Соңғы аптада әлемдік қаржы нарығы күтпеген бағытқа бұрылды. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы геосаяси шие- леністің күшеюі инвесторлардың мінез-құлқын түбегейлі өзгертіп, активтердің дәстүрлі логикасын бұзды. Нәтижесінде мұнай қымбаттап, ал қауіпсіз актив саналатын алтын керісінше арзандады.
Орталық банктер бағытын өзгертті
Әлемдік ірі орталық банктер арзан ақша дәуірі аяқталғаны жайлы нарыққа нақты сигнал берді. АҚШ Федералдық резерв жүйесі 2026 жылы мөлшерлеме төмендейді деген үмітті сейілтті. Ал Еуропа мен Ұлыбритания керісінше пайыздық мөлшерлемелерді қайта көтеру мүмкіндігін қарастыруда.
Бұл шешімдер жаһандық нарықта несие- нің қымбат болып қала беретінін көрсетеді. Демек, инвесторлар үшін тәуекел өсіп, қаржы ресурстарының қолжетімділігі шектеледі.
Нарықтағы технологиядан геосаясатқа бұрылыс
Апта басында нарықта оптимистік көзқарас қалыптасқандай көрінді. nVidia компаниясы жаңа буын чипін таныстырып, технология секторында өсім байқалды. Алайда бұл ұзаққа созылмады.
Ирандағы оқиғалар мен Израильдің соққысы нарықтағы көңіл күйді күрт өзгертті. S&P 500 индексі төмендеп, инвесторлар ықтимал әскери сценарийлерді бағаға енгізе бастады. Қазір нарық технологиялық драйверлерден гөрі геосаяси тәуекелдерге тәуелді болып отыр.
Мұнай бағасы бұлқынды
Мұнай бағасы апта ішінде айтарлықтай өсті. Brent маркасы барреліне 110 АҚШ долларына жақындады.
Сарапшылардың пікірінше, негізгі тәуекел – Ормуз бұғазы. Егер бұл стратегиялық бағыт жабылса, мұнай бағасы 150 долларға дейін көтерілуі мүмкін. Сондықтан нарықтағы басты интрига – АҚШ-тың әрі қарайғы қадамы.
Алтын құны құлдырады
Әдетте соғыс қаупі артқанда алтын бағасы өседі. Алайда бұл жолы керісінше жағдай байқалды. Алтын бағасы шамамен 8 пайызға төмендеді.
Мұның басты себебі – өтімділік тапшылығы. Нарық құлдырағанда ірі инвес- торлар қолма-қол ақшаға мұқтаж болып, алтын активтерін жаппай сата бастады. Соның салдарынан алтынның бір унциясы шамамен 4 200 АҚШ долларына дейін төмендеді. Бұл – соңғы бірнеше айдағы ең төменгі деңгей. Күміс пен платина да осы үрдісті қайталап, шамамен 9 пайызға арзандады.
Жаһандық турбуленттілікке қарамастан, теңге нығаю динамикасын көрсетті. Апта басында доллар 483 теңге болса, апта соңында 480 теңгеге дейін түсті. Сарапшылар бұл үрдісті мерекелік күндер алдындағы ірі валюталық операциялармен және ішкі нарықтағы теңгеріммен байланыстырады.
Жергілікті қор нарығында мұнай-газ және энергетика секторлары көш бастады. Мұнай бағасының өсуі «ҚазМұнайГаз» акцияларын айтарлықтай көтеріп, жаңа рекордтарға жеткізді.
Ал банк және технология секторлары қысымға ұшырады. Kaspi.kz, Halyk Bank және басқа да ірі компаниялардың акциялары төмендеді.
Ең үлкен құлдырау авиация мен тау-кен секторында байқалды. «Air Astana» және «Kazatomprom» акциялары айтарлықтай арзандады. Бұл алтын бағасының төмендеуімен және жалпы нарықтағы пессимизммен байланысты.
Бес күндік бітімгершілік
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен бес күндік бітім жариялап, соғыс- ты уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол елдің энергетикалық нысандарына, соның ішінде электр станцияларына соққы жасауды уақытша кейінге қалдыру туралы тапсырма берген. Бұл жөнінде Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Президент соңғы екі күн ішінде тараптар арасында Таяу Шығыстағы әскери қақты- ғысты толық реттеуге бағытталған «өте жақсы әрі нәтижелі келіссөздер» өткенін атап өтті. Трамптың бұл мәлімдемесінен кейін әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта күрт төмендей бастады.
Келіссөздер Түркістанда өте ме?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, қақтығыстың ушығып бара жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, соғыс әбден шиеленісіп кетті және бұл текетірестен ешбір мемлекет пайда таппауда.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, бейбіт тұрғындарға зиян келтіретін әрекеттерді тоқтату қажеттігін айтты.
«Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау қажет», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның бұл жағдайда делдал болуға ұмтылмайтынын, алайда бейбіт диалогқа алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ өз жерімізді келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент мұндай кездесуді Түркістанда өткізу мүмкіндігін баса айтты.
P.S.
Әрине, бұл бастама қазақ халқының бейбіт ниетін білдіреді. Енді әскери қақтығысқа түскен елдер Президентіміздің ұсынысын қабылдай ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Алайда халқымыз қашанда ұлт пен ұлысқа бөлінбей, татулық пен теңдікті ту еткен ел ретінде өзін танытып келеді. Таяу Шығыстағы қақтығыс та бейбітшілік пен татулық тұрғысында шешіліп, соғыс өрті сөнеді деген сенім мол.
Саян ТІЛЕУЖАН