Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ізгілікке бастайтын байқау

0 147

Таразда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар агенттігі»АҚ, республикалық «КТК» телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің бірлескен «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауы жалғасуда.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ағымдағы жылдың 2 қыркүйегінде бастау алған ерекше байқаудың мақсаты – жомарт жүректі азаматтарды жұдырықтай жұмылдырып, қайырымдылық істерді көпке үлгі ету. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде кеңінен айтылды.
Жиынға Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова, Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, Жамбыл облысы саясаткер әйелдер клубының төрайымы Гүлсін Орынбаева және Жамбыл облысы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали қатысып, байқаудың бағдарламасымен таныстырды.
– «Қуанышты айтсаң көбейеді» дейді. Қуаныш дегеннің өзі жақсылық емес пе?! Жақсылықты көбірек жария етсек, әлемді жаулап алуға болады. Мен «қайырымдылық жасау үшін бай болу міндетті емес» деген қағиданы ұстанамын. Бұл қайырымдылық керуені де осыған үндейді, – деді Эльмира Иниятқызы.
Расында, елімізде қайырымды жандар өте көп. Бірақ олардың көбі өз істерін жария еткісі келмейді. Байқау сондай жандардың ісін халыққа насихаттауды көздейді. Биылғы байқауда ұшқыр қалам иелері саналатын журналистер де бақ сынамақ. Тілшілердің қалталы болуы міндетті емес, көмекке зәру адамдар туралы мақала әзірлеп, жұмысын тапсырса болғаны. Сондай-ақ талап бойынша байқауға әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге және өздерінің жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Ұйымдастырушылар қайырымды азаматтардың да құр қол қалмайтынын да айтып отыр. Олар «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында» және «Қайырымдылық тарихы» атты 5 аталым бойынша іріктеледі. Сайыс жеңімпаздарының есімдері ақпанның соңында, Алғыс айту күні мерекесінің қарсаңында белгілі болмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.