Қалалық қоғамдық-саяси газет

Табиғат пен тағдыр

0 227

Саналы ғұмырының отыз жылын қоғам қауіпсіздігіне арнаған полиция ардагері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Мақұлбек Жаналиев биыл жетпіс жасқа толды.

Халық жазушысы Шерхан Мұртаза «жетпіс деген сөз жет, піс деген екі сөзден құралады, яғни жетілген шағың, піскен кезің деген рас-ау» деген ой білдірген еді. Расында, қоғам қайраткері айтқандай, мерейтой иесі құрметті еңбек демалысында болса да, қоғамдық еңбектен тыс қалған емес. Жастар тәрбиесінің бел ортасында жүретін полиция ардагері қолы қалт етсе, жүректегі жазуларын ақ қағаз бетіне түсіретіні бар. Тума талант иесі болмаса да, ақындар ауылынан алыс емес-ті. Жетпістің желкенін керген Мақұлбек аға өмірден көрген-түйгендерін мерейлі шағында жинақ етіп жарықтандыруды жөн санапты. Жер жәннаты Жуалыда өмірген келген ардагердің шығармалар жинағы «Табиғат пен тағдыр» деп аталады. Жинақта Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаев, жазушы-драматург Шерхан Мұртазаға арналған жүрекжарды жырлары топтасқан. Одан өзге, кітап авторы жинақтағы естелік-эсселерінде, қай уақытта да жүрек түкпірінде жылы сезім толқындарын тудырған ағайын-туыс, бауырлары мен жетпіс жылдық ғұмыр жолында тағдыр кезіктірген жаны жайсаң, болмыс бітімі кесек тұғырластары мен көз көрген жақындарына жыр жолдарын жолдаған.
– Мың толғанып, жүз ойланып, өзімнің 70 жасқа толуыма байланысты өткен өмірімді, ес білген шақтан күні бүгінге дейінгі көргенімді қамтуға тырыстым. Ондағы ойым – туған ауылымды, ата-ана, аға-жеңге, дос-жарандарым мен бақилық болған таныстарымды еске түсіру болатын. Әрине, мен кәсіби ақын да, жазушы да емеспін, бірақ ұқсап баққым келеді, – дейді кітап авторы.
Газетіміздің тұрақты оқырманы Мақұлбек Жанәліұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілейміз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.