Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарифті көтергеннен түйткілдің түйіні тарқамайды

0 531

«Жамбыл су» мекемесіне ат басын бұрған қала әкімі Бақытжан Орынбеков кәсіпорынның жұмысымен танысып, техникаларының жағдайын көзбен көрді. Бұдан кейін шаһар басшысының қатысуымен кеңес отырысы өтіп, өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

1952 жылы құрылған кәсіпорында қазіргі таңда 588 адам жұмыс істеуде. Былтыр кәсіпорынның жалпы табыс көлемі 2 миллиард 395 миллион, шығыны 2 миллиард 392,9 миллион теңгені құраған. Осының нәтижесінде мекеме өткен жылды 2 миллион 100 мың теңге пайдамен аяқтаған. Сондай-ақ мекеме қызметкерлерінің әл-ауқатын көтеру бағытында да ілкімді істер қолға алынған. Мәселен, 2022 жылдың 1 қаңтарынан жұмысшылардың еңбекақысы 20 пайызға көтерілсе, биыл тағы 17 пайызға ұлғайған. Соған орай орташа еңбекақы 132 863 теңгеден 187 177 теңгеге жоғарылаған. Алайда мекемеде шешімін күткен мәселелер де аз емес. Айталық, кәсіпорындағы техникалардың 30 пайызының тозығы жеткен. Сондай-ақ су және кәріз құдықтарында орналасқан люктердің сынуы мен ұрлануы да өзекті мәселеге айналған. Нақтырақ айтсақ, былтыр 641 дана люк қолды болған. Ал 1 дана бетон люгін жасау үшін 6 280 теңге жұмсалатынын ескерсек, соның салдарынан мекеме қазынасынан 4 миллион теңге жұмсауға мәжбүр болып отыр. Алайда мұндай люктер уақытша болғандықтан, жергілікті тұрғындарға ыңғай- сыздық тудыратыны белгілі.
Кәсіпорынды алаңдатып отыр- ған тағы бір мәселе – стратегия- лық маңызы бар нысандардың қорғанысы Үкіметтің Қаулысына сәйкес, «ҚР ІІД мемлекеттік қорғалуға тиісті нысандары» тізіміне су қабылдағыш имараттарын енгізу үшін инженерлік-техникалық қорғаныс талаптары орындалуы керек. Дегенмен су қабылдағыштардың қоршауларымен басқа да қорғаныс нысандарына құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға және құрылыс жұмыстарына қаржыландыру көздері әлі күнге анықталмаған. Сонымен қатар санитарлық қорғау аймақтарының ІІ белдеу шекараларын заң- дастыру үшін тез арада жобалау жұмыстарын жасап, жергілікті атқарушы органдармен бекітілуге тиіс. Алайда бұл жұмыстардың кешеуілдеуіне байланысты №3 «Құмшағал» су қабылдағыш имараттарының маңындағы «Қызылабад» алқабында 173 гектар жер телімі заңдастырылып, 47 үй пайдалануға берілген. Соның салдарынан аймақтың шекарасын шегендеу тұралап қалған екен.
Өз кезегінде шаһар басшысы көтерілген мәселелердің аса өзекті екендігін баса айтты.
– Бұл халықты күні-түні ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр- ған аса маңызды стратегиялық нысан. Сол себепті ең бірінші осындағы мәселелер өз шешімін табуы керек. Әсіресе жаңа техникаларды сатып алып, жұмысшылардың жағдайын жасау басты назарда болуға тиіс. Бірақ солай екен деп тарифті тұрғындардың есебінен көтеруге жол беруге болмайды. Әрине, нарықтың да талабымен санасуымыз қажет. Дегенмен тариф құнын жоғарылатуды бюджеттік мекемелер мен заңды тұлғалар арқылы іске асырудың тетіктерін ойластыр- ған абзал, – деген Бақытжан Әмірбекұлы кәсіпорын ұжымына атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.
Жиын соңында қала әкімі жауапты тұғаларға тиісті тапсыр- малар жүктеді.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.