Қалалық қоғамдық-саяси газет

Компьютер баланың досы емес

0 16

Дүние есігін ашқан бала есін білер-білмес түрлі қызыл-жасыл ойыншықтан бұрын қолын ең алдымен гаджет, телефон, компьютерге созады. Оңы мен солын тани қоймаған жеткіншектің заманауи құрылғыға құмарлығы бүгінде жан біткенді алаңдатып отыр. Себебі бұл құрылғы бала денсаулығына қауіпті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Адам қиялын дамытып, ойындағысын іске асырып, дегеніне жету жолында компьютердің көмегі өте көп. Мәселен, қажетті мәтін тере қалсаңыз немесе әлдебір кітап оқу керек болса, кітапханаға бармай-ақ, әлдеқайда жол жүріп әуре болмай-ақ, электронды нұсқасын ашып, оқи саласыз. Әртүрлі есеп шығару үшін де таптырмас құрал. Сонымен қатар көлемді мәліметтерді сақтап, фото, бейнероликтерді әрлеп, көркемдеу де осы компьютердің арқасында іске асады. Көңіл көтеру мақсатында қолдансаңыз, тіпті іш пыстырмайды. Дәлірек айтқанда, компьютер адам өмірінің бір бөлшегіне айналып отырғаны рас. Қажетті бағдарламалармен жабдықталған компьютер түрлі көңіл көтеру ұяшығына айналғаны сонша, кино көріп, музыка тыңдап, тіпті үйіңізден аттап баспай-ақ, ойын-сауық орталығында отырғандай демалуыңызды қамтамасыз етеді. Дыбыс пен бейнелерді өңдеудің керемет мүмкіндіктерін береді.


Бір орында тапжылмай отырып жұмысыңды бітіруге қолайлы болғанымен, әлі де сүйегі қатпаған, ой-өрісі толыққанды толыспаған балалардың компьютерге құмарлығы тәуелділікке ұласып, заманауи құрылғыға үңілмесе әлдене жетіспей тұрғандай күй кешуі, тапжылмай, қозғалыссыз отыруы түрлі дертке душар етуде. Баланың еркелігін көтеріп, оны уансын деп қолына гаджет беріп қоятын үлкендер, бәлкім, бұл мәселенің зиянын толыққанды сезінбеген болар. Бұл ретте баланың өзімен-өзі, ешкімнің мазасын алмай тыныш қана ойын ойнағаны, бәлкім, әрдеңені ізденгені, ой-өрісін дамытатын түрлі бағдарлама арқылы қажетімен шұғылданғаны ата-ананың көңілін жайландыратын шығар. Дегенмен бала түрлі дертке ұшырауы ықтимал екенін біле ме екен ата-аналар? Компьютерге ұзақ үңіліп отырғандықтан, ең алдымен жанарға зақым келетіні айдан анық. Осы орайда Жамбыл облыстық офтальмология орталығына бас сұғып, компьютердің бала көзіне зияны туралы сұрақты алға тартқан едік.

– Бүгінде балалар бір жасқа толмай жатып компьютерге құмар. Кейбірі тәуелді болып қалған десек те болады. Бала көзінің дертке шалдығуы – көп уақыт бойы мониторға қарап отырғанының салдары. Бұл көздің құрғауына алып келеді. Бүгінде көздің құрғауы ең үлкен мәселеге айналды. Балдырғандар арасында көзілдірік кию, миопия дерті асқынып, жылдан-жылға шамадан тыс көбейіп келеді. Балалар компьютерде отырудың режимін сақтамағандықтан, осындай ауруға душар болады. Көз құрғауының алдын алатын арнайы тамшылар бар, соларды дер кезінде пайдалану керектігін ескеру керек. Көзге арналған түрлі жаттығуларды жасауды әдетке айналдырып, дамылсыз жасап тұрған маңызды. Көз ауруынан, жанардың нашар көруінен баланы сақтандырудың бірден-бір жолы – жасөспірімге компьютердің зиян екенін ескертіп отыру. Және содан сақтану үшін монитордың алдында ұзақ отыруға болмайтынын бала да өз түйсігімен сезінсе дейсің. Ата-ана балаларды компьютерге ұзақ отырудан тежеп, көз ауруын болдырмаудың алдын алса болар еді, – деді облыстық офтальмология орталығының тәуліктік бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Мукушев.

