Қалалық қоғамдық-саяси газет

Талай тарланды түлеткен «Тараз-Арена»

0 1  332

Елімізде дене шынықтыру мен спорт мемлекет саясатының ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Адам денсаулығы – мемлекеттің басты капиталы. Дені сау ұлт іргесі мықты мемлекеттің тірегі екендігі баршаға аян.

Соңғы жылдары Таразда еңселі спорт нысандары аз бой көтерген жоқ. Солардың бірі ретінде Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайын атауға болады.
5 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған нысанның қазығы 2011 жылы қағылған болатын. Сол жылдың қыркүйегінде кешен есігін айқара ашты.
Жалпы аумағы 7,7 гектарды алып жатқан кешеннің көлемі – 24 430 м2, спорт алаңшаларының ауданы – 17 709 м2. Мұнда 12 спорт залы бар. Бұл жерде қол күресі, жүзу, түрлі жаттығу, бокс, еркін және грек-рим күресі, үстел теннисі, таэквондо, дзюдо, спорттық би, тир атумен айналысуға болады. Сондай-ақ кешенде облыстық спорт басқармасына қарасты 13 мекеменің 1 047 спортшысы екі ауысымда тегін шұғылданады. Сонымен қатар кәсіпорын тарапынан спорттың 7 түрінен ақылы қызметтер көрсетіледі.


Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылдың 14 мамырындағы №178 бұйрығына сәйкес, 7 жасқа дейінгі балалар, спорт ардагерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы отбасының мектеп жасындағы балалары спорттық жайларды тегін пайдаланса, мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер 50 пайыздық жеңілдікке ие. Әрі спорт сарайы ұжымы тарапынан І, ІІ топтағы және туғаннан мүгедек балаларға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілгендерге де спорттық жайларды тегін пайдалануға мүмкіндіктер жасалып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қарашасынан бастап ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бассейн, тренажер залының барлық айлық абонементтеріне, «Сайкл групп» велотренажерының бір кіру талонына 50 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған.
Енді кешеннің ішіне үңіліп көрсек, мұнда әлемдік деңгейдегі арнайы төсенішпен жабдықталған спорт алаңшасы орналасқан. Алаңшада спорттың волейбол, баскетбол, гандбол, кіші футбол түрлерінен жаттығу және республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шаралар өткізу мүмкіндігі жасалған. Сонымен қатар француздық терафлекс материалы төселген спорттың волейбол, баскетбол түрлеріне арналған кіші спорттық алаңша да бар. Спорт залының бір ауысымда 48 адам қабылдауға мүмкіндігі бар екенін атап өту қажет. Жоғары деңгейдегі спорттық жарыстармен қатар, басқа да іс-шараларды тамашалау үшін спорт залы 1 215 көрермендер орнымен қамтамасыз етілген. Бұған қосымша 200-ге жуық жылжымалы орындар қоюға мүмкіндік бар. Өткізілетін жарыстар мен іс-шаралардың толық ақпаратын көрермендерге жеткізетін жоғары сапалы әмбебап табло және дыбыс ұлғайтқыш аппаратура орнатылған. Жаттығу мен жарыс кезінде спортшыларға арналған төрт киім ауыстыру және жуыну бөлмелері және қажетті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған әмбебап залы үздіксіз жұмыс істеуде. Жалпы көлемі 1188,5 м2 алып жатқан кіші спорт залына көз жібергенде, француздық терафлекс материалы төселген арнайы спорт алаңшасын байқайсыз. Алаңшада спорттың волейбол, баскетбол, гандбол, кіші футбол түрлерінен жаттығуға бір уақытта 24 адамды қамтитын әлеуеті қарастырылған. Сонымен қатар 420 көрерменге арналған орындармен қамтамасыз етілген жүзу бассейнін айта кеткеніміз жөн. Ол бір уақытта 100 адамға қызмет етеді. Аталған орталықта жалпы көлемі 196,40 м2 алып жатқан ауыр атлетика залы зілтемірді көтеруге арналған арнайы үш помост барлық құрал-жабдықтармен жарақталған. Келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын арнайы теледидар және музыкалық орталық орнатылып, әлемдік брендтер «PRECOR» (АҚШ), «TechnoGym» (Италия) спорттық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. «Тренажер» залына да келіп, шынығатын жандардың қарасы қалың.


