Қалалық қоғамдық-саяси газет

Коммуналдық қызметте кідіріс жоқ

0 1  474

Өңірлерді өркендету – мемлекет алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан елімізде аймақтардағы ахуалды жақсарту, тұрғындарға қолайлы өмір сүруге жағдай жасау мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Ал жайлылық дегеніміз не? Ол – ең әуелі тұрғын үйдің қолжетімділігі, тұрғылықты мекеннің абаттандырылуы мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы, сапалы инфрақұрылымының болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде облысымызда табысты іске асырылуда. Бұл қатардан Жамбыл ауданы да қалып жатқан жоқ.

Баспана – бақыт шамы

Облыс орталығына іргелес жатқандықтан аудан тұрғындарының саны жыл санап өсіп келеді. Жаңадан қоныс аударғандардың қам-қарекетсіз өмір сүруі үшін жағдай жасау жолындағы алдан шығатын алғашқы мәселенің бірі – тұрғын үймен қаматамасыз ету екені белгілі. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда ауданда 1 832 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген екен. Оның ішінде 148 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, әлеуметтік әлсіз топтағы 737 адам, 572 көпбалалы отбасы мен 375 мемлекеттік қызметші бар. Аталған азаматтардың баспана бақытын сезінуі үшін Жамбылда бірқатар жұмыстар жүйелі жүзеге асып жатыр екен. Мәселен, мұқтаж жандарға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 2 миллион 992 мың теңгенің 4 тұрғын үй сертификаты беріліпті. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары жалпы құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын 80 пәтерлі 4 үйдің және қосымша 2,1 миллиард теңгеге 2 тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін құжаттамалар қаржыландыруға ұсынылған. Аталған үйлер пайдалануға берілген жағдайда 480 адам баспанамен қамтылып, кезекте тұрғандар саны 33,5 пайызға азаймақ. Бұдан бөлек, «Асар» жобасымен Аса, Қызылқайнар, Ашыбұлақ, Қаракемер және Өрнек ауылдарында жағдайы төмен отбасыларға арналған 8 үйдің құрылысы басталып, оның 7-еуі пайдалануға беріліп үлгерген.

Ауыз сумен қамтудың ауқымы кеңейді

Тұрғындарды ауыз сумен қамту Жамбыл ауданындағы шешімін тауып келе жатқан мәселелердің қатарында тұр. Аудан орталығымен қатар шалғайдағы елді мекен тұрғындары да судан зәрулік көріп отырған жоқ. Қазіргі таңда аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Статистикаға сүйенсек, бұл жалпы тұрғындардың 86,7 пайызы немесе 76 012 адам таза ауыз су тұтынып отыр деген сөз. Тіршілік көзіне қол жеткізбеген ауылдарды орталық жүйеге қосу бағытында да қозғалыс бар. Атап айтсақ, өткен жылы Бесағаш, Түрксіб және Қаракемер ауылдарында ауыз су құбырының құрылысы басталып, биыл өз мәресіне жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл, Көлқайнар елді мекендеріне су тазартуға арналған жеке блок-модульдік қондырғылар орнатылып, жақын күндері іске қосылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған ауылдар саны 34-ке жетпек. Бұдан бөлек Бектөбе, Қызылшарық, Жаңаөткел мен Жұма ауылдарын ауыз сумен қамту үшін жобалық құжаттар әзірленуде. Аталған жұмыстар аяқталысымен, қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылмақ.
Пайдалануға берілгеніне 20 жылға жуықтаған су жүйелерінің жаңартылуына да назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар аясында 2024-2025 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде 2004 жылы қайта жаңғыртудан өткен Өрнек, Ерназар ауылдарының ауыз су мұнараларын жаңарту жұмыстарын жүргізу көзделіп отырған көрінеді.

Газдандыру – ауылды жандандыру

Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы назар аударып отырған басым бағыттардың бірі. Халық игілігіне айналатын бұл маңызды жоба облысымыз бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Әсіресе ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте Жамбыл ауданы тұрғындары табиғи газбен қамтылуы жоғары деңгейдегі аудандардың қатарында. Бүгінгі таңда аудандағы ауылдардың 90,4 пайызы көгілдір отынға қол жеткізген.
Десе де, әлі 4 ауыл аталған инфрақұрылым игілігін тағатсыздана күтіп отыр. Аталған мәселенің шешімін табу мақсатында Тоғызтарау, Құмсуат және Жаңа өткел елді мекендерін ауылішілік газбен қамту құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Бұл жұмыстардың жобалық құны 446,6 миллион теңге болады деп жоспарланған. Ал осы жобаның магистраль құрылысын жүргізу құжаттары сараптамаға ұсынылуда. Сондай-ақ биыл Сеңгірбай ауылына магистралды және ауылішілік газ құбырын тарту жобасының жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен.

Жол жөндеу жұмыстары жалғасады

Республикалық, облыстық маңызға ие жолдардан бөлек, ауыл-ауылды жалғайтын жолдардың да көп жағдайда сапасы сын көтермей жататыны жасырын емес. Жол қатынасы тасымалдаушы тіршіліктің өзегі болғандықтан, жүріске жайлы келгені бәрімізге қажет-ақ. Бір қуантқаны, Жамбылда аталған саладағы ілкімді жұмыстар қыза түскен. Әсіресе жолдардың сапасына баса мән беріліп жатқандығын нәтижелі шаруалар аңғартады.
Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 шақырымды құрайды. Оның ішіндегі аудандық маңыздағы 163,9 шақырым тасжол бар. Көлік қатынасының жайлылығын қамтамасыз ету, жол жабынының сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы Ерназар-Қойгелді және Бесағаш-Юбилейный ауылдары бағытындағы 5,2 шақырым жол жөндеуден өткен. Бұл жұмыстарға 80,8 миллион теңге қаражат жұмсалған.
Ал биыл аудандық маңызы бар 10,6 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге 351,1 миллион теңге бөлініп отыр екен. Осылайша, жыл аяғына дейін Бесағаш және Көлқайнар ауылдарына кіреберіс, Қызылқайнар-Жасөркен,Қапал-Бесжылдық ауылдары бағытындағы жолдар жаңарады.
Сол секілді ауылішілік көшелердің жайы да назарға алынған. Қазіргі таңда ауданға қарасты 42 елді мекенде 427,1 шақырымды құрайтын 539 көше мен бұрылыстар бар екен. Оның, 260-ына асфальт, 17 көшеге шағал төселген. Ал қалған 262 көше асфальттауды қажет етіп отыр. Аталған мәселені шешу мақсатымен биыл 23 ауылда жалпы ұзындығы 46 шақырымды құрайтын 44 көше жөнделмек. Бұл жұмыстарға жалпы сомасы 872,5 миллион теңге жұмсалады деп жоспарланып отыр екен. Айта кетерлік жайт, жоғарыда аталғандардың ішіндегі 7 көшені жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылмақ.
Жалпы алғанда, жыл басынан бері 25 елді мекенде ұзындығы 66,8 шақырымды құрайтын 72 көше жөндеуден өткізілген. Оған бюджет есебінен 1 миллиард 282,9 миллион теңге бөлініпті.

Ақжігіт Жетпісбай,
журналист
Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.