Дерттің ең қиыны өз қолыңмен жасалғаны болса керек-ті. Оның ішінде балалардың компьютерге байланып өсуі болашақ үшін жасалған қастандықпен тең. Ал қызығы мен шыжығы басым мониторға тәуелділіктен келген дерттің бойға тарағаны көзге көрінбейді.

Әр шаңырақтың үкілеген үміті еркетотайлардың еркін жетілуі, ешқандай дерттен жапа шекпей өсуі, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру – үлкендердің міндеті. Енді жетіліп келе жатқан талшыбықтай иілгіш бала ағзасына компьютердің көзге кері әсерінен өзге қандай қаупі бар? Мұны әрбір ата-ананың біле жүргені абзал. Осы сұрақ төңірегінде Тараз қаласындағы «Zhanuya» емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Нұрбану Бердімбетовамен тілдескен едік.
– Компьютермен ойнау немесе жұмыс істеу барысында түрлі дертке душар болу қаупі бар. Мәселен, адам қолымен тышқанды ары-бері қозғалту мен жылдам әрекеттер атқару кезінде саусақ буындарына күш түседі, шаршайды. Содан саусақ буындарының аурулары пайда болады. Екі шынтақты алға қарай созған кезде кеуде қуысының ауаны жұту қызметі қиындайды. Еркін тыныстамаған баланың тыныс алу жолдарында қиындық тууы мүмкін. Компьютердің алдында тапжылмай ұзақ отырған баланың арқа бұлшық еттері мен мойын бұлшық еттері шаршағандықтан, басы ауырады. Ұзақ уақыт бойы отырғанда, иық пен еңсені тік ұстамау мен түзу отырмаудың соңы остеохондроз деген омыртқа ауруына әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар компьютердегі ойындардың арасында балалардың психикасына кері әсер ететіндері жетерлік. Балаларға өлім, атыс-шабыс, жаман қасиеттерді насихаттайтын немесе агрессияға толы ойындарды ойнатуға болмайды, – деді Нұрбану Мейрамбекқызы.
Зерттеуіміз бойынша мамандардың айтуына жүгінсек, компьютерлік технология ересек адамдардың миына арналып жасалғанымен, үлкендердің өзі шектен тыс қолданса, зиян болып табылады. Ал балалардың ой-өрісі мен санасы енді ғана қалыптасып келе жатқандықтан, виртуалды және шынайы әлемді бірдей тани алмайды.Үш жасқа дейінгі балалар иіскеу, ұстау, тану сезімдерін енді дамытып келе жатады. Алты жасқа дейін бала іс-қимылымен әртүрлі заттармен жұмыс істеуді үйренеді. Ал алты жастан кейін бала зеріге бастайды екен. Әсіресе, тым кішкентай баланың компьютер ойындарын шектеу керек. Бір күнде 15 минуттан бір рет немесе аптасына 2-3 рет әдеттегіден ұзағырақ 30 минуттан ғана ойнауға болады.

