Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұлт қайраткеріне құрмет

0 223

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бас ғимаратында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Тұрар Рысқұлов – Халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тұрар Рысқұлов есімінің ел тарихында алар орны ерекше. Оның қоғамдық-саяси өмірінде атқарған істері, күрескерлік рухы көпке үлгі, ұрпаққа өнеге. Бүгінде тарихи тұлғамыз турасында түрлі зерттеу еңбектері жазылып, есімі ұлықталып, 125 жылдық аясында көптің назарына ұсынылуда. Осындай мақсатта ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова, Қазақстан ғалымдар одағының президенті Оразалы Сабден арнайы қатысты.

Шарада алғы сөз алған университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков Тұрар Рысқұловтың қайраткерлік тұлғасы турасында ойымен бөлісті.

– Уақыт зымырап барады. Осыдан тура бес жыл бұрын біз Тұрар Рысқұловтың 120 жылдығында бас қосқан едік. Араға бес жыл салып қайта кездесіп отырмыз. Бірақ біз тарихи тұлғаның өз Отанына жасаған әрбір игі ісі мен қайраткерлігіне, оның ел ертеңі үшін жасаған әрбір қадамына құрмет ретінде жылдар сайын осы мазмұндағы ғылыми шараларды дәстүрлі түрде өткізетін боламыз, – деді ректор.

Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова арнайы құттықтау сөз сөйлеп, өңірге ат басын бұрған ғалымдарға алғысын жеткізді. Ғылыми конференцияның жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан ғалымдар одағының президенті Сәбден Оразалы ХХ ғасырдың басында Қазақстанға жүргізілген отарлық саясаттың зардабын, осы кезеңдегі халықтың жайын ойлап, ерлік әрекеттерге барған Тұрар Рысқұловтың саяси қадамдарына жасаған зерттеулерін ортаға салды.

– Тұрар Рысқұловтың жеке тұлғасы туралы айтқанда, оның кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенін, балалық шағынан бастап жоқшылық зардабын тартқанын, анасынан тым ерте айырылғанын және жасөспірім шағында әкесіз қалғанын атап өту қажет. Әкесі өзіне қиянат жасаған болысты өлтіргені үшін каторгаға айдалған. Бұл жәйт ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің шығармасы бойынша түсірілген «Қараш-Қараш» фильмінен белгілі. Революцияға дейін-ақ ол Ташкент мұғалімдер институтына оқуға түседі. Тұрар Рысқұлов 1916 жылғы көтеріліске белсене қатысады. Мұнда Т.Рысқұлов өзін, егер керек болса, баршамен бірге көшеге де, саяси демонстрацияға да шығудан, ал егер қажет болса, баррикадаға да тұрудан тайсалмайтынын көрсетеді. 1917 жылы ол «Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағын» құрады. . Рысқұловтың мемлекеттік қызметі – оның өмірінің аз зерттелген қызықты беттерінің бірі болып табылады. Ол Түркістан үкіметін басқара жүріп, көп нәрсеге қол жеткізе алды: жергілікті халық арасында мәдени-ағартушылық жұмыстары жүргізілді, диқандарға көмекке астық (12,5 миллион пұт), мал (20 мың бас) бөлінді, жер-су және салық реформалары жүргізді. Жаңа экономикалық саясатқа көшуге байланысты съезде Тұрар Рысқұловтың ұлттық мәселе бойынша сөйлеген сөзі тереңдігімен таң қалдырады,– деді тарихшы.

Тұрар Рысқұловтың қазақтың ғана емес, нағыз халықаралық деңгейдегі дипломат екенін тұлғаның өміріне қызыққандар мен тарихшы ғалымдар жақсы біледі. 2016 жылдың аяғында Моңғолия ғалымдары И. Саруул, Ч.Дашдаваа, Н. Болд есімді авторлар бірлесіп «Коминтерний төлөөлөгч Турар Рыскуловын Монгол дах үй ажиллагаа» («Коминтерн мүшесі Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметтері») және «Турар Рыскуловын Монгол дахь үйл ажиллагаанд холбогдох баримтууд» («Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметтеріне қатысты құжаттамалар») деп аталатын екі бірдей ғылыми еңбектің жарыққа шыққанын сүйіншілеген болатын. Аталмыш шараға арнайы Алматыдан ат арылтып келген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Қозғамбаева Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қоғамдық жұмыстарына талдау жасады.

