Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрар тұғырының жұлдызды қырлары

0 4  455

Қазақ елінің тарихында ерекше дарындылығымен өзгелерден оқшау озық тұрған ұлық тұлға ретінде аса көрнекті қоғам қайраткері, ірі саясаткер және ғұлама ғалым Тұрар Рысқұловты айта аламыз. Т.Рысқұловтың аты Орталық Азия мен Қазақстанда 1917-1936 жылдар аралығында шын мәнінде дүркіреп тұрды.

Тұрардың әкесі Рысқұл Жылқайдаров ХІХ ғасырдың 80-жылдарында бір топ руластарымен (шілменбеттермен) бірге Шымкент уезінен Верный уезінің Шығыс Талғар болысына көшіп барады. Сонда жүріп жергілікті болыс Саймасай Үшкемпіровтің айдап салуымен барымташылыққа ұрынған Рысқұл ақырында өзінің алданғанын түсініп, Саймасайды өлтіріп тынады. Осылайша тағдыр тәлкегіне ұшыраған Рысқұл Верныйдың түрмесінде сот үкімі шыққанша бір жылдай қамақта отырады. Осы аралықта Саймасайдың туыстарының кек алуынан қорыққан Рысқұл 11 жасар Тұрарды түрме бастығына қолбалалыққа береді. Міне, осындай алмағайып жағдайда Тұрар түрме жанынан ашылған орыс тілін үйрену курсын бітіріп, жазуды үйренеді. Сот Рысқұл Жылқайдаровты 10 жыл каторгаға айдайды. Сахалинге бірге барсақ деген әкелі-балалылардың ойы жүзеге аспай, Тұрар 1906 жылы Меркідегі туыстары Молдабек пен Қырғызбайдың қолдарына келеді. Соңғысының фамилиясын алып, 1905 жылы жаңадан ашылған үш жылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға түседі. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ зеректігімен көзге түскен Тұрарды ұстазы И.А.Андреев Меркідегі сот тергеушісі Семашконың өзіне хатшы етіп алуына ықпал етеді. Мектепті ойдағыдай тәмамдаған Тұрарды жергілікті болыс Бектен бастаған зиялы топ 1914 жылы Пішпек ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түсіріп, жас таланттың агрономиялық және жалпы білімнің негіздерін нақты меңгеруіне ықпал етеді. Ары қарай осылардың көмегімен 1915 жылы Ташкенттегі мұғалімдер институтына оқуға түскенімен, Тұрар аталған оқу орнын аяқтай алмайды. Себебі 1916 жылы Меркідегі ұлт-азаттық көтерілістің басталғанын ести салысымен шұғыл түрде Әулиеата уезіне жолға шығып, көтерілісшілерге жетіп, оларға саяси жетекшілік етеді, идеологиялық жағынан күш-жігер, ұйымдастырушылық сипат береді.
Революцияға дейінгі Тұрар тұғырының келесі сатысы Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерісінен кейінгі кезеңге сәйкес келеді. Дәл осы тұста, яғни тарихи жеңістің эйфориясы толқынында, қоғам белсенділерінің көпшілігі бұрынғы отаршыл әкімшілік өкілдерінің өз өңдерін демократ ретінде өзгертіп, жергілікті халықты қанауды ары қарай жалғастыра беруді мақсат тұтқанын түсіне алмады. Тек мұндай қараниеттілік қадамды Тұрардың қырағы көзі қалт жібермеген еді. Осы орайдағы өзін мазалаған ойларын Ташкенттегі мұғалімдер институтында оқып жүрген Тұрар Меркіге қайтып келген бойда митингіде айтқан болатын. Уақытша үкіметтің жергілікті атқару комитеті келімсектердің жергілікті халықтың жерін тартып алып, байыған топтарының айдап салуына көніп, 1916 жылғы көтеріліс барысында зардап шеккен орыс кулактарының шығынын қазақ ауылдарына төлету туралы мәселе көтерген болатын. Т.