Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуекел аймағындағы мамандар

0 527

«104» жедел нөміріне хабарласып, көгілдір отыннан келген қауіптің алдын алу үшін көмек сұрайтын азаматтар күн санап көбеймесе азаяр емес. Бұл орайда газдан тиетін иістен қалай сақтану керек? Газ иісін сезгенде не істеп, қайда хабарласу қажет? Жер үйде, пәтерде газды пайдаланғанда қандай техникалық қауіпсіздік шарасын сақтау керек? Бірі білсе, бірі білмейтін сауалдардың жауабын іздеп газет журналисттері мамандықты өзгерту барысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл облыстық филиалының жұмысымен танысты.

Арайлым Шабденова Суреттерді түсірген Юрий ЕФИМОВ

Қазақстандық энергетика және өнеркәсіп нарығын зерттеу нәтижелері бойынша мамандар соңғы бес жылда газға қосылатын балабақшалардың, мектептер мен ауруханалардың, әлеуметтік және коммуналдық саланың басқа да объектілерінің саны 86,5 пайызға артты деген қорытындыға келген. Мамандардың пікірінше, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның ұлттық операторы соңғы жылдары Орталық Азияның газ саласының алдыңғы қатарлы жабдықтарынан қалыс қалмай, газ саласын республика экономикасына салымдар бойынша көшбасшылар қатарына шығарған. Бүгінде газ құбыры желілері заман талабына сай жаңа полиэтилен құбырларға ауыстырылған. Бұрын газ құбыры көше бойымен үй жағалай тартылып келсе, бүгінде барлығы жер астымен жүргізіліпті. 2011 жылы басталған жұмыстар толығымен аяқталып, жаңғырған жүйенің жемісін тұрғындар қазіргі таңда көріп отыр. Бұл облыстық филиалдың жеткен жетістіктерінің бірі. Жалпы облыстағы газ құбырының ұзындығы 4780 километрді құрайды. Оның Тараз қаласына тиесілісі 1510 километр. Сондай-ақ өңіріміздегі 10 ауданның 8-іне табиғи отын кіргізілген. Қазіргі таңда облыста көгілдір отынмен қамтылған аула саны 190541-ді құрап отыр. Бұдан бөлек табиғи отынды 314 өнеркісіп ошақтары мен 5411 коммуналдық кәсіпорындар тұтынуда.

– Қалада бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 2012-2016 жылдар аралығында 712 шаршы шақырым газ құбыры тартылса, 14660 жеке шкафтық пунктер орнатылып, 23233 абонент жаңартылған жүйеге қосылды. 14870,474 млн теңгелік жұмыс атқарылды. Ал 2017 жылы басталған екінші кезеңде 1-ші газ қуатты кешені іске қосылды. 1-ші және 5-ші газ нысандары толық салынып бітті. 82 км газ құбыры тартылып, 2596 жеке шкафтық пункт орнатылып, оған 3518 тұтынушы тартылды, – деді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Жамбыл өндірістік филиалының директорының бірінші орынбасары Асфат Олжабаев.

Жерүсті ескі болат газ құбырларын едәуір ұзақ мерзімге жарайтын жерасты полиэтилен құбырларға ауыстыру желілердің бүтіндігін және қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, қаланың бірегей архитектуралық келбетін сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Жоба «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы қарыздық және өз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Және газбен жабдықтау сызбасын газ берудің үш сатылы жүйесінен қос сатылыға өзгерту, автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жоспарлы түрде жүзеге асуда. Мамандардың айтуынша жаңа полиэтилен құбырлары табиғи-сейсмикалық апаттарға айтарлықтай төзімді екен. Жаңа жүйе тұтынушыларға да, сала мамандарына да тиімді. Газ құбырларының жарамдылық мерзімі 50 жылдан аса уақытты қамтитын көрінеді

– Енді газ тұрғындарға кедергісіз берілетін болады. Жобаны іске асыру барысында шаһарда жеке сектордағы 899 километрді құрайтын газ құбыры ауыстырылды. Тұтынушыларға газ жаңа салынған орташа қысымды газ құбырлары арқылы шкафты тарату пункттері және ШРП арқылы жалғанып жеткізілуде. Бұл жобаны іске асыру барысында газбен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілеттілігін 1,5 есеге арттыру мүмкін болып отыр. Соның арқасында бүгінде газ қысымының жеткіліксіздігі шешілген – дейді өндірістік техника бөлімінің бастығы Абыл Юсупов.

Атап айтар болсақ, өткен жылы 1-ші іске қосу кешенінің 2-ші, 3 және 4-інші нысандарында жұмыстарды жалғасып, 68 шақырым газ құбыры төселген. 2289 жеке шкафтар орнатылып 3143 абонент қайта қосылған. Биыл 2-ші кезеңнің 2-ші іске қосу кешенінде 34 километр газ құбыры төселген. Жұмысты таяу күндері аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 30 мың жеке, 45 мың коммуналдық сектор қайта қосылған абоненттер жаңа жүйе арқылы газды кедергісіз алуда. Газ жабдықтаудың бұл құрылымы 300 мыңнан астам тұрғынға үздіксіз және тәулік бойы газ қысымымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жалпы осы жобаларды жүзеге асыруға барлығы 21 миллиард теңге жұмсалған.

Көзге көрінбейтін, бірақ халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайтын аппаттық-диспетчерлік қызметінің жұмысы өз алдына бөлек әңгіме. Мұнда «104» нөміріне түскен барлық қоңырауларға диспетчерлер жауап беріп, сала мамандарын қажетті аймаққа бағыттап отырады.

– Біздің бөлімшенің барлық қызметі тұрғындардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Әрбір оқиға немесе төтенше жағдай туралы сигнал тіркеліп, уәкілетті мамандарға беріледі. Жағдайға күнделікті талдау жасалады, сондай-ақ атқарылған жұмыстар, барлық іс-шараларды тікелей басшылық қадағада ұстайды. Бізде екі ауысым бойынша жұмысты 5 диспетчер тәулік бойына атқарады. Сала мамандарына бір сәтке болсын босаңсуға болмайды. Бізді сондай-ақ 4 шебер, 14 апатты қалпына келтіретін слесерь, 1 электр мантер жұмыс жасайды. Жалпы 20-дан астам маман қызмет атқарады, – дейді аппаттық-диспетчерлік қызметінің басшысы Батырбек Жаналиев.

«104» нөміріне келіп түскен қоңырауды қабылдап алған маман, хабар берушінің мәселесіне баланысты 5 минуттың ішінде мамандарға хабар беріп, апат болған орынға мамандар 15-35 минут уақыт аралығында жетеді. Жалпы облыс бойынша қызмет көрсететін мекеменің жұмысы қысты күні көбейеді екен. Мәселен, өткен жылы облыс бойынша 8800 арыз-шағым түскен болса, оның 6 мыңға жуығы қалаға тиесілі екен. Ал қатты қыста қала бойынша 1 күнде 80-нен астам арыз түседі екен.
Көгілдір отын – өркениеттің ең үлкен және қауіпті игілігі. Газ саласының мамандарының әрбір күні қатерге толы. Өзін ғана емес қоршаған орта мен адамзатты қауіптен қорғауды сала қызметкерлері мамандықтарына деген адалдық деп біледі. Біз мінетін көлік, біз күнделікті қолданатын пештер мен газ плиталар, жанар-жағармай бәрі-бәрі көгілдір отынсыз жарамсыз екенін ескерсек, әрқайсымыз өзіміз үшін ғана емес қоғам үшін де жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек. Бұл орайда қай уақытта да сақтықта қорлық жоқтығын естен шығармағанымыз абзал!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.