Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түйткілдің түйіні тараптардың татуласуымен тарқады

0 2  386

Қаратау қаласының тұрғыны Е. Талас ауданының мүлікті жария ету туралы комиссиясының 2007 жылғы 27 наурыздағы №4906 шешімінің күшін жойып, жер телімінің аумағын анықтау туралы арызымен сотқа шағымданған.

Талап соттың қарауына қабылданып, талап қоюшының дау айту мерзімі қалпына келтірілген. Істі қарау барысында келесі мән-жайлар анықталды. Талап қоюшы өзіне тиесілі үйді жер телімімен 2022 жылғы 14 тамыздағы тұрғын үйді жер телімімен сату-сатып алу келісімшартының негізінде сатып алған. Жер теліміне меншік құқығын беру туралы 2017 жылғы 31 шілдедегі мемлекеттік актісінде, оның мөлшері 0,0891 гектар деп көрсетілген. Кадастрлық құжаттарға сәйкес, оның жер телімі мемлекеттік актіде көрсетілген шеңберде емес, іс жүзіндегі шеңберімен өлшенгені анықталды. Себебі жер телімінің мөлшерін қайта анықтау кезінде оның көлемі кем болып шыққан. Яғни оның пікірі бойынша, көршілес орналасқан жер телімінің иесі, көршісі Ш.-ға мүлікті жария ету туралы комиссиясы 2007 жылғы 27 наурыздағы №4906 шешімімен оған тиесілі жер телімінің бір бөлігін заңсыз берген. Сол себепті, талап қоюшы аталған шешімнің күшін жойып, өзіне тиесілі жер телімінің шеңберін қайта айқындап, мемлекеттік актіні жаңадан беруді сұраған.
Сотпен істі сот отырысында қарау- ға дайындық жүргізу барысында, сот істің мән-жайларын толық анықтау мақсатында жер телімдерінің орналасқан мекенжайы бойынша барып, тараптардың, мамандардың қатысуымен әңгімелесу жүргізген. Оның барысында мамандермен екі көршілес орналасқан жер телімдері қайта өлшеніп, сызбалары қағаз бетіне түсірілген.
Істі сотта қарау барысында Жамбыл облысы, Талас ауданының мүлікті жария ету туралы комиссиясының 2007 жылғы 27 наурыздағы №4906 шешімінде талап қоюшының көршісі Ш.-ға үйді жер телімімен қоса рәсімдеп беру туралы келісімін берген, бірақ жер телімінің мөлшерін, көлемін, шеңберін анықтап көрсетпеген.
Сотта жауапкердің жағында дау- дың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы Талас аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі өзінің тарапынан жіберілген қатені мойындап, талап қоюшы мен жауапкер Ш.-ға берілген жер телімдерін қайта өлшеп, нақты шеңбері бойынша мемлекеттік актіні беруді міндеттенген. Сол себепті, сот дау өз шешімін тапқандықтан, тараптармен ұсынылған дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімдерін бекіткен. Яғни талап қоюшыға бастапқы кезде берген мемлекеттік актісі құзырлы органмен өлшенбей, тексерусіз берілгені, сол себепті мемлекеттік актідегі көрсетілген жер телімінің көлемі іс жүзіндегі жер телімінің мөлшеріне сәйкес келмейтіні анықталды. Демек, мемлекеттік мекеме өзінің құзыретін заң талаптарына сәйкес атқарған жағдайда мұндай дау орын алмайтыны анық еді.

Л.Дукенбаева,
Талас аудандық сотының судьясы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.