Жалпы Жамбыл жері даңқты боксшылардың мекені екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Әлемдік додада қазақтың салмағы атанған 69 келіде сынға түсіп, туымызды желбіреткен Бақтияр Артаевты айтсақ та жеткілікті. Ал аталған аренада бір уақытта 25 адам жаттығуға мүмкіндігі бар арнайы бокс залы бар. Әулиеата жерінің азаматтары күрестен де халқаралық деңгейдегі ареналардан көрініп жүр. Оның жарқын мысалы ретінде Елдос Сметовті атауға болады. Ж.Үшкемпіров атындағы орталықта грек-рим және еркін күрес залында Елдостың ізбасарлары аянбай тер төгіп, жаттығуда. Онда спортшылардың жаттығу жасауына қажетті арнайы екі әлемдік стандартқа сай күрес кілемі төселген. Спортшылардың физикалық дайындығына арналған он швед стенкасы да орнатылған. Сонымен қатар спортшыларға арналған киім ауыстыру, жуынатын және жаттықтырушылар мен спорттық құрал-жабдықтарды сақтау бөлмесі де қарастырылған.
Мұнда келушілерге үстел теннисін ойнауға да мол мүмкіндік бар. Көлемі 190,0 м2 алып жатқан залда Германияда жасалған арнайы төрт теннис үстелі қойылған және физикалық дайындығына арналған қажетті төрт швед стенкасы орнатылған. Бұл жерде бір уақытта 30 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар таэквондо залы да жұмыс істейді. Мұнда әлемдік деңгейге сай екі даянг төселген.
Бұл орталыққа келіп, бимен айналысушыларға арналған спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, музыкалық сүйемелдеу аппаратурасы, айналар, жаттықтырушылар бөлмесі, киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер, құрал-жабдықтарды сақтау бөлмесімен қоса хореографиялық станок орнатылған. Спорттық би залында білікті мамандар қатысушыларға балдық биді, вальсті және заманауи билерді де үйретеді. Сонымен қатар ғимараттың артқы жағында жалпы аумағы 60х90 арнайы төсенішпен стадион, жеңіл атлетикалық жүгіру жолдары, ядро, диск лақтыру нүктелері және бес қоршалған ойын алаңшалары бар. Спорт сарайының жертөлесінде 110 адамға арналған кафе-бар да жұмыс істейді.
Мұнда спорт мекемелерімен қатар мемлекеттік қызметкерлер, облыстық волейбол федерациясы (ардагерлер), «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамы, «Тараз Құрылыс Дизайн», «Таң Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, облыстық, қалалық прокуратура қызметкерлері, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті, «Һибатулла Тарази» медресесінің оқушылары аптаның дүйсенбі-сенбі күндері аралықтарында бекітілген кесте бойынша спорттың кіші футбол, волейбол түрлерімен шұғылдануда. Бұл сарайға 2020 жылдың 23 желтоқсанында Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ халқының мақтанышы, жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді.
– Спорт сарайының өткізу қабілеттілігі сыртқы алаңдарды қосқанда 18 спорт түрімен 2 500 спортшы бір күнде шұғылдануға мүмкіндік алады деп жоспарланған. Ал бүгінгі таңда 6 000-ға жуық адам спорт сарайының ақылы және тегін қызметтерін пайдаланып, дене шынықтыру және спортпен айналысып отыр.
Кешен жаз мезгілінде сағат 07:00-23:00 аралығында, ал қыста сағат 08:00-23:00 аралығында ешқандай демалыс және мереке күндерінсіз жыл бойына жұмыс істейді. Қазіргі таңда спорт сарайында «Тараз волейбол клубы», «Айша бибі» су добы клубы», «Жамбыл бокс клубы», «Жекпе-жек спорт клубы», «Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы», «Жоғарғы спорттық жетістіктер мектебі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және «Олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, сонымен қатар №1, №2, №3, №4, №6, №7 Олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 1 500-ге жуық спортшысы спорттың волейбол, бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, таэквондо, армрестлинг, үстел теннисі, жүзу, су добы, заманауи бессайыс, оқ ату, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арбадағы спорттық биі, қазақ күресі, көгалдағы хоккей түрлерімен тегін жаттығуда. Ашылған күннен бастап спорт сарайында облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі спорт түрлерінен жарыстыр мен түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап айтсақ, 2014, 2015, 2016 жылдары «Евразия Барысы» халықаралық турнирі, 2016 жылы «Астана-Арланс» клубының бокстан кездесулері, қоғам кайраткері Д.А.Қонаевтың атындағы еркін күрестен дәстүрлі халықаралық турнир өтіп тұрады.
