Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаз – ұлылықтың символы

0 2  893

Ұстаз – қастерлі, ұлы тұлға! Күллі адам баласы тәрбиені отбасынан, ортасынан және ең алғашқы негізді ұстазынан алады. Себебі әр баланың ұстазбен бірге өткізетін уақыты көп. Аптаның бес күнінде әр бала ұстаздың назарында. Бүгін ғана бұл мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Дегенмен адам үшін қалдырған ізі мәңгілік жадында жаңғырып тұратын әр тәлім, тәрбиесі лаулап тұрған ұлы ұстаздарды ұмыту мүмкін бе? Әрине, жоқ.

Ең алғашқы өмірдің қызық сәттерін біз ұстаздармен бірге өтеміз. Өмірлік жолдың алғашқы қадамдарын айқындап берген, дүниенің сан қырлы сырларын білуге, ақ пен қараны ажыратуға, сан қилы құбылыстарын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, анаңнан кем ойламайтын жанның бейнесі көңіл төрінен әрқашан орын алары анық. Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әр шәкіртін аялап, өмір атты шексіз ғаламға бұғанасын қатайтып ұшырады. Сол үшін бойындағы бар жақсы, асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Менің ойымша, кез келген мұғалім ұстаз бола алмайды. Ұлы ұстаз болатын адамның бойында дарын, ізгілікті ізденіс пен ерең еңбекке деген махаббат болуы шарт. Сондықтан болар, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген тегін айтылмаса керек.
«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» деп ұлы ойшылдар айтқандай, уақытпен санаспай, өз шаруасын ысырып қойып, әр шәкіртінің болашағы үшін алаңдайтын ұлы жандардың еңбегі еш кетпейді деп үміттенемін.
Әлбетте, мұғалімінің бойында байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, ұстамдылық, сабырлылық сияқты қасиеттер тоғыса келе, мейірімділік атты ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана ұстаз еңбегі өз мәресіне жетіп, «ұлы ұстаз» деген ардақты атаудың шын иегері болады деп пайымдаймын. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға тіршілік иесі, адам баласы құрметпен бас июге тиіс.

Айгерим Примкулова,
Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы география пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.