– Моңғол зерттеушілері И.Саруул, Ч.Дашдаваа: 1924 жылы 20 мамырда ұлыстың билігін ұстап отырған діни-әкімшілік басқарушы Богда хан өліп, халық алмағайып күйге ұшырап, ес жия алмай тұрған тұста, большевиктер Моңғолияны социализм жолына салуды ойластырып, социалистік бағыт-бағдарға беретін елдің Конституциясын қабылдату керек болды. Коминтерн жоғарыдағы мақсатқа сай келетін тұлға ретінде қазақ Тұрар Рысқұловты таңдап, оны Коминтерннің өкілі ретінде Моңғолияға жіберуді ұйғарады» деп көрсетеді. Т.Рысқұловтың Моңғолияда атқарған қызметінің ішінен елдің саяси өмірін демократияландыру мақсатын шешуге қосқан үлесі ерекше болды. Т.Рысқұлов Моңғолияда ең ірі және маңызды үш мәселеге көңіл бөлген,олар: 1-ші Моңғол Халық партиясын ұйымдық және идеологиялық тұрғыдан нығайтуға ат салысуы; 2-ші Моңғолияның тұңғыш Ұлы Хұралын өткізу, онда қабылданған елдің тұңғыш Конституциясын жасауға қатысуы; 3-ші 1925 жылы Қытайға барған моңғол үкіметінің уәкілдерінің құрамына қатысуы.Комитеттің 1924 жылы 16 қыркүйекте Т.Рысқұловқа берген куәлігінде халық партиясы мен жастар одағының ара-қатынастарын реттеу тапсырылады. Ол Моңғолияға келісімен, өз қызметінде осы мәселеге байланысты барлық құжаттармен танысады. Коминтернге (1924 ж.02.11.) жолдаған алғашқы хатында партия мен Жастар одағының арасындағы қайшылықтың себептерін ашып көрсетеді. Оның ойынша, бұл түсініснбеушіліктің негізгі себептерінің бірі Коминтерннің жүргізген қате саясатына байланысты болған.«Біз, – деп жазады Т.Рысқұлов, – үш жылдан астам уақыт Жастар одағына шектен тыс көңіл бөлдік , біз одан шын мәніндегі революциялық партия жасап халық партиясының орнын бастырмақшы болдық,- дей келе, бұл жоспарлар өзін ақтамады», деп түйіндейді. Екі саяси күштің арасындағы қайшылықтардың келесі бір себебін Т.Рысқұлов Жастар одағы басшыларының солшыл іс-әрекеттерімен түсіндіреді. Сөйтіп, Моңғол Халық партиясына байланысты Коминтернді алаңдатқан бұл мәселеге Т.Рысқұлов нүкте қояды,– деді ғалым
Тұрар Рысқұлов тұтас қоғамды белгілі бір мақсатқа бағыттай алатын ерік жігерге ие болған тұлға. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерге етене араласып, қауырт жұмыс атқарғанына қарамастан ол 250-ден астам еңбек жазып, монографиялар мен мақалалар жариялады. Академик Манаш Қозыбаев Тұрар Рысқұловтың қажырлы қайраткерлік болмысын Сун-Ят-Сен, Мұстафа Ататүрік, Джавахарлар Неру сынды қайраткерлермен қатар бағалаған. Ұлт қайраткерінің теңдессіз өмір жолына құрмет ретінде ұйымдастырылған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қазақ ұлттық университетінен Светлана Смағұлова, жазушы-журналист Көлбай Адырбекұлы да қатысты. Өзге де қатысушылар пленарлық отырыс барысында шараның Тұрар Рысқұловтай текті азаматымыздың беймәлім тұстарын кеңірек ашуға септігін тигізгенін айтып, пікір алмасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.