Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздық жас техниктер жарады

0 307

Таразда ҚР Білім және ғылым министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен республикалық техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың жарысы өтті. Әуе, зымыран, авто мен кеме құрастыру бағыттары бойынша өткен байқауға 180 бала қатысты.

Шараның ашылуына Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер қатысып, жас техниктерге сәттілік тіледі.
Республикамыздың қосымша білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері бақ сынаған жарыста Тараз қалалық техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері жоғары кәсіби шеберлік, төзімділік пен шыдамдылық танытты.
Авиаүлгілеу бағыты бойынша балалар кордтық-контурлық ұшақтың жартылай көшірмесінің үлгісін жасап, пилотаждың белгілі бір ұшу техникасын орындады. Бұл санатта тараздық Дмитрий Дзюбло «Красный барон» атты жұмысымен ерекшеленіп, І орын иеленді.
Сондай-ақ F-2-B класы бойынша сымды-пилотажды басқару үлгісімен жарысқа түскен Дмитрий Дзюбло республика бойынша үздік тұрған Шымкент қаласының қатысушысына аз ғана айырмашылықпен жол беріп, ІІ орынға табан тіреді. Дмитрийдің оқушы болғанына қарамастан, ұшақты жоғары деңгейде меңгергені республикадан келген қонақтарды таңдай қақтырды. Сонымен қатар ашық алаңдарда пилотаж көріністеріне арналған жеңіл ұшақ моделі – F-3-Р класы бойынша сынаққа түскен Давид Гуляк жоғары нәтиже көрсетіп, жеңімпаз атанды. Зымыран класы бойынша S-9 үлгісімен қатысқан Платон Кузьминнің моделі ауада ұзақ уақыт құламай, үздік нәтиже көрсетіп, І орынды жеңіп алды.
Кеме үлгілеу бағытында F-2-А, F-4-B кластары бойынша халықаралық «Навига» ережелеріне сай кеме модельдері жарысқа түсті. Бұл категорияның мақсаты – «Стенд» кеме үлгісі (жаңашылдық, суға төзімді материалдарды дұрыс таңдай алу, бояу эстетикасы) және кемені суда жүргізу мәнері бойынша 6 қақпаны бұзбай таза өтіп, максималды 100 балл жинау болатын. Тараздық техникалық шығармашылық орталығының командасы атынан жарысқа түскен Мұстафа Ғалымжанұлы жоғарыда аталған категориялар бойынша ІІ, ІІІ орындарға қол жеткізді. Сонымен қатар «MiniEcoExpert», «EcoExpert», «Team-Mini» номинацияларында Алижан Сапаралиев жоғары кәсіби көрсеткішпен жүлделі үш орынға да лайық деп танылды.
Автокөлік бағытындағы күрес те тартысқа толы болды. Онда қатысушылар РЦБ-10Э, Багги-10Э, Багги ДВС-1:8 автокөліктерін жылдамдықтары бойынша жарыстырды. Қатысушылар 1:32 (production), 1:24 (production) жартылай көшірме ұсақ автокөліктер үлгісімен «Dragster» техникасы бойынша өзара мықтыны анықтады. Жарыс нәтижесінде Данил Кочетков мәнерлеп жүргізуден РЦБ-10Э класында І орынды иеленді. Ал Дастан Сатынбек ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
Жалпы Техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері ауыз толтырып айтарлықтай жеңістерге қол жеткізді. Осылайша 5 мәрте І орын, 3 рет ІІ орын, 3 мәрте ІІІ орын иеленген тараздық жас техниктер жалпыкомандалық есепте көшбасшы атанды.

А.Тлемисова,
Техникалық шығармашылық орталығының әдістемелік бөлім меңгерушісі.
Г.Жамалова,
бұқаралық бөлім меңгерушісі.
Фото А.Қартабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.