Рысқұлов мұндай шовинистік талқының түйінін бірден шешіп, аталған шығынды Уақытша үкімет қазынадан төлеуді ұйғарғанын, ал қазақ ауылдарының тұрғындары ешқандай контрибуция төлемейтінін айтып, қатерлі топқа қасқайып қарсы тұра алды. Осындай жағдайда Т.Рысқұловтың маңына жастар жиналып, 1917 жылдың наурыз айында Меркіде Қазақ жастарының революциялық одағы ұйымдастырылып, оны Тұрардың өзі басқарады. Жастар одағының құрамындағы Қабылбек Сарымолдаев, Жүзбай Мыңбаев, Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсімов сияқты қазақтың зиялы ұлдары әділеттілік, теңдік және бостандық үшін күреске бел шеше кіріседі. Революциялық одақтың негізгі міндеттері мынадай болды: Бірінші – негізгі күшті Уақытша үкіметтің жергілікті атқару комитетіне қарсы бағыттай отырып, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік бермеу. Екінші – билік құрамынан монархияны жақтаушылар мен олардың агенттерін шеттету. Үшінші – ауылдарда болыстар мен адал адамдарды тарта отырып, атқару комитеттерін құру. Төртінші – орыс селоларындағы сияқты аштарға көмек көрсету үшін Қазақ азық-түлік комитетін құру. Бесінші – халық мүддесін қорғау ісіне сатқындық жасағандарды аяусыз жазалау. Алтыншы – ауылдардағы ағарту және насихат жұмыстарын жолға қою. Қарап отырсақ, Тұрар халқының қаһарман ұлы ретінде 1917 жылдың өзінде-ақ қалыптасып үлгерген сияқты. Себебі жоғарыда көрсетілген көпшілігімізге мәлім эпизодтарда Тұрардың іс-әрекеттері таптық көзқарас тұрғысынан емес, ұлттық көзқарас тұрғысынан айшықталып тұр емес пе?!
Осылай Қазан төңкерісін Тұрар саяси демеуші ретінде көзге түсіп, белгілі тұлға ретінде қалыптасқан жағдайда қарсы алған еді. Көп ұзамай Әулиеата уездік кеңесінің жұмысына белсенді түрде араласып кеткен жас саясаткер бірнеше депутаттың ұсынысымен уездік кеңестің атқару комитетіне алғашында төрағаның орынбасары, кейіннен төраға болып сайланады.
1918 жылдың 1 мамырында Түркістан Кеңестерінің V съезі салтанатты түрде Түркістан АКСР-нің құрылғанын мәлімдеді. Дегенмен сәл кейінірек басталған Азамат соғысы әрбір саясаткерге өзінің кіммен бірге екенін анықтауды қажет еткені белгілі. Осы тұста шақырылған уездік кеңестер төрағаларының съезіне өзінің Түркістанның саяси форумына алғашқы қадамын жасаған Т.Рысқұлов та келген еді. Түркістан АКСР-і ОАК-нің төрағасы Тоболиннің Ашхабадтағы контрреволюциялық көтеріліске байланысты «Кім бізбен бірге болмаса, сол бізге жау» деген ұстанымына осы оқиғаға байланысты құрылған «Ерекше штаб» мүшелері Калашников, Самойленко, Полтарацкий, Алисковский, Панасюк, Феоктисов секілділер еліріп қосылғанда, тек Әулиеата депутаттары кеңесінің төрағасы Т.Рысқұловтың: «Закаспий өңірінде контрреволюциялық күштер бас көтеріп тұрған кезде түрікмендердің біраз бөлігінің шатасуы әбден мүмкін, сондықтан да комиссияның құрамына жергілікті ұлт өкілін қосу керек», – деген ұсынысы Тұрардың Түркістан саяси аренасындағы алғашқы қадамының қандай бағытта қалыптасқанын анық көрсетіп тұрса керек. Тиісінше, Тоболиннің Т.Рысқұловтың ұсынысын қабылдауы Түркістан билігінің Тұрарды жатсынбағанының белгісіндей болды. Сондықтан да көп ұзамай-ақ 1918 жылдың қазанында өткен Түркістан кеңестерінің VІ съезінде Т.Рысқұловты Түркістан ОАК-нің мүшесі етіп сайлайды.
