Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тазалыққа салғырт қарағандар айыппұл арқалайды

0 676

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте округтердегі тазалық мәселесі қаралып, бірқатар бас инспекторлардың жұмысы қатаң сынға алынды.

Қала әкімдігінің тазалыққа жауапты маманы Қанат Нұрлановтың сөзіне сүйенсек, округтерді зерделеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталып, бас инспекторлар тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілмеген.
– Тазалық – мәдениетіміздің көрінісі. Дегенмен, кейбір аумақтарда тазалық жұмыстары өте нашар. Атап айтсақ, №8 ықшам аудандағы 47-51 үйдің алдындағы ойын алаңшасы қараусыз қалған. Дәл сондай №11 ықшам аудандағы 18 үйдің алдындағы балалар ойын алаңшасын да қоқыс басқан.
Тұрмыстық қалдықтарды бейберекет тастаған тұрғындарға айыппұл салынатындығы туралы ескертпе баннерлер ілінгенімен, нәтиже өте нашар. Мәселен, қалада 127 учаскелік полицей округ инспекторларына бекітіліп беріліп, қоқыс тастағандарға айыппұл салынып жатқанымен, қоқысты көрінген жерге тастайтындар саны азаймауда. Сондай-ақ жабайы сауда орындарын анықтап жатқанымызбен оларға округ инспекторлары ешқандай шара қолданбауда. Мәселен, Ташкент көшесі, №178 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй иесі жол жиегін сауда орнына айналдырып алған.
Күзгі екі айлық аясында 7 қазан күні сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстарына 3924 адам қатысса, 31 мекеменің басшысы да, қызметкерлері де сенбілікке шықпады. Міне, осы ұжымдармен округ инпекторлары жіті жұмыс жүргізуі керек, – деді Қанат Райысұлы.

Баяндаманы мұқият тыңдаған қала әкімі тазалық жұмыстарына немқұрайды қараған округ инспекторларынан жеке-жеке жауап алды. Сондай-ақ белгіленген мерзімде барлық кемшіліктер ретке келмесе, жұмыстан босату жөнінде ұсыныс беруді салалық орынбасарына тапсырды.

Аппараттық кеңесте қаржының игерілуі, инвестиция тарту, жол мен тұрғын үй құрылысы сынды мәселелер де қаралып, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.