Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаз – ұлы тұлға

0 312

Жер бетіндегі барша азаматты білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаз атаулыға пенде біткен қарыздар. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында осынау ұлы мамандық иелерін ардақ тұтып, сый-құрмет көрсетті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қазан айының алғашқы жексенбісі ұстаздардың кәсіби мерекесі. Осы күннің қарсаңында әр үйдің еркесінің ертеңіне бағыт-бағдар беріп, ізгілікке жол сілтеген мұғалімдерге ыстық ықылас қажет-ақ.

Дала сары алтынға боялған мезгілде, шарқ ұрып жүгіріп, омырауына қызыл-жасыл гүлдерін басқан оқушылар да өз балаң жүрегіндегі жылуын жеткізіп, шат-шадыман, мәре-сәре күйге бөленіп жүр. Пандемия кезінде педагогтардың жүгі де еселене түскені белгілі. Онлайн жүйесінде, қашықтықтан оқыту онсыз да инемен құдық қазғандай білімге салмақ қоса түсті.

– Құрметті білім саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Барлығымыз да өздеріңіздей ұстаздардан тәрбие мен білім алдық. Сіздердің еңбектеріңіз ерен. Себебі, баланың адам болып қалыптасуына қосқан үлестеріңіз орасан зор. Біз осы еңбекті бағалауымыз керек. Қазір қашықтықтан оқыту режиміне көшкен уақытта мұғалімдердің арқалаған жүгі қаншалықты ауыр екеніне әрбір азамат көз жеткізді деп ойлаймын. Бұл педагогтардың сан қырлылығының дәлелі. Сондықтан бар қиындыққа мойымай, шәкірттерін ілім-білімге баулыған мұғалімдерге мың алғыс, – деді қала басшысы.

Өз сөзінде Айтқазы Қарабалаев ұстаздардың еңбегіне құрметпен қарау қажеттігін баса айтты. Соның ішінде, бастауыш сынып мұғалімдерінің жұмысына үлкен назар аудару керектігін атап өтіп, баланың білімге деген құштарлығы бірінші сыныпта қалыптасатынын еске салып, бар ынта-ықылас пен сабырдың нәтижесі жемісті болатынын жеткізді. Сондай-ақ, бюджеттен қаржы бөлінген білім беру мекемелерін жөндеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты. Егер COVID-19 таралу қаупі жойылса, онда екінші тоқсанда балалар дәстүрлі білім беру форматына оралады екен.

– Кез келген адамға сабақ кестесін жаздырып отырып, ереже ұқтырып, әлдене үйретіп жатып, оқушылардың сүйіктісі бола салуды жазбаған. Кейін мектеп бітіріп, еңбек етіп отырып, ұстазын есіне алып, жылы жымиғаны ол ұстазға деген алғысы деп білемін. Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылған шаралардың барлығы өскелең ұрпақты лайықты тәрбиелеуге бағытталған. Назарларыңыз бен қолдауларыңыз үшін үлкен рахмет, – деді N13 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ольга Мемжик.

Мерекелік жиында 6 маманға қала әкімінің «Құрмет грамотасы», білім саласының 9 қызметкеріне сертификат, сондай-ақ, 7 ұстазға «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалының «Құрмет грамоталары» және 10 мұғалімге Тараз қаласы маслихатының «Құрмет грамоталары» тапсырылды. Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев біршама ұстазға естелік сыйлықтар, сондай-ақ жеміс пен гүл шоқтары салынған себеттерді табыстады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.