Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихқа тағзым – ұрпақ парызы

0 344

Байтақ даламыздың бауырына бүккен сыры жыл сайын тарих бедерінде айқындалып келеді. Елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жария болған күннен бастап өткенді өнеге тұтып, өшкенімізді жаңғырту жолында баянды бастамалар қолға алынғаны белгілі. Сол жобалардың бірегейі – Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы.

Думан Сахи

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш мақаланы қазақстандықтарға ұсыну сәтінде: «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі», – деген болатын. Мақалада халық санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынатыны және оның ауқымды жоба болатыны да баса айтылды. Осы сәттен бастап ел аумағында ауқымды жұмыстар жүргізілді. 2017 жылдың екінші жартысынан бастап Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары археологтарды, тарихшылар мен этнографтарды жұмылдыра отырып, жоғарыда аталған жобаны жасауға белсене кірісті.
Қазақстанның киелі жерлерінің ертеден келе жатқан тарихы бар. Діни сәулет ғимараттары, қалалар, елді мекендер, қорғандар, қорымдар, ғибадатханалар – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Оның ішінде діни сәулет ескерткіштері ерекше танымалдылыққа ие, олар осы күнге дейін жақсы сақталып, ел арасында құрметтеліп келеді. Ал Жамбыл облысынан аталған киелі жерлер картасына 35 нысан енгізілді. Қойнауы тарих, өткені өнеге болған әулиелі шаһардан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 8 бірдей киелі орын қосылды. ЮНЕСКО көлемінде қорғалып, өзінің сәулеттік сипатын айқындап тұрған, Тараз қаласының орталығында орналасқан киелі де еңселі ескерткіштердің бірі – Қарахан кесенесі. Тарихи нысан – ХІ ғасырда салынған сәулет өнерінің қайталанбас ескерткіші. Кесене төрт бұрышты, ортаңғы кең бөлмеден және үш жанама бөліктен тұрады. Төбесі киіз үй тәрізді күмбезбен жабылып, алдыңғы қос қапталына мұнаралар тұрғызылған. Құрылыс толықтай күйдірілген кесектен өрілген. Кіреберіс маңдайшасында «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген Құран сөздерімен өрнектелген. Кесененің алғашқы құрылысы қирап, ХХ ғасырдың басында қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Кесене Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Шах-Махмұд Бұғра Қарахан қабірінің басына тұрғызылған. Арыстанды бағындырған алып Қарахан аса данышпан, құдіретті патша болған. Заманында дүниені дүр сілкіндірген атақ-абыройға ие болған деседі. Мансапты билік пен шексіз байлығына қарамастан, қарапайым тұрмыс кешкен. Х ғасырдың екінші жартысында көшпелі түркі тайпаларының арасында Қарахан тұлғасы аңызға айналып, оларды бір тудың астына біріктіруге шақырған идеологиялық ұстаным ретінде көрініс табады. Нәтижесінде Жетісу, Шу, Талас өңірін қамтитын Қарахан мемлекеті орнайды. Қарахандықтар дәуірі кезінде елдің тұрмысы жақсарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған. Ел билеген Қараханды халқы мәртебелі қайраткер ретінде бағалап, әулие тұтып, оның құрметіне кесене салған. Кейін арада жүздеген жылдар өтіп, Тараз қаласы қирап, тіршіліксіз қалған кездің өзінде қала қирандыларының арасынан бой көрсетіп тұрған кесене жергілікті халықтың жадында қасиетті нысан ретінде қалған.
Қарахан жайлы аңыздардың дені Айша бибі тағдырымен байланысты. Сүйген сұлуы Айшадан қапыда айырылып қалған Қарахан оның басына кесене орнатады. Өзі де өмірден өтер шағында Айша бибінің кесенесі көрініп тұратындай етіп жерлеуді тапсырады.
Міне, содан бері мың жыл уақыт өтсе де, Қараханның ардақты есімі елінің абыройы, оның басына қойылған кесенесі ұрпақтан-ұрпаққа тарихи сәулет ескерткіші болып жетіп отыр. Аталмыш киелі нысан турасындағы тарихшы ғалымдардың түрлі пікірі оның ел тарихы үшін маңызы жоғары екенін айқындайды. Археолог, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы басшысының орынбасары Сауран Қалиев Қарахан кесенесінің жалпыұлттық сипаттағы тізімге енуі оның тарихи нысан ретіндегі абыройын биіктетіп, туристердің көптеп келіп жатқанын айтады.
– Қазақтың өткенін, тарихын, мәдениет және сәулет ескерткіштерін есепке алуды жалғастыру, оларды сақтап қалумен қатар қайта қалпына келтіру, айналасын көріктендіру жұмыстары тұрақты түрде жалғастырылып келеді. Ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламаның аясында Әулиеатаның көпшілік біле бермейтін, сыры тереңде жатқан тарихи орындары республикалық мәнге ие болды. Біздің тарих алдындағы, келер ұрпақ алдындағы борышымыз осылай өтеліп келе жатқандығын уақыт көрсетіп отыр, – дейді ғалым.
Өзінің Жамбыл облысына жасаған сапарларының бірінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы да киелі жерлердің картасын жасаудың тарихымыз үшін берері мол екенін алға тартқан болатын.
Тараз тарихымыздың алтын діңгегі екені күн сайын айтылып келеді. Тарихтың қайнары – ұлт, өткені тағылым болса, келешегіне ұрпақ жауапты. Аталмыш жоба осы мақсатта әзірленіп жатқанын ескерсек, төлқұжатымызға айналған тарихи, киелі нысандарды қорғау һәм дәріптеу, жадымызда жаңғырту бабалар алдындағы қасиетті борыш болып қала бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.