Қазақ халқы өзінің жетімі мен жесірін әрқашан қанатының астына алып қорғап отырған. Содан болар, дана халқымызда «Жетім көрсең, жебей жүр» деген асыл сөз қалған. Бүгінде спорт сарайының барлық спорттық жайларының есігі балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін әрқашан ашық. Бұл да спорт сарайы ұжымының қоғамға қосқан өзіндік үлесі. Спорт сарайының ақылы қызмет көрсететін спорттық жайларына арналған баға прейскуранты Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан бекітілген. Баға прейскурантында бассейн, тренажер залына бір рет келу – 1 000-1 500, бір айға арналған абонемент – 8 000-9 000, жартыжылдық абонемент – 50 000-60 000, бір жылдық абонемент 80 000-90 000 теңгені құрайды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 сәуірдегі №119 бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік спорттық тапсырыстың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру» әдістемесі бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы бағдарлама бойынша әр спорт түріне балаларын тегін қатыстыруға ата-аналардан бүгінгі таңда 570-ден аса өтініш түссе, соның 400-ге жуығы қабылданды, бұл жұмыс алдыңғы уақыттарда жалғасын таба береді, – дейді Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайының директоры Нұрлан Саурықов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VII шақырылымындағы Парламенттің 1-ші сессиясының ашылуында жаппай спортпен шұғылдану мен балалар спортына баса назар аудару керектігін айтқан еді. Осыған сәйкес, «Тараз-Арена» спорт сарайының басшылығы мен ұжымы, облыс және қала тұрғындары, балалар мен жасөспірімдердің жүйелі түрде спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасап келеді.
Елдос Сметов, Бейбіт Ыстыбаев сынды балуандар, жүзуден әлемнің алты дүркін чемпионы Зульфия Габидуллина, таэквондошы Руслан Жапаровтар шыныққан «Тараз-Аренаны» талай тарланды түлеткен ұстахана деп атауға толық негіз бар.
Талайды тамсандырған «Тараз-Арена» туралы сөз қозғағанда өткен жылы «Таразға тарту» жобасы аясында пайдалануға берілген «Гимнастика және үстел теннисі» кешенін айтпай кетуге болмас. «Тараз-Арена» спорт сарайының теңгеріміндегі кешенді «ТаразСтрой-2004» ЖШС-нің басшысы, атымтай жомарт азамат Мейірбек Жүнісбеков салып берген болатын. Жалпы сыйымдылығы 600 адамды құрайтын кешен үстел тенисі және көркем гинастикаға арналған екі үлкен спорт залынан тұрады.
– «Бірінші байлық – денсаулық» дейді халқымыз. Бүгінде шаһар тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысушылардың қатары күн санап артып келеді. Тараз төрінде гимнастика және үстел теннисі орталығы болса деген тұрғындардың тілегі бар еді. Сол тілек орындалды. Кең әрі жоғары деңгейде жабдықталған зал гимнастиканы тиісті деңгейде дамытуға және балаларды дене шынықтыру мен спортқа жаппай тартуға мүмкіндік береді. Осыған дейін өңірде 11 теннис корты бар болса, енді олардың қатарын екі гектар аумақты қамтитын, үш қабатты гимнастика және үстел теннисі орталығы толықтырды, – дейді Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайы директорының орынбасары Оразхан Аширбеков.
Қос бірдей орталық шаһар тұрғындарын спортқа баулып қана қоймай, қаланың шырайын кіргізіп, сәнін келтіріп тұр. Ендеше, алдағы уақытта білікті саңлақ спортшылар көптеп түлеп ұшады деген сенімдеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.