Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ұйымдастыруымен «Өркениеттер тоғысындағы Талас: тарих, таным, тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алдымен шара қонақтары өңірдің бай тарихи-мәдени мұраларын таныстыратын көрмелерді тамашалап, өлкеміздің көпқабатты өркениет іздерімен жіті танысты.
Одан кейін конференцияның ресми ашылуында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы Сейдмұхаммед Абдунаим де қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.
Басқосу барысында Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Орталық Азия бойынша кеңесшісі, т.ғ.д. Аширбек Муминов, Халықаралық Түркі академиясының бас сарапшысы Нұрдин Усеев, «Мәдени мұра» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Шыназ Алмазұлы, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері Толқын Жолдасов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Мадияр Елеуов, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Дөкей Талеев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, академик, т.ғ.д. Берекет Кәрібаев, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры, т.ғ.д. Асқар Абдуалы өз зерттеулерін ұсынып, Талас өңірінің тарихи-өркениеттік рөліне қатысты ғылыми тұжырымдармен және ұсыныстарымен бөлісті.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі модераторлық етіп, жиынның ғылыми-тәжірибелік деңгейін арттыра түсті.
Шара соңында қатысушылар Талас алқабының көне мәдениеттерді тоғыстырған ерекше аймақ екенін атап, болашақта тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, сақтау және халықаралық деңгейде таныту бағытында бірлескен бастамаларды жалғастыру жөнінде ортақ пікір білдірді.