Қалалық қоғамдық-саяси газет

Академик атындағы аудитория ашылды

0 76

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде академик Мұхтарбай Өтелбаев атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шарада лентаны университеттің басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов пен академик Мұхтарбай Өтелбайұлы қиды.

Шара аясында мектеп оқушылары арасында математикадан пәндік олимпиада ұйымдастырылды. Оған облыс, қала мектептерінің оқушылары қатысты. I орын алған оқушыға Дулати университетінде оқуға 100 пайыз жеңілдік беріледі.
Белгілі тұлғалардың есімімен аудитория ашу – университетімізде қалыптасқан дәстүр. Аудитория ашудағы басты мақсат – ұлы тұлғалардың өмірі, шығармашылығы мен қайраткерлігін жастарға насихаттау.
Іс-шара барысында алғашқы сөзді университет ректоры Мұхтар Байжұманов алып, ғалымның өмірі мен еңбек жолына, ғылыми ізденісі мен ашқан жаңалықтарына кеңінен тоқталды.
– Мұхтарбай Өтелбайұлы әлемдік деңгейдегі ғылыми мектептердің негізін қалады. Он екі ғылым докторын, бірнеше PhD докторын, сексеннен астам ғылым кандидатын даярлады. Ғалым 220-дай ғылыми мақала жариялады, оның 70-тен астамы шетелдік жоғары рейтингке ие журналдарда басылған. 3 монография мен 5 патенттің авторы, – деген университет басшысы ғылыми еңбектерінің құндылығын баса айтып, әлем мойындаған ғалымның қарапайым болмысын да тілге тиек етті.
Келесі кезекте сөз алған ғалымның шәкірті, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мұсахан Мұратбеков ғалымның әлемдік ғылым саласына қосқан өлшеусіз үлесі туралы сөз қозғады. Дүниежүзі бойынша шешуі күрделі деп танылған жеті есептің бірін – «Навье-Стокс» теңдеуінің шешімін тапқанын және бұл бағытта ғалым 40 жыл тынымсыз еңбектенгенін де тілге тиек етті. Ашылған аудиториядан оқушылар тағылым алып, ғалымның ізімен ғылымға бет бұрса деген тілегін білдірді.
Салтанатты шарада академик Мұхтарбай Өтелбаевтың өзге де шәкірттері сөз сөйлеп, жылы лебіздері мен тілектерін айтып, ұстаздарына зор алғысын жеткізді.

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.