1919 жылдың 5 наурызы күні Ташкентке лениндік мандатқа сәйкес төтенше өкілеттіліктер берілген РКФСР ХКК Уақытша комиссиясының мүшесі П.А.Кобозев келеді. Т.Рысқұлов Кобозевпен Кеңестердің VІІ Өлкелік съезінде танысып, тез-ақ тіл табысып кетеді. 1919 жылдың 13 наурызында Ташкентте Түркістан Коммунистік партиясының ІІ конференциясы ашылып, осы жиналыста Кобозев-Рысқұлов тандемі екі бірдей шешімді жүзеге асырады: ауылдар мен кишлактардағы кедей-орташалар арасындағы жұмысты жандандыру және Ресейдегідей арнайы өлкелік мұсылман бюросын құру. Мұсбюроны Т.Рысқұлов басқарады. Аталған жылдың маусым айына қарай өлкенің партия ұйымдарында Мұсбюроның 108 секциясы жұмыс істей бастайды. Осы кезде шақырылған коммунист-мұсылмандардың І Өлкелік конференциясында Түркістандағы халықтың 90 пайызын мұсылмандар құрап отырған жағдайда мұсылман ұйымдарына қатысты ұлт істері жөніндегі комиссариат пен басқа да кеңестік органдардың коммунистік бағдарламаларының жүзеге асу барысын Өлкелік Мұсбюроның қадағалауында болу керектігі жөніндегі ережесі қабылданған болатын. Әрине, мұндай кіріптарлыққа республиканы басқарып отырған А.Казаков, В.Сорокин, Н.Успенский секілді шовинист-бюрократтар келіспейтін еді. Келіспеді де, жағдайды ушықтырмау мақсатында Мәскеу Ташкентке ұлт мәселесіне қатысты біршама жеңілдіктер берді. Соның бірі бойынша мемлекеттік қызметке, партия қатарында болу міндетін жүктемей, халық құрамының санына сәйкес (пропорционалды) жергілікті халықты тарту мәселесін шешу тапсырылды. Сонымен бірге шаруалар мен диқандардың мүліктерін аяусыз талау мен кәмпескелеуді доғару керегін, мұсылмандар арасында әртүрлі алымдар мен кәмпескелеуді жалпы негізде жүргізіп, бұл үшін әрбір осындай оқиға кезінде жергілікті мұсылман бюросының немесе Өлкелік мұсылман бюросының (өлкемұсбюро) келісімін алу керек болатын. Қалаларда мұсылман пролетариаттары ұйымдарын құру жөніндегі іс-шаралар жүргізіліп, кишлактар мен ауылдардағы еңбекші халық пен диқандарды таптық тәндігіне байланысты ұйымдарға біріктіру көзделді.
Анығында, тепе-теңдік жағдайы бұрын да болған еді, мәселен, Әулиеата Кеңестік құрамына орыстардан – 10 адам, Кеңес мүшесі болып «түземдіктерден» 14 адам кірген болатын. Әйтсе де, Кеңестің атқару комитетінде оның 14 мүшесінің тек үшеуі ғана жергілікті халықтың өкілдері болды – большевиктерден Рысқұлов пен Қошмамбетов, солшыл эсерлерден (қырғыз) Жұмағұлов. Осындай азды-кемді іс-шаралардың жүзеге асырылуы барысында Орталықтың «ұлтшылдар» мен «шовинистер» арасындағы текетіресте «от көсейтін» аярлығын аңдай алмаған Тұрар Түркістан ұлттық мемлекетінің тек декларативті тұрғыда қалыптаспауына көп күш салған еді. Тек күш-қуаттарын молайтуға уақыт оздырып барып Түркістандағы саяси ахуалды «тұрақтандыруға» білек сыбана кіріскен Мәскеудің позициясы Т.Рысқұловтың бағытына сәйкес келмейтін еді. Бұл тұрғыдағы түйінді сөзді Түріккомиссияның белді мүшесі М.Фрунзе айтып, осы бойынша «Түркістан атауын Түрік Республикасына, ТКП-сын Түрік компартиясына ауыстыру түбірімен дұрыс емес» делініп, бұл мәселеге нүкте қойылған болатын. Ендігі жерде Түріккомиссияның ультрареволюциялық пиғылын анық байқаған Т.Рысқұлов өзін Түркістан ОАК-тің төрағалығы мен Өлкелік партия комитетінің мүшесі қызметтерінен босату туралы арызын жазады. Әйтсе де, басқыншы алпауыттармен жалғыз арпалысқан (жергілікті «көсемдердің», жұмсартып айтқанда, «ауытқушылықтарына» байланысты) Тұрарды тез арада саяси аренадан кетіру Мәскеудің жоспарында жоқ болатын. Сондықтан да Т.