Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздікпен бірге түлеген әз-Наурыз

0 1  130

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатында ағынан жарылып, көкейдегі көп түйткілді сейілтті. Кең ауқымды әңгімеде елдегі барлық саланың жай-күйі қамтылып, батыл да әділ баға берілген болатын.

Аталған сұхбатта Президент әз-Наурызды естен шығармаған жөн дегенді айтты. Мемлекет жетекшісі мұндай ескертуді бірінші рет жасап отырған жоқ. Оның пікірінше, төл мерекеміз Наурыз дұрыс тойланғаннан кейін Қазақстан жаңара бастайды.
– Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз-Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін, – Қ.Тоқаев.
Өткен тарихқа көз жіберсек, тәуелсіздік қарсаңындағы саяси өліара кезеңінде республика халқы арасындағы белгілі бір әлеуметтік негізге ие болған бейресми ағымдар мен зиялылар қауымы халқымыздың сүйікті мейрамы Наурызбен қайта қауышып, ата салтын қайта жаңғыртуға қол жеткізді.
Бұл тәуелсіздікке таяп қалған 1988 жыл болатын. Осы орайда ұлық мерекеміздің арғы-бергі тарихына көз жүгіртер болсақ, онда қазақ шежірелерінде Наурыз бен Алаштың қатар айтылатындығына мән беруге болады. Ауызша тарих-шежіреде айтылатын бұл деректер өте маңызды. Себебі Наурыздың қазақ, Алаш болғалы бағзы замандардан келе жатқан үрдіс екендігі анық. Шәкәрім бұл орайда: «Ескі қазақта (ескі түрікте) жаңа жылдың наурыздағы алғашқы күнінің аты – Ұлыстың ұлы күні», – деп нақты айтады.
Ал Алаш ақиығы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Әнші» атты әңгімесінде былай деп жазады: «Наурызда қазақ шәкірттері сауық жасауға даярландық. Сауықты Наурыз мейрамына арнаған соң, қазақтың ескі ырымын да істегенбіз. Сарқасқа құрт көжені тайқазанға жүздіріп, бұқтырып қойғанбыз. Ішіне жылқының басын салып, екі-үш табақ ет асып, үлкендердің алдына тартпақ болғанбыз. Ойын басталмай-ақ, жұрт қымызға бас қойып жатыр. Жәлен сықылды мұғалімдер Наурызды түсіндіріп, жастардың талабын құттықтап, мінбеге шығып, сөз сөйлеп жатыр. Біреулер: «Ата-бабамыздың жоралғысын істейік», – деп төс қағысып жатыр. Сауығымыз сары ала болсын деп Әмірқанды да шақырып, ән салғызбақ болдық. Қазақ ішіндегі жиын, тойда айтқаны болмаса, Әмірқан театрда ән салып көрген жоқ екен. «Жұртқа тәжім етесің, домбыраңды көп күйлеп жалықтырмайсың, сыпайы жүріп тұрасың» деп тапсырғанбыз. Әмірқан оның бірін де істеген жоқ. Жайдағысындай іркілместен тайтаңдай басып барды да, намазды тізе басқан кісіше белуарына шейін еңкейді. Сөйтті де, шалқайып отыра кетті. Әмірқан шығысымен шапалақ шартылдады. Өзге шығушылардан Әмірқанның киімі де, түрі де, жүріс-тұрысы да жат еді; қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді». Бұл эпизодтағы Әмірқан қазақтың күміс көмей әншісі Әміре Қашаубаев екені бәрімізге белгілі болса керек. Дегенмен Әміре ағамыздың сахнадағы «презентациясының» Наурыз мерекесінде өткенін біріміз білсек, біріміз білмейтіндігіміз де анық. Сонымен қатар қазақтың еркіндігін қалаған Әміренің де, осы еркіндікті халқына алып бергісі келген Алаш қайраткері Жүсіпбектің де қызыл империя қуғынына ұшырап, тағдыр тәлкегіне түскені белгілі. Айтпағымыз, кеңестік билікке ұлттық салт-дәстүрдің, ұлттық реңктің, әсіресе ұлттық рухтың болуы ұнамады. Осындай пиғылдағыларды ұлтшыл-уклонистер ретінде қуғын-сүргінге ұшыратты.
1925 жылдың 1-7 желтоқсанында Қызылорда қаласында өткен РК(б)П-ның V өлкелік конференциясы КСРО-да социалистік құрылыстың жеңуі туралы ұстанымды қолдады, «Ауылды кеңестендіру» ұранын көтерді, басқару органдарын сайлады. Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Ф.Голощекин сайланды. 