Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соғымға не сойдыңыз?

Еттің тіс түгілі, түске кіруі мұң болды

0 793

Көрпесіне қарай көсілетін қараша халық қыста соғымсыз отырмайды, мұртын майламаса да, ұртын толтырып жейтін соғым сойып алуға тырысады. Себебі әлімсақтан бері мал шаруашылығын ата кәсібіне айналдырған қазақтың бір күнін етсіз елестету мүмкін емес. Қоңыр күз түсісімен-ақ қорасын сайлап, ірі қарасын байлап, соғымның қамына кірісетін халқымыз әлем бойынша ет тағамын көп тұтынатындардың қатарында. Алайда үйіне келген сыйлы қонағына да ет асып, бас пен жамбас тартатын халқымыздың игі дәстүрі жуық арада ұмыт болатындай. Олай деуімізге шарықтаған ет бағасы себеп.

Статистикалық деректерге сүйенсек, былтырғы жылдың соңында ет және ет өнімдерінің бағасы алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға жоғарылаған. Тағы бір зерттеу бойынша, ет бір жылда 11,2 пайызға қымбаттапты. Яғни бір айда 0,3 пайызға жоғарылаған.
Азық-түлік ең арзан деп саналатын өңірімізде биылғы соғымның бағасы қандай болып тұр? Облыс орталығындағы сауда орындарын аралағанда, біраз нәрсеге көз жеткіздік. Ең әуелі ел аузында «Қайқармет» деп аталып кеткен «Сұлтан» сауда орталығына ат басын бұрдық. Мұнда ет мол, тұтынушы аз екені байқалады. Сатушылар өнімін жарнамалап, талғамыңа сай таңдап аласың деп бірінен-бірі қалысар емес. Сойылған мал етінің кешікпей өтіп кеткені абзал. Сонымен мұндағы бағаға зер салсақ, жылқы еті – 3 200-3 300, сиыр еті – 2 800-3 000, қой еті – 2 300-2 500, тартылған ет 2 000-2 200 теңгеден саудалануда. Қалауын тапсаң, саудагерлер бағасын төмендетіп беруге әзір. Бұл енді қызыл тіліңнің «қызметіне» байланысты.
– Ет бағасы көтерілгелі тұтынушылар азайды. Бұрынғыдай сауда жоқ. Өнімнің өзі бізге қымбатқа келіп жатыр. Үстіне тек нәпақамызды қосып отырмыз. Тұрған орнымызға да ақы береміз. Мұның бәрі оңай емес. Тіпті кейде аудан орталықтарына өзіміз шығамыз. Шығыны көп. Жол жүру, малды арнайы алаңдарға сойдыру дегендей. Тұтынушылар тарапынан реніш болып жатады. «Бағаны қолдан жасап, халықты қанап отырсыңдар» деп ұрысып кететіндер де бар. Қымбатшылық қос бүйірден қысып, қалтаны қағып тұрған кезеңде оларды да түсінеміз. Бірақ біздікі де күнкөрістің қамы болған соң, нарық талабына көнуге тура келеді, – дейді ет сатушы Әлімбек Байназаров.
Бұдан кейін біз аялдаған сауда орындары мен арнайы ет дүкендерінде де баға бір деңгейде. Дегенмен сом етке деген сұраныс төмендегенімен, малдың ішек-қарны, бауыр, бүйрегі мен сорпа жиынтығына (суп набор) тұрғындардың аңсары күрт ауғандай. Мұны сауда орындарында халықтың осы өнімдерді талап әкетіп жатқанынан байқадық. Шаһар тұрғыны Ләззат Бектұрғанованың сөзінше, мұның бір ұшы тағы да сол қымбатшылыққа келіп тіреледі.
– Несін жасырайық, етті аз тұтынатын болдық. Маңыздысын сыйлы қонаққа сақтаймыз. Тіпті қазы, қарта, жал-жаяны ұмыта бастадық. Бара-бара ет жемейміз бе, қалай өзі? Мал бар, бірақ неге қымбат екенін түсінбедім. 5 келі жылқы етін алдым. Бағасы 15 000 теңгеден асты. Бұрын ауылдан соғым келетін еді. Қазір соғымның да бағасы базар нарқына жетіп қалды. Сондықтан амал жоқ, тартылған ет, ішек-қарын немесе сүйек-саяқты талғажау етуге мәжбүрміз, – дейді зейнеткер.
