Қалалық қоғамдық-саяси газет

Су қоймаларының жағдайы жіті назарда

0 213

Бұл күндері еліміздің бірнеше өңірінде топан су қаптап, жұртшылықты әбігерге түсіруде. Бұл өз кезегінде өзге аймақтардағы су қоймаларының жағдайын жіті зерттеуді талап етіп отыр. Соған орай, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңіріміздегі басты су жүйелерінің бірі – Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарымен танысты.

Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарының бірқатар елді мекені өзен жағалауына жақын орналасқаны белгілі. Ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Бұған дейін өзеннің 28 шақырымға жуық жағалау бойынша нығайту жұмыстары атқарылған. Дегенмен аралау барысында бірқатар аумақта жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы анықталды. Ол бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Жалпы топан судың алдын алу мақсатында ағымдағы жылғы бекітілген су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарына сәйкес, барлығы 1 790 шақырым канал, 1 833 шақырым арық, 437 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізгіш құрылыстар тазартылып, елді мекендердің айналасына үйінді төсеу жүргізілді. Бүгінде су басуы мүмкін 42 елді мекеннің 34-інен қауіп жойылып, 2 елді мекеннің қаупі төмендетілді, су басуға бейім 6 елді мекен бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Ірі су қоймалары пайдалану ережелеріне сәйкес жұмыс істеуде. Облыстың барлық су қоймаларында тасқын сулар мен еріген суларды қабылдауға арналған қосымша көлемдер қарастырылды.
Қазіргі таңда су қоймаларының толу деңгейі: Тасөткел (қазіргі кездегі техникалық мүмкіндігіне сәйкес есептегенде) – 90, Теріс-Ащыбұлақ – 85, Ынталы – 88, Ақкөл – 20, Қарақоңыз – 99, Бүркітті – 29, Қақпатас – 58, Чоң-Қақпа (Киров) 77 пайызды құрап отыр. Бұл шараларға қарамастан, қауіп-қатер жоқ деп қарап отыруға болмайтыны белгілі. Ауа райының кез келген жағдайына дайын болуға тиіспіз. Сондықтан облыстың аумақтық азаматтық қорғау жүйесі жоғары дайындық режиміне келтірілген. Тәулік бойы кезекшіліктер, таулы аймақтардағы су қорларын әуеден бақылау шаралары ұйымдастырылуда.
Су тасқыны жағдайының күрделенуіне жедел ден қою мақсатында 1 459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралдарынан тұратын күштер мен құралдар топтамасы қалыптастырылды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқановтың айтуынша, су қоймаларының толу деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп, халықты қабылдауға арналған 396 пункт дайындалған.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.