1926 жылдың 20 мамырында Қазақ АКСР ХКК мен ОАК-нің «Көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы шабындықтар мен егістік жерлерді жер үлесі жоқтарға уақытша бөліп беру туралы» Қаулысы шықты. Бұл байлардың экономикалық жағдайын әлсірету мақсатында жүргізілген іс-шара болатын. Дегенмен қуғын-сүргінге өз қолы өзіне жетіп, күнін көріп жүргендердің көпшілігі ұшырады. Жерінен, малынан айырылған қазақ босып кетті. Осындай жағдайда Наурыз мерекесін тойлау кеңестік өмір салтына жат делініп, қоғамдық өмірден аластатылғанына таңдануға да болмас. Себебі ұлт тарихын жоққа шығару, ұлттың өзін жоққа шығару болып шықты. Көп уақытқа дейін көшпелілерді өз бетімен дами алмайтын, жасампаздық қасиеттен атымен ада, жөн білмес, жүген тимес, қырып-жойғыш сойқан күш ретінде көрсету бел алып келді. Ол пікір көшпелілер мен отырықшылардың өмірлік-рухани мүдделерінің ешқашан бітіспейтін ежелгі кереғарлығы бар деген қисынға сүйенді. Соған иек артып, баяғыда патша генералдары Орталық Азия кеңістіктеріне қол сұғушылықты өркениетті әлемнің қауіпсіздігіне жасалып жатқан қамқорлық деп түсіндірген еді. Ал олардың өңін айналдырып алған мұрагерлері тұтас ұлттарды қаралай жойып жіберу жолдарындағы әсіреинтернационалистік көзбояушылықтарын тағы да сол адамзат пен өркениеттің сәулетті болашағына қам жеушілік деп дәлелдеп бақты. Сөйтіп, ресми саясатқа коммунизм деп аталатын қайдағы бір қияли елес арқау болып, қоғамның саяси-әлеуметтік және экономикалық мұраттарына қабыспайтын дәстүрлер мен көзқарастар тарихтан түп-түгел алынып тасталды. Ғылым тізгінін де өз қолында нықтап ұстаған билеуші партия күллі әлем тарихын барша адамзаттың баяғыдан бері социалистік және коммунистік қоғам құру жолында жүргізіп келе жатқан саналы күресінің шежіресі деп ұғындыруға күш салды. Ал мұндай жағдайда Наурыз мерекесін тойлау былай тұрсын, ол туралы ойлаудың өзі мүмкін болмады.
1933-34 жылдары жағдай қалпына келтірілгендей болғанымен, 1937-38-ші жылдардағы қуғын-сүргін қараша халықты тағы да қансыратып кетті. Алаш ардақтыларымен бірге олардың туыстары, достары, қызметтестері және әйтеуір осыларға қатысы бар барлық азаматтар тағдыр тәлкегіне түсті.
Бұдан кейін Ұлы Отан соғысында басқа ұлттармен бірге тізе қосып, фашистік басқыншыларды талқандауға өздерінің лайықты үлесін қосқан қазақтардың өз жерінде азшылыққа ұшырай бастағандығы анық болатын. Тың игеру науқанындағы демографиялық интервенция Наурыз мейрамынан гөрі «тың игерілген» жерлерде орыстың масленицасын көбірек тойлауға алып келгендігі анық.
«Мал өсірсең, шошқа өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген Хрущевтің заманында да, мүлгігендей болған Брежневтің тоқырау кезеңінде де халық Наурыз мерекесін тойлауға көп ынтыға қоймады. Бұған, біріншіден, қиыншылықты көп көрген қазақ халқының «енді аузым аққа тиді ме?» деген кезде көлденең кесірден сақтанғандығы әсер етсе, екіншіден, кеңестік империя қазанынан тоя тамақ ішіп жүрген басқарушы элитаның орыстанып кетуі де «үлкен септігін» тигізді. Дегенмен 1986 жылдың желтоқсанындағы қазақ жастарының метрополияның шешімдеріне қарсы бас көтеруі қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Қазақстанды басқаруға қорқып-үркіп келіскен Г.Колбин 1988-ші жылдарға қарай ұлы елді ендігі жерде өз ырқына көндіре алмасын анық сезген болатын. Сондықтан ел зиялыларының Наурызды жаңғыртайық деген ұсынысына келіскен еді. Көп ұзамай халық қаһарынан қорқып «қалтыраған» Г.Колбин кетіп тынып, халқымыз көтерген тәуелсіздік туы Наурыздың мерейін үстем еткендігі белгілі.
Дәл осындай тағдырлы тарихты бастан кешірген ұлық мереке биылдан бастап 10 күн бойы аталып өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы өткен айда оңтүстік астанада Ұлыстың ұлы күні аясында өткен мерекелік іс-шарада айтты. Оның айтуынша, жаңару мен жаңғырудың символына айналған Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіретінін атап өтіп, барлық азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар аударды.
– Бірлік пен ынтымақ – еліміздің басты құндылықтарының бірі. Біз жанашырлық, тілеулестік сияқты асыл қасиеттерді дәріптеуіміз қажет. Еліміздің бірлігі мен татулығы әрдайым бекем болса, елдігіміздің тұғыры мәңгі болады. Еліміздің алдында биік мақсат тұр. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет – бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын болашаққа сеніммен қарауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ел Президенті Наурызды ұлықтауды әрқашан естен шығарған емес. Мәселен, Мемлекет басшысы «Egemen Qazaqstan» газетінде шыққан «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады», – деп жазды. Олай болса, мерейің әрдайым үстем болсын, Наурыз мерекесін ұлық тұтқан ұлы халқым!

Нұрдәулет БАҚТОРАЗОВ,
тарих магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.