Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кәмелетке толмағандардың тәрбиесі – басты назарда

0 31

Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, олардың қараусыз және панасыз қалуының алдын алу, олардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган болып табылады.

Комиссия Ережесіне сәйкес құрамға жергілікті атқарушы органдары, мәслихат депутаттары, денсаулық сақтау саласы, құқық қорғау органдары және қоғамдық қор мен ата-аналар комитеті енгізілген. Ағымдағы жылдың басынан 7 комиссия отырысы өткізілді, оның үшеуі көшпелі, үшеуі кезекті, біреуі кезектен тыс отырыс. Сәйкесінше 7 хаттама толтырылып, 26 комиссия қаулысы шықты.

Комиссия отырысы барысында 41 жасөспірімге қатысты материал қаралды, оның ішінде: 8 кәмелетке толмаған ұзақ уақыт бойы сабаққа бармай, оқудан жалтарған және девиантты мінез-құлық әрекеттері үшін жасөспірімдерді арнаулы мектепке орналастыруға комиссияның тиісті қаулылары шығып, істері сотқа жолданды; 1 оқушы отбасы жағдайына байланысты, 2 оқушы жүкті болуына байланысты кешкі мектепке ауыс-тырылды; 4 ата-ананы баланың тәрбиесі мен білім алуы бойынша ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін ата-ана құқығынан айыру және шектеу туралы қаулысы шығып, сотқа жолданды; 1 кәмелетке толмағанға тәртібін түзеу үшін сынақ мерзімі берілді; 2 кәмелетке толмаған оқумен қамтылды; 5 ата-анаға қатысты сынақ мерзімі берілді; 2 ата-анаға Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығында ем алуына байланысты кәмелетке толмаған балалары «Қамқор жүрек» қорына уақытша, аналарының денсаулығы жақсарғанға дейін орналастырылды; 1 ата-анаға асыраушысынан айырылуына байланысты көмек алу үшін кәмелетке толмаған балалары Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырылды, 3 ата-ана құжаттандыру бойынша құқықтық кеңес беру ұсынылды.

16.03.2021 жылы өткізілген комиссияның №6 кезекті отырысы ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балаларды құқықтық қорғау басқармасының бас сарапшысы Раушан Асқатқызы Козкеева мен Жамбыл облысы әкімдігінің кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының хатшысы Бақыт Сауқымбекқызы Жақсылықованың бейнеконференц байланыс арқылы қатысуымен өткізілді. Күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі «Кәмелетке толмағандар арасындағы өзіне-өзі қол жұмсаудың және отбасында тұрмыстық қорлық-зомбылықты алдын алу» және «Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу» туралы.

Жамбыл облысы әкімдігінің Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Есеев Саясат Керімбекұлы Тараз қаласы бойынша өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу профилактикасы бойынша өз баяндамасында 2021 жылдың 2 айында мектеп оқушылары арасында өзіне-өзі қол жұмсауға ұмтылған 1 оқиға тіркелгендігін айтты.

Карантиндік жағдайда балалармен жеке жұмыс жүргізу қиындық туғызуына байланысты қиын жағдайға тап болған балаларды анықтап, оларға қатысты жасалатын қылмыстың алдын алу мақсатында білім бөлімі тарапынан «Бақылаудағы бала» жобасы енгізілді.

Тараз қаласы Полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Мұсаева Анар Бекзатқызы Тараз қаласы бойынша отбасындағы әйелдерге және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы баяндамасын оқыды. Өткен жылдың қорытындысымен отбасы тұрмыстық салада әйелдерге қатысты 6 қылмыс және кәмелетке толмағандарға қатысты 7 қылмыс орын алғандығын атап өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуының бірнеше себептерін атады: отбасындағы құндылықтардың төмендеуі, маскүнемдік, жұмыссыздық, күнкөріс деңгейінің төмен болуы, қызғаныш.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлерімен 50-ге жуық түсіндіру-профилактикалық сұхбаттары, жоғары және орта арнайы оқу орындарында, орта білім беру мектептерінде, мемлекеттік ұйымдарда дәрістер өткізіліп, сауалнама жүргізіліп, жадынамалар, буклеттер таратылған. Балалар қылмыстылығы және балалар мен әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар, зорлық-зомбылық, оның ішінде сексуалдық сипаттағы, сондай-ақ отбасындағы тұрмыстық саладағы қылмыстар Тараз қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі басшылығының ерекше бақылауында екендігін атап өтті.

Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Юсупова Шакизат Шаяхметқызы «Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық қол сұғушылық қылмыстарды және құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында баяндамасын оқыды. 2021 жылдың 2 ай қорытындысымен кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 5 қылмыс дерегі тіркелген, ал 2020 ж. 2 ай қорытындысымен 6 қылмыс дерегі тіркелгендігін айтты. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша өз ұсыныстарын айтты:

  • жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған күндізгі уақытта демалыс орындарында, атап айтқанда, бассейндерде, базар аумақтарында, толық салынып бітпеген ғимараттарды және саябақтарды, ал кешкі мезгілде көшелерді және ойын-сауық орталықтарын тексере отырып, рейдтік іс-шараларды күшейту;
  • ата-аналарға өздерінің балаларына қадағалауын күшейту сұрағы бойынша облыс әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясымен, білім басқармасы, төтенше жағдайлар, прокуратура қызметкерлерімен бірлесіп, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін тарта отырып, түсіндіру жұмыстарын ұдайы ұйымдастыру. Осындай бірге ұйымдасқан жұмыстың арқасында ғана балаларға қатысты қылмыстардың кемуіне қол жеткізе алатындығын айтты.
    Комиссия отырысы кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша бірлесе жұмыс жүргізуде және осы бағыттағы жұмыстарды ары қарай жандандырып жалғастыратын болады.

Алмас Садубаев,
Тараз қаласы әкімінің орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.