Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ардагерлер де игі істен шет қалмады

0 71

Халқымыз үшін басты құндылықтардың бірі – бірлік пен өзара көмек. Қазіргі таңда Жамбыл облысының жұртшылығы істің басы-қасында жүріп, зардап шеккен ағайынға гуманитарлық көмектерін жолдап жатыр. Солардың бірі болып Тараз қаласының ардагерлері де белсенділік танытып, қысылған сәтте бауырларымызға қол ұшын соза білді.

Облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Билер кеңесі, Әкелер кеңесі мен Аналар алқасының құрамы, «Атшабар баба» қайырымдылық қоры (Б.Құлекеев), «Келдібек баба» қайырымдылық қоры (О.Шералин), Ауған соғысының ардагерлері (Ә.Ерниязов, К.Ізбасаров), «Ғұмыр-Дария» газетінің ұжымы (Ж.Миллионов), Өрнек ауылы атынан (К.Бейсенбеков), Рахат ауылы атынан (Е.Сәлімбетов), «Леон» сауда дүкені (Балтакүл апа), білім саласының ардагерлері (Б.Жақсыбеков), Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі, Қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Фарида Нақыш қомақты үлестерін қосты.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешованың басшылығымен арнайы құрылған комиссия Ардагерлер орталығына өткізілген жалпы құны 6 млн теңге тұратын қажетті деген заттар мен бұйымдарды қабылдап, олардың сапалық құрамына да назар аударып отырды. Азық-түлік пен киім-кешек, төсек жабдықтары мен гигиеналық тазалық бұйымдары тиелген жүк көлігіне ақ жол тілеген ардагерлер Батыс Қазақстан облысы бағытына жолға шығарып салды. Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай осының өзі біздің ынтымағымызды және ауызбіршілігімізді айқындап беретіндігін айта келе, қайырымдылық көмекке қол созған барлық белсенді ардагерлерге ризашылығын білдіріп, оларға зор денсаулық, баянды ғұмыр тіледі.
– Қайырымдылық іс-шарасы Ардагерлер кеңесінің «Күшіміз – бірлікте!» атты арнайы жобасы аясында ұйымдастырылды. Осындай қиын-қыстау кезеңде ардагерлеріміз бір кісідей жұмыла отырып, ең қажетті деген заттарды жинақтап, қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Тасқын судан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмекке атсалысқан қайырымды жандарға, барлық ардагерлерге жасаған жақсылықтарына Алла Тағала мың сауап жазсын, оларға шексіз алғысымды білдіремін, – деді жолға шығарып салу сәтінде жылы лебізін жолдаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев.

Алдаберді МАҚАШЕВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.