. Желтоқсан, Комратов, Қойгелді көшелеріндегі жер үйдің тұрғындары қоқысты газонға төгеді. Мұны күнделікті қоқыс тазалап жүрген бізден артық ешкім білмейді. Жетесіздер өзінің көмескі қылығына арланбайды да. Солардың артын аналарымыз иіліп жиып жүреді. Мұны түсінетін жандар көп болса дейсің. Сол үшін жастарды қоқыс тастамауға шақыратын тәрбиелік мәні зор бейнероликтер түсіріліп, акциялар көбірек ұйымдастырылса, бізге үлкен көмек болар еді, – дейді «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС жол тазалығын сақтау учаскесінің басшысы Сәуле Бугибаев.

Иә, «Тазалық тазалаған жерде емес, тазалықты сақтаған жерде болады» деген сөз тауып айтылғанына тағы бір көз жеткіздік. Бұл жайында тұрғындар не дейді?

Болат Базылбеков,
қала тұрғыны:

– Қаламыз жыл өткен сайын көркейіп келеді. Бұған әрқайсысымыз өз үлесімізді қосуымыз керек деп есептеймін. Қазір білмеймін, бұрын біз бала кезде мектепте ағаш отырғызып, мектеп ауласын күл-қоқыстан тазартатынбыз. Қазір сол тәлім-тәрбие жетесіздерге жетпеген бе деп таңырқайтын болдық. Қаланың шеткі аумақтарында, мәселен, «Тайвань» алқабының тұрғындары 10-шы мөлтек аудандағы қоқыс контейнерлерін шарасынан асқанша толтырып кететінін естідік. Ал Асқаров көшесінің соңында жер үйде тұратын азаматтардың көлікпен келіп, қоқыс тастағанын көзбен көрдік. Көктем келді, қала көркейе түсті. Әсем қаламызды таза ұстау үшін тұрғындарды көрінген жерге қоқыс тастамауға, ауланы таза ұстауға шақырамын.

Әрине, белгіленбеген жерге қоқыс тастап, кейін ескертуді елеп, қателігін түсінетін азаматтар баршылық. Бірақ әдетке айналған ісін әсте қайталайтындар да жоқ емес. Мұндай азаматтарға шара қолданылмаса, шектен шыққандар тіпті көбейер ме еді, кім білсін?! Осы ретте біз қалалық полиция басқармасына сауал жолдап, қоқыс тастағандарға қандай жаза қолданылатын білген едік.

Нұржан Керебаев,
Тараз қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы:

– Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің сақшылары жыл басынан қала көшелері мен қоғамдық жерлерді бейберекет ластаудың және белгіленбеген жерге қоқыс тастаудың алдын алуда ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 1237 дерек анықтады. Соның ішінде 6 дерек бойынша 211482,5 теңге айыппұл салынды. Қала әкімі қаңтар айынан бастап Тараз қаласында абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау жөніндегі көктемгі екі айлығын жариялағаннан бері басқармада жұмыс қарқынды жүргізіле бастады. Нәтижесінде қала аумағындағы белгіленбеген орындарға заңсыз тұрмыстық немесе басқа да қоқыс тастаған 550 құқық бұзушы анықталған. Жергілікті полиция қызметкерлерімен құқық бұзғандарға қатысты қолданыстағы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес шаралар қабылдануда. Осы баптың талаптары бойынша құқық бұзған тұлғаларға арнайы есептік бланкі арқылы ескерту немесе 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады деп көрсетілген. Бұл бағыттағы жұмыстарға Тараз қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі жыл сайын ерекше мән беріп келеді.

Рас, қоқыс тастап, қаланы ластаған азаматтар заң талабы бойынша айыппұл өтейді. Бірақ, бір өкініштісі, осындай деректердің бірі анықталса, бірі анықталмайды. Неге десеңіз, қала көшелерінде бейнебақылау камералары мен полиция қызметкерлері жоқ аумақты ластайтындар біз ойлағаннан да көп. Күнделікті көзбен көріп жүрген жағдайға тіпті дәлелдің де керегі жоқ. Ендігі кезекте қаланың тазалығы өзімізге байланысты дегеннен артық ештеңе айта алмаймыз. Себебі қаланы таза ұстауға атсалысып, жол жиегіне қоқыс тастайтындарды қоғам болып жөнге салу ең әуелі өзіміз үшін маңызды.
Жыл сайын елімізде шамамен 5-6 миллион тоннаға дейін тұрмыстық қалдық шығарылады екен. Қалаларды қоспағанда, аудан мен ауыл сыртындағы жазық далада шашылып жатқан қоқыстар да жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Қаладан шығарылған қоқыстар талай жылдан бері Жамбыл ауданына қарасты полигонға төгілуде. Полигонның сырты қоршалған және қоқыс төгетін орында шұңқыр қазылған. Бұған дейін аталмыш полигонға шетелден бірнеше рет қоқыс өңдейтін зауыт салуды көздеп келгендер болған екен. Бірақ барлығының айтатыны бір: қоқыс аз әрі сұрыпталмаған. Былтыр тамыз айында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ел Үкіметі Таразды қоқыс өртейтін зауыттардың құрылысы басталатын алты қаланың тізіміне енгізгені туралы айтылған-ды. Енді осы жұмыстар биыл басталып, жыл соңына дейін аяқталса, бұл бір біткен іс болғалы тұр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.