Әрине, жұртшылық базардан келілеп сатып алғаннан гөрі бордақыланған малды сойып алғанды жөн санайды. Қолында төрт түлігі жоқтар мал базарын жағалайтыны белгілі. Сол үшін біз де Қостөбе ауылы маңында орналасқан мал базарындағы бағаларды барлап көрдік. «Ас-Ер» мал базарында сиырлар 300-350 мыңның, ірі жылқы 600-700 мыңның, жабағылар 200-250 мыңның, қой мен ешкі 50-80 мыңның арасында сатылымға шығарылған. Бұл – біз көрген күнгі баға. Соғым науқаны кезінде малдың құны еселеп артатынын да ескерген абзал. Төрт түліктің құны оның қоңына байланысты екені тағы бар. Сол үшін «базарда мал біз ойлағаннан арзан екен» деп ол жаққа асықпаңыз.
– Көбіне жылқы етін аламыз. Ауылда, яғни Сарысу ауданында тұратын туысым өз қорасына жылқы байлап, ауылдастармен бірігіп сойып аламыз. Негізінен, етті сол кісіден аламын, сенімді әрі бағасы да қолжетімді. Жақын туысым болған соң келісін 2 600 теңгеден алып жүрмін. Ал енді Тараздағы шағын базарларда орналасқан ет дүкендерінен жылқы етін – 3 200, сиыр етін 2 800-3 000 теңгеден сатылымға қойғандарын көріп жүрмін. Былтыр күзде ғана сиыр етінің келісін 2 500 теңгеден алып едік, қазір құны 2 800-3 000 теңгеге көтерілді. Енді қыс кезінде соғым уақыты деп тағы қымбаттатады. Бұған бір тоқтам болуы керек қой. Етсіз тамақ жасай алмайсың, барлық ыстық асқа ет қосылады. Неге бағаны бақылауда ұстауға болмайды? – дейді Алшакүл Бекмұсаева.
Жеке кәсіпкер, талай жылдан бері мал сатумен айналысып келе жатқан Ерік Бейсенбеков төрт түліктің бағасының қымбаттауын жем-шөп құнының шарықтауымен байланыстырады.
– Төрт түлікті бордақылаудың машақаты өте көп. Семіз мал соямын десең, қораңдағы малыңа екі есе күтім керек. Қазіргі таңда төрт түліктің соңында жүретін малшы табу да қиынға соғып тұр. Жем-шөптің де бағасы шамадан тыс шарықтап кетті. Бұған еліміз бен өңірімізді жайлаған қуаңшылықтың зардабы аса ауыр тиді. Сондықтан шаруалардың көпшілігін «Малымды қыстан аман алып шыға аламын ба?» деген ой мазалауда. Қақаған қыста малды аштан қырып алғанша, осылай арзанға болса да сатып жіберген барлығымызға да тиімді болып тұр. Өзім де мал бордақылаумен айналысамын. Баға құбылмалы болып тұрғандықтан, нақты құнын кесіп айта алмаймын. Осы кәсіптен ризығымызды айырып отырғандықтан, өзімізден артылған етті сатып, пайдаға кенелгіміз-ақ келеді. Бірақ күн сайын өсіп бара жатқан баға бұған біраз қолбайлау болатын түрі бар, – дейді Ерік Жексенбекұлы.
Әрине, соғым десе ту биені жығып салатын ауыл халқы еске түседі. Әйтсе де, бұл жақта да жағдай мәз емес. Былтыр бір жылқының құны 600-700 мың теңгеге бағаланса, биыл оның құны 800-900 мың теңгеге жетіп жығылуда. Сондықтан туыс-туған, дос-жаранның бас қосып, қауқылдасып «соғымбасын» жейтін салтының да сәні қашып тұр. «Ет дегенде бет бар ма?» деп әзілдейтін халқымыздың сол еттің тісі түгілі, түсіне кіруі жыл өткен сайын мұңға айналып бара жатқандай. Қалай десек те, баға бұлай бетімен кете берсе, «ет жеуден қасқырдан кейін екінші орынды аламыз» деп қалжыңдайтын қазақтың ендігі ас мәзірі тек көкөніспен ғана көмкерілетін секілді.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.