Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алтын құрсақты аналар ардақталды

0 192

Демография – кез келген мемлекет үшін маңызды мәселе. Өйткені қай мемлекеттің де дамуына халық саны ықпал етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы да жыл сайынғы Жолдауының бiр тармағын демографиялық ахуалға арнайды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Қиындығы көп болған тоқсаныншы жылдарда халық саны күрт азайды. Біз қазіргі таңда осы демографиялық құлдырауды еңсердік. Бұл еліміздің тұрақты дамуының айқын көрінісі деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтарымыз өз ұрпағының жарқын болашағына және еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат», – деген болатын.
Әрине, өңірлердің қуатты болуы да халықтың санымен өлшенетіні белгілі. Ол үшін ана мен баланың денсаулығын қорғау, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру секілді маңызды міндеттер жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Айталық, күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен көпбалалы аналарға «Алтын» және «Күміс» алқаларды табыстау рәсімі өтті.
Жиында әуелі шаһар басшысы сөз алып, аналарға ақжарма тілегін жеткізді.
– Өздеріңізге белгілі, егемендік жылдары демографиялық саясатқа ерекше екпін түсіріліп, барынша назар аударылды. Соның арқасында халық саны бүгінде 20 миллионға жетіп, демографиялық дамуға қол жеткізіп келеміз.
Тараз қаласының тұрғындарының саны да артып, 430 мыңға жуықтады. Ана мен баланы қорғау мақсатында да көптеген істер қолға алынып, жарқын жобалар жемісін беруде. Мұның барлығы біздің елімізде әйелдердің орны биік екенін айғақтайды.
Елімізде көпбалалы аналарға қолдау қашанда аз болған емес. Бүгінгі сіздермен жүздесуіміз де соның бір көрінісі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы марапат иелеріне алқаларын табыстады.
Аналар да өз кезегінде шаһар басшысына шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Осы орайда айта кетерлігі, Тараз қаласы бойынша 2010-2023 жылдар аралығында жалпы 2 753 көпбалалы ана «Алтын» және 2 516 ана «Күміс» алқамен марапатталған. Ал кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 27 қарашадағы №401 Жарлығы бойынша 11 көпбалалы анаға «Алтын», 44 анаға «Күміс» алқа табыс етілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.