Рысқұлов РКФСР ұлттар ісі жөніндегі халкоматтың екінші орынбасары болып тағайындалады. Осы орайда Тұрардың тікелей басшысы И.Сталиннің С.Орджоникидзеге 1922 жылы жазған мына бір телеграммасына мән беруге болады. Онда: «Түркістандық комиссарларды шолжаңдатудың қажеті жоқ, олар соңғы екі жылда бәрі бірігіп, бір Рысқұловқа татымайтынын анық көрсетті», – делінген. Мұнан кейінгі Тұрардың Моңғолиядағы жұмысына баға берген КСРО-ның сыртқы істер жөніндегі халық комиссары Т.Чичерин де 1925 жылы Я.Петерске жазған хатында: «Оның саяси бағыты жалпы өте дұрыс, сондықтан да біздің тарапымыздан қолдауға тұрарлық», – деген болатын. И.Сталиннің Ресейдің әлеуметтік-саяси тарихының мемлекеттік мұрағатында сақталған тағы бір жазуында Тұрар туралы: «Наркомнацтың бұрынғы коллегия мүшесі ақылды, бізге көзқарасы оң, бүлдіргі әрекеттерге бармайтыны анық», – деп көрсетіліпті. Осылай орталықтағы большевиктердің сенімді серігіне айналған Т.Рысқұлов 1926 жылдың шілдесінде БК(б)П ОК-нің шешімімен РКФСР Халкомкеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Ол ең ірі одақтас республика үкіметінің құрамына кірген Шығыс халықтарының жалғыз өкілі болды. Т.Рысқұловтың Ресей үкіметінің басшыларының бірі ретіндегі жұмыс ауқымы өте үлкен еді. Ол өндірушілер кооперативі комитеті мен қолөнер өнеркәсібінің басшысы, коммуналды шаруашылықтардың Бас басқармасының бастығы, Түрксіб құрылысына жәрдем беру комитетінің жетекшісі болып қызмет атқарды. Әсіресе Қазақстандағы индустриализациялау науқанының тұңғыш құрылысы – Түрксібтің салынуына Т.Рысқұловтың ерекше еңбек сіңіргені мәлім. Қазақстан территориясы бойынша салынатын 1 450 шақырым теміржол құрылысының жергілікті халыққа қаншалықты оң әсерінің бар екенін түсінген Тұрар Рысқұлов Орталықтың аталған құрылысқа КСРО-ның еуропалық бөлігінен жұмысшылар әкелеміз деген ұстанымына өзінің қарсылығын білдіре келе: «Түрксіб құрылысына сырттан әкелінетін әрбір жұмысшыға жылына 90 сом 20 тиын, ал әрбір қара жұмысшыға 88 сом 20 тиын төленеді екен. Осы орайда жұмысшы күшінің 50 пайызы сырттан әкелінсе, мұның өзі бір жылда 900 мыңнан 1 миллион сомға дейін шығын әкеледі, ал егер 65 пайызы сырттан әкелінсе, 1 миллионнан 1 миллион 440 мың сомға дейін, осылайша сырттан жұмысшылар әкелу құрылысты 2 миллион сомнан 5 миллион 700 мың сомға дейін қымбаттатып жібереді», – деген аргументті дәлелдеулерінің нәтижесінде, Т.Рысқұлов жергілікті ұлт өкілдерін жұмысшы кадр ретінде құрылысқа тартуды нақты жолға қойған еді. Түрксіб құрылысын жоспарға сай жүргізіп, дер кезінде аяқтау үшін Тұрар Орталықтың көзқарасына кереғар, кезінде Қоқан автономиясының төрағасы болған М.Тынышпаевты құрылыстың бас инженері қызметіне тағайындалуына қол жеткізеді. Бұл 1928 жылдары Алаш қайраткерлеріне қарсы репрессиялардың басталған тұсы болатын. Сәл ертеректе Тұрар Рысқұловтың бұрынғы Алашорданың батыс бөлімшесінің төрағасы Жаһанша Досмұхамедовке, оның бауыры Халел Досмұхамедовке және Мағжан Жұмабаев пен Мұхтар Әуезовке де көмек қолын созғанын білеміз. Осылай өз ұлтына пайдасы тиетін зиялыларға көмегін аямаған ұлы тұлға Тұрар Рысқұловтың өзі де репрессия қылбұрауына ілінгені белгілі. Ендігі жерде Тұрар жұлдызының жарқыраған қырларын халқына қанықты етіп көрсету Тұрардың ұрпақтарының, яғни біздің міндетіміз екені анық болса керек.

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры,
«Дулатитану және өңір тарихы» 
ғылыми-зерттеу орталығының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.