Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлттық қолөнермен ұрпақ тәрбиеленеді

0 395

Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ата дәстүр – халықтық өнерді желісін үзбей, халқымыздың асыл мұрасы ретінде бағалап, оны көзіміздің қарашағындай сақтап, ілгері дамытып, өркендету – өнегелі іс.

Қазақ халқы өнерлі халық болғандықтан, өнерін жоғалтпай өзінің ісін, өмірін жалғастыратын шебер, өнерлі ұрпақ тәрбиелеп өсірген. Халқымыздың сарқылмас бай қазынасы, рухани мұрасы болып табылатын қазақ қолданбалы өнеріне деген алғашқы негізі, ұлттық мәдени құндылықтарға баулу керек. Қоршаған орта әсемдігін көру, сезіну, қабылдау қасиеттерін қалыптастыру, эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілетін жетілдіру, көркемдік қаракеттерді өз бетімен орындауға үйрету – осының белгісі.
Қазіргі жастарды еңбек тәрбиесіне баулу арқылы өз ұлтымыздың ұлттық қолөнеріне үйрету – оқу-тәрбие үрдісінің өзекті мәселелерінің бірі. Қолөнерге студенттерді баулу өз елін, жерін, халқын сүю, салт-дәстүрін бағалай білуге үйретеді. Қай халықтың болмасын қолөнері оның тарихынан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімен қатар өркендеп, дамиды. Қолөнерге баулу, шығармашылықпен ұштастырып білім беру, еңбек етуге баулумен қатар, ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрге тәрбиелеу – қазіргі заманның талабы. Қазақ қолөнері – көркем мәдениеттің бір бөлігі. Бұл өнер ежелгі дәуірден бастап бүгінгі күнге дейін тұрмыста қолданып келеді. Қазақтың ұлттық өнерімен таныстыру негізінде бала айналадағы дүниенің қимыл-қозғалыстарының алуан түрлі реңін түсінеді. Жастарды өнер туындыларымен бірге үнемі байланыста болуы рухани-өнегелік, эмоционалдық-сезімдік дамуының және шығармашылық мүмкіндіктерінің қалыптасуының негізгі тірегі болып келеді. Еңбек арқылы адамның денесі, көзқарасы, эстетикалық және ақыл-ой деңгейі дамып, жетіледі, еңбектің мәні және құндылығы арта түседі. Балалар мен жастардың еңбек тәрбиесі ежелден-ақ ата-ана парызы, бүкіл халық міндеті болды. Қолөнер бұйымдарын жасау барысында қазіргі жастарға берер тәлім-тәрбиесі, пайдасы өте мол, сонымен қатар эстетикалық тәрбие бере отырып, өз қолдарымен қажетті бұйымдар жасай білуге, шеберлікке қолөнер шығармашылықтарын дамытады. Осы мақсатта Жамбыл политехникалық жоғары колледж студенттеріне «Құдық құрақтың жасалу жолдары» атты шеберлік сағаттары өткізілді. Құрақ құрау өнері әйел адамды ысырап етуден тыйып, үнемдеуге үйретеді. Сабырлыққа, төзімділікке баулиды. Адам мінезіне тигізер пайдасы да зор. Адамдар қиялының ұшқырлығына қарай түрлі формада құрақ жасайды. Сол құрақтың көрінісіне атау береді. Жануарға да, гүлге де ұқсатып жасайды. Олардың атауы бөлек болғанымен, мағынасы бір. Астарында құрақтай құралып, бірге береке-бірлікте болсын деген таза ниет бар.

Айгүл Қадырова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің
шеберхана меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.