Бұрынғы балалар далада доп қуып, жасырынбақ, қуаласпақ ойнап өссе, бүгінгілердің күні телефонға телміріп, компьютердің алдында тапжылмай отырумен өтіп жатыр. Кең даланың төсінде таза ауаны жұтып, секіріп, алысып, асыр салып өскен баланың жетілуі, бойының өсуі, бұлшық еттерінің қатаюы бір орында қозғалыссыз қадалып отыратын баладан, әрине, көш ілгері. Бала неғұрлым қозғалыста болса, соғұрлым жақсы жетіледі емес пе?! Осы жайлы және басқа да жалпы компьютерлік ойындар туралы қалада туып өскен жеткіншектер не ойлайды? Олар телефонның зиян екенін біледі ме? Әлде біле тұра тәуелділік белең алғандықтан, күресуге дәрменсіз бе? Осындай сұрақтарды жасөспірімдерге қойып көрген едік.

Балғындардың көбі саналы түрде телефон, смартфон, ноутбук, компьютер сынды дүниелерде күнұзақ отырудың пайдасынан зияны көп екенін білетін болып шықты. Олардың кейбірі ата-аналарының шектеуімен әлеуметтік желіге ауық-ауық кіріп тұратындарын жеткізгенімен, мүлде бас тартпайды. Қайта зиян екенін біле тұра сайттарға кіріп, ойын ойнап, түрлі бағдарламалар көруді ұнататындығын жасырмайтындар көптеп кездесті. Осы ретте мектеп қабырғасында білім алып жүрген бірнеше жасөспірімге сұрақ қойып, солардың арасынан ең қызықты һәм мағыналы деген жауапты алға тартып, осында жариялауды жөн көрдік.

– Пәтерде тұратын қалалық балаларда қимыл-қозғалыс аз. Мен екі жыл көлемінде таңғы 6-да тұруды өзім үшін әдетке айналдырдым. Бұл уақытта түрлі жаттығулар жасаймын. Одан кейін кітап оқимын. Үй тапсырмаларын орындап, қайталап шығамын. Тіл үйренемін. Өз басым әлеуметтік желі арқылы компьютер мен ұялы телефонның адам организміне зиян екенін кішкентайымнан естіп те, өзім ізденіп, оқып, біліп те алғанмын. Сондықтан уақытымды әлеуметтік желіге көп аудармаймын. Бұл дегенім мен «WhatsApp», «Instagram», «Tik-Tok» желілеріне қызықпаймын деген сөз емес. Бұл желілерге мен де кіремін. Бірақ шектеулі уақыт арнаймын. Одан да пайдалы нәрсемен айналысқаным маңызды деп ойлағандықтан осылай жасаймын, – дейді И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясының оқушысы Айзере Ерен.

Дәл осы сұраққа өз ойын Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының 9-сынып оқушысы Әйгерім Бекжан да білдірген болатын.
– Көзіме зақым келетінін білгендіктен, телефон мен компьютердің алдында ұзақ қадалып отырып алуға қорқамын. Анам ұстаз болғандықтан, біздің әлеуметтік желіге кіруіміздің өз ережесі бар. Әрбір денсаулығына мән беретін адам өзіне шектеу қоюы тиіс деп ойлаймын. Телефонға қанша уақытпен кіргенімнің өзінде күніне 3 сағат отырады екенмін. Ал кейбір құрбыларымның таңнан кешке дейін телефоннан көз алмайтынын білемін, – деді Әйгерім.
Ал Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы Серік Бекасыл өз ойын былай білдірген еді.

– Мен кейде ойын ойнап немесе мультфильм көріп телефон алдында отырып қаламын. Балаларға арналған түрлі кино, мультфильмдер де қызықтырады. Достарыммен бірлесіп, бір-бірімізге айтып, көптеген ерекше бағдарламаларды көшіріп аламыз. Сурет, видео өңдейміз. Негізі компьютерден көп нәрсе үйренуге болады. Бірақ зиян екенін білемін. Сондықтан ата-анамның кеңесін тыңдап, желіге өз уақытымен кіремін, – деді Серік.

Ертеңіміз еңселі болсын десек, үкілі үмітімізді онлайндағы ортадан емес, ойын алаңындағы достарының арасынан іздейік. Бүгін мен болашақтың арасын виртуалдық әлеммен жалғамайық!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.