Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздың тарихи келбетін сақтау маңызды

0 325

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен Тараз қаласын дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуда қала әкімі Бақытжан Орынбеков бірқатар өзекті мәселелерге тоқталып, жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды баян етті.

Бүгінде қаланы ауызсумен қамту көрсеткіші 92 пайызды құрайды. Биыл 28 саяжай учаскесін сумен қамту жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Таразда 1 455 көше бар болса, оның 838-і асфальтталған. Ал 607 көшеге топырақты жол төселген. Бүгінгі таңда 240 көшені жөндеу жұмыстары басталып отыр.
Облыс орталығында барлығы тоғыз тасымалдаушы компания болса, 36 бағыт бойынша 400 автобус қатынауда. Жыл соңына дейін 50 автобус сатып алу жоспарланып отыр. Қала маңындағы аудандар мен алқаптарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету үшін тағы 12 бағыт қосу қажет.
Жиын барысында облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту және абаттандыру мәселелері де сөз болды.
– Жүйелілік пен біртұтас көзқарас – облыс орталығының сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстарын жүргізу кезінде басшылыққа алынуға тиіс критерийлер. Қала заманауи, жайлы, қауіпсіз болуы керек. Ал мұндай істі жаңа, креативті идеяларсыз атқару мүмкін емес. Бірақ, мұндағы біздің басты міндетіміз – Тараздың тарихи келбетін сақтау. Жаңа сәулеттік шешімдерді пайдалана отырып, Тараздың бірегей сәулеттік келбетін қалыптастырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу қажет, – деген облыс әкімі нақты тапсырмаларын берді.
Аймақ басшысы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қадағалаудың маңыздылығына да тоқталды. Сондай-ақ қала басшысына ойын алаңшаларына айрықша көңіл бөлуді жүктеді.
Әрине, талапты тапсырманың орындалғаны маңызды. Алайда кейінгі жылдары Тараз қаласы тотыдай түрленіп, ажары ашыла түскені ақиқат. Бұл ретте қала көлемінде ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқаны бұған делел бола алады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.