Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұтқа ұстаған түлектер

0 270

Тараз Мемлекеттік педагогикалық университетінің қабырғасында «Шәкірт-Түлек-Тұлға» атты республикалық түлектер форумы өтті. Өзіндік көзқарастары қалыптасқан, түрлі салада жетістікке жеткен 18 түлек аталмыш оқу ордасына келіп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымен қауышты.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Университеттегі «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы ұйымдастырған шараға әр жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдаған түлектер, ТарМПУ профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшылығы қатысты. Форумға келушілерді университет оркестрі әуезді әуендерімен қарсы алып, ерекше көңіл-күй сыйлады.


Тағылымы зор жиынның шымылдығы бүгінде зор белестерді бағындырып, өз саласында үлкен табысқа жеткен шәкірттердің қаражатына жасақталған аудиторияның ашылуымен түрілді. Пайдалануға берілген кабинетте түлектердің ғұмыр жолы мен суреттері басылған арнайы стенд ілінген. «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Абдықадырованың айтуынша, бұл қабырғаға көз тіккен әр студент тұлға болып қалыптасу жолында үлкен мотивацияға ие болып, өз армандарына батыл қадам жасайды. Ал университетте ұзақ жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан ардақты ұстаз

Рахым Садықбек: Бүгіннен бастап бұл кабинет «Қазақ филологиясы» мамандығының бетке ұстар беделі, арқаға ұстаса, панасы болар, алдына салса, айбары болар тамаша орынға айналмақ. Жылдар өтер, ғасырлар өтер, осы кабинет толқыннан туған толқындар үшін ардақты мекенге айнала бермек» – деді.
Аталмыш кафедраның алғашқы түлектерінің бірі болған, былтыр ғана «Жыл меценаты» атанған ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов та форумға арнайы қатысып, өз лебізін білдірді.


– Мұндай шаралар Батыс Еуропа елдерінде, Америкада бір ғасырға жуық дәстүрлі түрде тойланып келеді. Ол мемлекеттердің барлығында қазіргі уақытта сол елдің президенті болып отырған, штат губернаторы атанған азаматтар міндетті түрде жыл сайын өздері оқыған білім ордасына келіп тұрады. Бұл үрдіс соңғы жылдары біздің де елімізде жалғасын тауып жатқаны қуантады. Осындағы 18 түлектің қолдауымен бір кабинет жабдықталса, жыл сайын өзге мамандықтар белсене атсалысқан жағдайда 30-ға жуық кабинетті жаңартып алуға болады екен. Бұл университет үшін тамаша қолдау болмақ, – деді Ерболат Байұзақұлы.
Түлектердің тамаша тартуымен танысқан меймандар ары қарай арнайы ұйымдастырылған мерекелік концертке қатысты. Салтанатты шара барысында университет ректоры Ержан Әмірбекұлы сөз алып, ризашылығын жеткізді.
Форум атауының маңыздылығы сол, мұнда өз саласында көшбасшыға айналған үздіктер жиналып отыр. Шәкірттің тұлғаға айналуы өте күрделі процесс. Арамыздағы түлектер осы жолдан сүрінбей өткен ұлтжанды азаматтар деп білеміз. Университеттің дамуына серпін беріп жатқан осындай тұлғаларға алғыс білдіре отырып, алғысымды жеткізгім келеді, – деді ректор.


Жиында бәсекеге қабілетті тұлға дайындаудағы ЖОО-ның мектеппен байланысы, жаңа дүниетаным мен цифрландыру мәселелері кеңінен қозғалып, тұшымды ойлар айтылды. Қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали «Жаһандану үрдісіндегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының қазіргі журналисткаға қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасап, маман даярлауда өз ұстаздарының көрсеткен ерен үлгісін атап өтті.
– «Филология» сөзі грек тілінен аударғанда «сөзге ғашықтық» деген мағынаны білдіреді. Барлығымыз сөзге ғашық, әдебиетке құмар болғандықтан, осы ұстаздардың шәкірті атандық. Бұл мамандықта әдебиет кіріспесін оқытқан, көркем шығармаларды талдауды үйреткен Рахым Садықбек, түркі жазуларының сырларына үңілткен Айсұлу Нұрдынқызы бар білгенін санамызға құйып, қолымызға шырақ ұстатса, «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген Фирдоусидің шығармашылығымен таныс-тырған, менің кураторым Сейсекүл Исматова апайымыз көзімізді ашып, үлкен өмірге қадам бастырды. Бүгінде осы кісілдерден білім нәрімен сусындаған филологтар өңірдің БАҚ саласына үлкен үлес қосып келеді, – деді Эльмира Иниятқызы.


Форум ТарМПУ шәкірттерінің ұйымдастыруымен арнайы концерттік бағдарламаға ұласып, университетке ерекше тарту жасаған түлектерге құрмет көрсетіліп, оқу орнының тарихы жазылған кітап сыйға тартылды. Меймандар жиын аяқталған соң университет жанынан ашылған «Баласағұн» музейін аралап, студенттермен пікір алмасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.