Городская общественно-политическая газета

Тараздықтардың мәселесі тыңдаусыз қалмайды

0 213

Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады.

Қабылдауға келген тұрғындар тұрғын үй, аулаларды абаттандыру, жолдарды асфальттау және «Ұлы дала» шағынауданындағы жол, жарық, көпір, қоғамдық көлік мәселесін көтерді. Сонымен қатар тұрғын үй алдындағы қураған талдарды кесу, қоқыс шығару, су құбырын жүргізу сынды әлеуметтік проблемаларды алға тартты.
Шаһар басшысы тұрғындардың сауалдарын мұқият тыңдап, заң аясында шешімін табатындығын айтты.
Жалпы қала әкімінің бүгінгі қабылдауына оннан аса азамат келді. Солардың бірі – Стариков көшесінің тұрғыны Марина Сагина.
– Қала әкімі апта сайын қабылдау жасайтынын білеміз. Сондықтан көшеміздегі мәселелерді шаһар басшысының өзіне тікелей айтайын деп арнайы келдім. Біз тұратын «Кірпіш зауыты» алқабындағы Стариков көшесінде жарық та, жол да жоқ. Қанша жылдан бері мәселеміз шешілмей келеді. Бүгін қала әкімі биыл көшемізге жарық орнатылатынын, келесі жылы жол жөндеу жұмыстары жүретінін айтып қуантты. Бұл жаңалық біздің көше тұрғындары үшін үлкен қуаныш, – деген тұрғын әкіммен бетпе-бет кездесулер алдағы уақытта көбірек ұйымдастырылса деген ұсынысын жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында бұқара мен билік арасында алтын көпір орнатудың маңыздылығына айрықша тоқталған еді.
«Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген Президент бұл бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыру қажеттігін жеткізген еді. Шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков те осы тұжырымдама аясында тұрғындардың өтініш-тілектеріне үнемі құлақ түріп келеді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің біразы бүгінде оң шешімін табуда. Осының нәтижесінде көптің көкейінде жүрген түйткілдің түйіні тарқатылып, бұқара мен биліктің арасында берік байланыс орнауда. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, бұл өз кезегінде облыс орталығының дамуына да оң серпін берері сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.