Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Соғыстың соңғы солдаты

0 256

Сұрапыл соғыстың жарасы әлі жазылған жоқ. Талай шаңырақты шайқап, ананы жесір, баланы жетім қалдырған қан майданның қасіреті де санадан өшпейді. Десе де «Жеңіс» деген ұлы көктемді жақындатқан батырларымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Тек майдангерлеріміздің қатары жыл санап сиреп бара жатқаны жанға батуда. Міне, сондай соғыстың соңғы солдаттарының бірі – Тараз қаласының тұрғыны Мүтәліп Ережепбайұлы.

Мүтәліп қария 1926 жылы 23 наурызда Талас ауданы, Қарой ауылында дүниеге келген. Әкесі Ережепбай «халық жауы» атанып, 8 жылға сотталып, артынша атылған. Мүтәліп ақсақал анасы Бекпатша екеуі бұл қасіретті де бастан өткерген. Ардагер 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін майдан даласына аттануға өз еркімен бірнеше рет өтініш жазады. Алайда тек 1944 жылы мамыр айында 18 жасында соғысқа аттанған. 664-ші мотоатқыштар полкі құрамында 3-ші Беларусь майданына әскерге шақыртылған. Аз ғана дайындықтан кейін Прибалтика майданында Кенигсберг қаласы маңындағы, Берлин қаласын алудағы шайқастарға қатысқан.
Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен қан майданда жүріп ардагер анасына өлеңмен хат жазған кездері де болған.
«Туған елді көрем, бәлкім көрмеспін,
Ана сендей бола алмайды енді ешкім.
Отанымның тыныштығы жолында,
Жойқын жаумен белдестім…», – деп майдангер анасына, туған өлкеге деген сағынышын өлең жолдарымен жеткізген.
Соғыстан кейін ардагер әйгілі Брест сынды қалаларды қалпына келтіру жұмыстарына қатысып, елге 1952 жылы бір-ақ оралады.
Майдангер ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталған. Ал елге келгеннен кейін 1956 жылы Талас аудандық партия атқару комитетінде нұсқаушы, кадр және құпия бөлімдерінің меңгерушісі, 1958 жылы аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде жауапты хатшы, кейінірек редактор қызметтерін атқарған. Соғыс ардагері – Талас ауданының Құрметті азаматы. Жұбайы екеуі 3 ұл, 3 қыз өсіріп, бүгінде олардан 16 немере мен 43 шөбере сүйіп отыр.
Өткен жылы Мүтәліп қарияның өмірінде тағы бір тарихи оқиға болды. Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко неміс әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылуына 80 жыл толуына орай мерекелік медальдар дайындатып, Брест қамалын қорғау және қалпына келтіру ісіне қосқан үлесі үшін «Неміс фашист әскерлерінің Беларусь жерінен шығарылғанына – 80 жыл» мерекелік медалімен Мүтәліп қария да марапатталды.
Бұл құрмет майдангердің жастық шағының қасіреті мен қаһармандығының белгісі екені анық. Брест қамалы неміс басқыншыларына қарсы күрестің символы болса, сол бекіністі жаудан азат етуге қатысқан Мүтәліп Ережепбайұлының ерлігі тарихта мәңгі қалары сөзсіз.
99 жастың жотасына келсе де Мүтәліп қария өте тың. Халін сұрап келген адамдарды өзі жылы шыраймен қарсы алып, енді соғыс оты тұтанбауын тілеуде.
– Өмір мен өлім арпалысқан соғыста бірнеше мәрте ажал аузынан аман қалдым. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы шығар. Қан майданда аяғымнан ауыр жарақат алып, төсек тартып та жаттым. Алайда, Аллаға шүкір, соғыстан аман оралып, туған өлкемнің дамуына тамшыдай болса да өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Бүгінгі ұрпақ сол бір зұлмат жылдарды көрмесе екен деймін. Жаратқан сондай кезеңді ешкімнің басына бермесін. Мен куә болған қан майданды қазақтың басына енді жазбасын. Егеменді еліміз дамып, халқымыз бай-қуатты ғұмыр кешсін! – дейді қария ақ батасын беріп.
Мүтәліп ақсақалдың жұбайы Тынышбала бастарынан қандай қиындық өтсе де жұптары жазылмағанын айтады. Сондай-ақ майдангер аталарын бүгінде ұл-қыздары мен немере-шөберелі мақтан тұтуда.
– Жарты ғасырдан астам уақыттан бері өмірдің ащы-тұщысын қатар көріп келеміз. Түрлі қиындықты да бастан өткеріп, барлығына шыдадық. Бүгін, міне, перзенттеріміз жетіліп, көз қуанышымызға айналып отыр. Ұл-қыздары үшін әкелері – даналықтың қайнар көзі, тарихтың тірі куәгері. Немере-шөберелері де аталарын үлгі тұтып, денсаулығының зор, өмір жасы ұзақ болуын тілейді, – дейді Тынышбала Нөгербекқызы.
Ақсақал – бейбіт күнде қаруын қаламға ауыстырған жан. Жоғарыда айтқанымыздай, Талас аудандық «Талас тынысы» газетін төрт жылдай басқарса, осы жылдар аралығында «Жамбыл жолы», «Аңызға айналған ақиқат», «Ата қоныс», «Оқ пен оттан оралғандар» атты еңбектері жарық көрген.
Майдангердің:
«Қош келдің, үлкен ауыл тоқсан деген,
Жүріп келем жақсылар өткен жолмен.
Жамбыл жайлы бір еңбек жазып шықтым,
Үмітім бар Жамбыл жасына жетсем деген», – деп тоқсан жасқа келгенде жазған жыр жолдары бар. Расында, биыл тоқсанның тоғызына шыққан майдангердің тілеуі қабыл болып, жыр алыбы Жамбылдың жасына жетіп отыр. Ләйім, Мүтәліп қария ғасыр ғұмырдың да таңын атырсын деп тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.