Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрардың Ташкентте сақталған диктанты

0 1  332

Тұрар Рысқұлов бейнесі жылдар өткен сайын ұлтжанды ұрпаққа жақындай түседі. Оның азаматтығы, халқының болашағы үшін батыл да қайсар, қажырлы да қайратты болғандығы ұлтын сүйгендерге үлгі-өнеге болады. Бүгінгі күні ұлы тұлғаның өмірі мен қызметі жайлы білгісі келетін үлкен де, кішінің көбеюі осы ойымызды айғақтайды.

Жамбыл облысының мемлекеттік архивінде бүгінде «Совет өкіметін орнатушылар» қорында Тұрардай тау тұлғаға қатысты біршама құжаттар жинақталған. Яғни ол жерде түпнұсқа құжаттармен қатар, Ташкент, Шымкент архивтерінде сақталған тың құжаттардың көшірмелері де бар. Рысқұловтың өз қолтаңбасы Әулиеата уездік атқару комитеті қорының құжаттарында 1920 жылға дейін жиі кездеседі. Оның ішінде 1919 жылы ашаршылыққа тап болғандарды аман алып қалу мақсатында қоғамдық асханалар құру туралы да тапсырмалық құжаттары бар. Ташкентте түпнұсқасы, біздің өңірде көшірмесі сақталған 1926 жылғы Наурыз мерекесін тойлау туралы құжат та, 1915 жылы Ташкент педагогикалық училищесінде емтихан тапсырғанда үздік жазған диктанты – Тұрар Рысқұлов туралы жинақталған көп деректің бірі.
Сол құжаттар арқылы біздер оның жастық шағынан-ақ күрескер тұлғасын айғақтайтын естеліктермен, деректермен таныстық. Ең алғаш «Бұқара» қазақ-қырғыз жастарының революциялық одағын құрғанын біліп, биыл туғанына 75 жыл толатын жазушы-журналист Мақұлбек Рысдәулетпен архивтік ізденіс жұмыстарын жасаған едік. Бұл тақырып бойынша архивтегі үлкен еңбектің бірі – архив құжаттарына шолу жасалған. Бүгінде ол шолу көпшілікке таптырмас құралға айналып, өлкетану бағытында мектеп ұстаздары интерактивті оқулықтар да дайындаған.
Ал Т.Рысқұловтың елу беттік ғұмырнамасы тарихшыларға таптырмас олжа дерсіз. Әрине, бүгінде ол құжат жіті зерттелген деуге де толық негіз бар. Өйткені тарихшы-ғалым Ордалы Қоңыратбаев 2014 жылы архив құжаттары негізінде Тұрардың күнделігін де жасап, жарыққа шығарды. Ал Қазақстан Республикасы Орталық архивінің директоры Сәбит Шілдебай қор сақтауындағы деректерді республикалық басылымдарда жиі жариялап тұрады.
Бүгінде тау тұлғаны айтқанда, жазушы Шерхан Мұртазаны айтпай өту мүмкін емес. Өйткені оның биіктігін де алғаш танытқан жазушының ізденісі еді. Алғаш Тұрарды зерттеген тұлға да – Шерхан Мұртаза. Тұрартанушы ғалымдардың барлығына да Александрия шамшырағындай ғылым мұхитында жол көрсетіп, бағдарлап тұрды. Оны жазушының шығармасын оқысаңыз да аңғарасыз.
«Қызыл жебе» романында кездесетін Үсіп Сатыбалдин, Нұршанов, Сарымолдаев, Тоқбаев, Жанұзақов сынды үзеңгілестері туралы деректерді алысқа бармай-ақ, Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің құжаттарынан кезіктіруге болады. Ал Сатыбалдин тіпті Тұрармен бірге оқыған тұсын, «Бұқара» революциялық одағын құру сәттерін екі параққа естелік етіп қалдырған екен. Көтеріліс жасаушыларға уездің біраз өңірінен азаматтар қосылды. Үсіптің жазуынша, көтеріліске Меркі орыс-түземдіктер мектебінің түлектері белсене қатысқан. Бұл жөнінде тұпнұсқасы Өзбекстан Республикасының орталық мұрағатында, көшірмесі Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағаттарында сақтаулы Тұрар Рысқұловтың партия қатарын тазалау науқанына байланысты және Сталинге жазып берген қысқаша өмірбаяндық жазбасында нақты әрі анық жазылған. Осы құжатта мектепті бітіргеннен кейін бір жылдай Меркіде соттың хат тасушысы және көшірмеші болғанын, одан соң төрт жыл оқып, Пішпек ауыл шаруашылық училищесін бітіргенін жазады. Бұдан кейін білімін жетілдірмек ниетпен Самара орта ауыл шаруашылық училищесіне құжатын тапсырады. «Бір сөздің жалғауы дұрыс емес деп, емтихан тапсырған 250 адамның арасындағы «жалғыз түземдік» екенімді де еске алмастан құлатып жіберді» деп жазыпты. Одан соң Ташкент мұғалімдер институтына түскісі келеді. Бұл жерде оның мұсылман баласы екені алға тартылып, оқуға қабылдамай қояды. Ал осы оқу орнына түсу үшін жазған диктантында ол бір ғана тыныс белгісінен қате жіберіп, «-5» деген баға алған. Тұрардың сол жазған диктантының көшірмесі бүгінде мұрағатта сақтаулы (құжат көшірмесі беріледі). Оқуға қабылданбаған соң Оқу-ағарту министріне арыз жазады. Осы кезде 1916 жылғы дүрбелең басталып кетеді де, Тұрар қайтадан Меркіге келіп, көтерілісшілер арасында түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын жүргізеді.
Бұл кезде Тұрардың жасы небәрі 22-де болатын. Ал қызының естеліктеріне сүйенсек, әкесі өз жасын біршама үлкейтіп жаздырған. Ол деректі ескерсек, тіптен 18 жаста болғанын көреміз. Бұл ретте қазақтың «Ақыл – жастан, асыл – тастан», «Болар бала – басынан» деген мақалы еріксіз еске түседі. Расымен де, өздеріңізге ұсынылған құжаттағы бала Тұрардың қолтаңбасын көріп, сүйсінбеу мүмкін емес. Әрине, ол алдымен оның білімінің бір көрінісі ғана. Өйткені елін аштықтан аман алып қалу үшін Әулиеата жерінде сауатты жеткізген жазбаларымен жасаған игі істері әлі де ел есінде.
Небәрі жарты ғасырға жетер-жетпес ғұмыр сүріп, өз заманында ұлты үшін аянбай тер төккен қазақ қайраткерлерінің бірегейі болған Тұрар Рысқұлов бейнесі мәңгі ел жадында сақталатыны анық.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және
тарихтану орталығының
«Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.