Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сақтық санадан басталады

0 229

Коронавирустан сақтану мақсатында карантиндік шектеулер басталған сәттен бастап барлық алдын алу шаралары тиянақты жүргізіліп келеді. Оған адам көп шоғырланатын жерлерде әлеуметтік қашықтықты сақтау, қорғаныш заттарын қолдану, қолды жиі жуып тұру сынды күнделікті жалпы іс-әрекеттер жатады.

Бұдан бөлек, аталған аурудан сақтанудың бірден-бір жолы ретінде еліміздің дәрігерлері инфекция жұқтырып алмау үшін иммунитетті көтерудің тиімділігін жиі айтады. Ағзамызды қауіпті індеттен аман алып қалу үшін, ең бірінші кезекте, дәрумендік маңызы жоғары азық-түліктерді пайдалануға шақырамын. Оның өзінде тазалық шараларын ұмытпай, әр ыдыс-ты, әрбір жеміс-жидекті ыстық сумен жуып, залалсыздандыру қажетт.

Коронавирустан сақтанудың тағы бір тиімді тәсілі – вакцинация. Күнделікті ақпарат көздерінен оқып жүргеніміздей, қазір әлемде осы дертке бағытталған нақты вакцина әлі шығарылған жоқ. Алайда өзінің тиімділігін көрсеткен бірнеше үміткер вакцина бар. Олардың дені әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде жасалып, еріктілерге сынақ жүргізіліп жатыр.

Бұл үрдістен шет қалмай Қазақстанда да Жамбыл облысының Қордай ауданында вакцина өндіретін жаңа зауыт құрылысы жүріп жатыр. Келер жылдың наурыз айында аталған өндіріс орны алғашқы өнімдерін ұсынатын болады. Келе жатқан жылдан бастап коронавирусқа профилактика ретінде вакцина егудің арнайы күнтізбесі бекітіліп, тиісті шаралар жүргізілетін болады. Бұл вакцинаны қабылдаушылардың алдыңғы шебінде дертке шалдыққандармен бірінші кезекте байланыста болатын мамандық иелері – дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.

Ал анығына келсек, вакцинаға қарағанда індеттен сақтану үшін, ең бірінше кезекте, әлеуметтік арақашықтықты сақтаудың маңызы жоғары. Адамдар көп шоғырланған жерде вирус жұқтыру қаупі екі еселенеді. Ауруы мүмкін адам өзінің індетке шалдыққанын анықтамай тұрып, симптомдары белгілі болмай жатып, екі-үш күн бұрын айналасындағыларға вирус жұқтырады. Сол үшін де індетті тасымалдаушыдағы вирус, ең әуелі, өзіне емес, айналасындағыларға екі есе қауіпті. Осы себепті әр адам жауапкершілік сезінуі тиіс.

Ковидтің адам ағзасында жеңіл не ауыр түрде жүруі бойдағы вирустың мөлшеріне байланысты. Сондықтан әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтаудың пайдасы зор. Қол жуу, маска режимі туралы да үнемі айтып жүреміз. Алдын алудың негізгі шаралары – осылар.

Біздің, Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекция бөлімі стационар ретінде науқастарды қабылдап жатыр. Мұнда 250 науқасқа арналған орын бар. Мұнда арнайы аумақтық емханалардан ПТР-тест пен өкпе тамографиясынан өткен науқастар келіп ем қабылдайды. Науқастың денесі қызып, бұлшық еттері ауырып, басы сырқырап, әлсіздік сезіне бастаса, бірден дәрігерге жүгінген абзал.

Қазіргі таңда біздің стационарда қажетті дәрі-дәрмектің барлығы жеткілікті. Әрине, бүгінде бұл вирус толық зерттеліп болған жоқ. Дегенмен біз барлық ем-шараларын Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген протокол бойынша жүргіземіз. Ковид негізінен 60-65 жастан асқан егде кісілерге, бұрыннан созылмалы аурулары бар сырқаттарға айрықша қауіпті. Сондықтан әр адам айналасына қауіп төндірмеуі үшін өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жастардың дені коронавирустың симптомсыз түрімен ауырады.

Соның әсерінен айналасына қалай жұқтырып алғанын аңғармайды. Сол үшін де алдын алу шараларын қатаң ұстану керек, сонымен қатар той-думан дегеннен шектелген абзал.

Ғибадат Кемелбекова,
Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекция бөлімі басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.