Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түтінің түзу шықсын!

0 288

Жылыту маусымы қарсаңында адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын, сондай-ақ улы газдан улануын болдырмау мақсатында Тараз қаласы аумағындағы тұрғын үй секторларында бүгінгі күнге дейін 148 дана газ сараптауыш орнатылды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Олар қаладағы аз қамтылған, жағдайы нашар, көпбалалы, қатты отын жағып отырған үйлердің тұрғындарына тиесілі болды. Қысқы жылыту маусымының 2021 жылғы бюджеттік өтініміне дейін 300 газ сараптауыш қамту жоспарда тұр.

Тұрғын үйде автономды сигнализатор немесе улы газ датчигін орнату арқылы газдан уланудың алдын алуға болады. Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Әскер Сарбатов өз сөзінде:

– Ағымдағы жылдың 11 ай ішінде қала аумағында жылыту маусымында тұрғындардың пештерін және газ қондырғыларын пайдалану кезінде табиғи және газбен уланудың 8 оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 оқиғаға өскен. Бүгінгі таңда газбен улануға және адам өлу фактілеріне жол бермеу мақсатында қала аумағында орналасқан «Шөлдала», «Шалғай Қарасу» және «Құмшағал» аудандарының тұрғындарына қала әкімдігінің қолдауымен және «Мол қаржы» ЖШС бірлесе отырып, универсалды газ датчиктері орнатылды. Осыған орай жылыту маусымында газ және пеш қондырғыларын пайдалану кезінде тұрғындардан тұрмыстағы қауіпсіздік шараларын сақтауды сұранамыз, – деді.

Жалпы төтенше жағдайларды болдырмау, адамдардың өлімі мен жарақаттануының алдын алу үшін алдағы жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздік ережесін сақтау қажеттігіне орай қала тұрғыны Тәжібаевтар отбасына газ түтікшесі орнатылды.

– «От пен су – тілсіз жау» дейді дана халқымыз. Қанша сақ болғанымызбен, кейде апаттың айтып келмейтіні бар. Бұл отын жағып отырған біз сияқты жандар үшін пайдасы зор құрылғы болып тұр. Оның үстіне электр қуатын қажет етпей, батареямен істейтіні де жағымды екен. Бұл шаңырақта қызым мен немерем және мен үшеуміз тұрамыз, – деді осы үйдің отағасы Әділ Тәжібаев.

Маздап жанған пеш пеште қыз-қыз қайнаған ақ шәйнектен отағасы кесеге ыстық шай құйып ұсынды. Ошағынан қазаны түспейтін, қонақжай ұлттың түтінін түзу ұзартар түтікше шын әжетіне жарайтыны сөзсіз екеніне тағы көзіміз жетті. Сақтансаң сақтайтындықтан, абай болуды ескеру керектігін айтып, мамандар келесі қондырғыны басқа да отбасыларға орнатуға асықты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.