Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сот төрелігі жетіле түседі

0 251

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сот төрелігін жүзеге асыру тақырыбы аясында брифинг өтіп, онда Жамбыл облыстық сотының ағымдағы жылдың І тоқсанында атқарған жұмыстарының қорытындысы айтылды.

Толғанай АТАБАЙ

Баспасөз жиынында облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов қылмыстық істер бойынша сот төрелігін тілге тиек етіп, соңғы үш айда облыс соттарының қарауына 679 қылмыстық іс түскендігін жеткізді. Сонымен қатар Жоғарғы Соттың пилоттық жобаларын жүзеге асыру мақсатында жүргізілген жұмыстар да кеңінен қаузалды.

– Қоғамдағы дауласушылық деңгейін төмендету мақсатында 2018 жылдың қазан айынан бастап облыс аудандарында билер кеңесі құрылды. Кеңес құрамына ардагерлер кеңесінің мүшелерін арнайы оқытып, медиатор атағы берілді. Жаңа құрылымның жоспарлы жұмысы өзінің нәтижесін беруде. Статистикалық көрсеткіштерге сай, өткен жылдың өзінде Тараз қаласында ажырасу фактілері 30 пайыздан асты. Демек, отау құрған отбасының жартысына жуығы ажырасуда. Сол себепті отбасы құндылығын сақтау мақсатында Жоғарғы Соттың бастамасымен «Отбасы соты» пилоттық жобасы іске қосылды. Ал жоба шеңберінде биыл наурыз айында «Бастау» бағдарламасын қолға алдық, – дейді Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков.
Сот алқаларының құзыреттілігін олардың өнімдері, яғни сот актілері жақсы көрсететіні белгілі. Осы орайда, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов жергілікті сот судьяларының сот актілерін сапалы жазуларына ерекше көңіл бөліп отыр. «Сот шешімі Қазақстан Республикасының атынан шығарылғандықтан, судья сот шешімдерін және басқа да сот актілерін жоғары кәсіби деңгейде рәсімдеуге тиіс. Судья сот актілерінің мәтіндерін сауатты, жатық тілмен жазуға, олардың көлемінің артып кетпеуіне, нанымды, қисынды, жан-жақты дәлелді болуына мән беруге міндетті. Дұрыс рәсімделмеген сот актілері қоғамның сотқа құрметпен қарауына кереғар әсер етеді», – дейді спикерлер.

Жиында облыстық соттың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші судьясы Ғалым Құлекеев сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аймақта атқарылған жұмыстар жайын баяндады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.