«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы өңір тұрғындарына тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметінің толықтай онлайн форматқа ауыстырылғанын және Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) міндетті түрде баруды қажет етпейтінін хабарлайды.
2025 жылғы 19 қарашадан бастап қызмет толықтай онлайн форматқа көшіріліп, тек қашықтан электрондық үкімет порталы, eGov Mobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ банк қосымшалары арқылы көрсетіледі. Жаңа автоматтандырылған рәсім қызметті жылдам, ыңғайлы және артық уақыт шығындарынсыз рәсімдеуге мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар, тіркеу кейбір жағдайларда офлайн форматта — тікелей ХҚКО бөлімшелерінде жүзеге асырылады. Бұл тұрғын үй иелері немесе ортақ иелері кәмелетке толмаған балалар болғанда, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған тұлғаларға қатысты жағдайларға байланысты», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Батырхан Тоқтағұл.
Айта кетейік, интернетке қол жеткізе алмайтын немесе көмекке мұқтаж азаматтар үшін ХҚКО бөлімшелерінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары қарастырылған. Қажет болған жағдайда қызметкерлер өтінім беру кезінде кеңестік қолдау көрсетеді.
Онлайн форматқа көшу мемлекеттік қызметтерді алу жылдамдығын арттыруға және азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған.