Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашаққа деген нық сенімді оятты

0 1  294

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл қорытындысы ретінде «Егемен Қазақстан» газетіне «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты ауқымды сұхбат берді. Президентіміз еліміздегі саяси өзгерістер жайлы ғана емес, сондай-ақ кейінгі кездері ушығып, қоғам арасында алаңдатушылық тудырып жатқан бірқатар мәселе жайлы кеңінен айтып өтті. Президенттің: «Бұл кезең еліміздің бес жылдық дамуының негізі болады», – деген ойы көңілге қонымды.

Президент аталған сұхбатта 2023 жылы не істелініп, не қойғандығы жайында қысқаша айта келе, ағымдағы жылы атқарылуға тиіс жұмыстар жайында шағын шолу жасады. Одан ары қазақ қоғамында орын алған маңызды саяси-әлеуметтік оқиғаларға байланысты өз пайымдауын жасады. Нақтылап айтар болсақ, қасіретті Қаңтар оқиғасына, «қосарланған билік» жүйесіне, Қаңтар оқиғасынан кейінгі Мемлекет басшысы қолға алған түбегейлі саяси реформаларға, Қазақстандағы саяси тұтқындарға, 2026 жылғы сайлауға қатысты қойылған сауалдарға нақты жауап берілді.
Қоян жылын қорытындылай келе Президент: «…Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтардың жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды», – деді.
Жалпы Президенттің берген көлемді сұхбаты ел тұрғындарының көп сұрағына жауап алып, ой түюіне орасан зор мүмкіндік берді. Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады.
Бүгінде сапалы білім беру және ғылымды дамыту – бұл озық мемлекеттің күн тәртібінде тұрған мәселелер деуге келеді. Өңіріміздегі бірден-бір жоғары оқу орнының Тараз өңірлік университетінде білім саласында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Жоғары білім саласында болып жатқан жағымды өзгерістер сезіліп те жатыр.
Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар тәрізді қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.
Сұхбат барысында Президентіміз жылдан-жылға көбейіп келе жатқан отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі, халықтың әлеуметтік жағдайының одан әрі төмендеуінің салдарынан қарызға белшеден батуы, жұмыссыздық, оның ішінде тәжірибесі жоқ жастардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмауы, көптеген отбасында қаражат жетіспеушілігі орын алса да, елдегі қымбатшылықтың басылмауы секілді мәселелерді көтерді. Әрине, бұл бағытта осы уақытқа дейін де ауқымды жұмыстар атқарылды, дегенмен толық шешімі табылмады. Жалпы Қасым-Жомарт Кемелұлының сұхбат барысында бұл мәселелерді көтеру оның елдегі жағдайды білетіндігін және де әлі де оларға аса мән беріп отырғандығын айта кетті.
Сонымен қатар Президент сұхбатында тәуелсіз Қазақстан тарихында ел есінде ерекше қалған Қaсіретті Қаңтар – aca ықпалды қаскөй топтың экстремистер, қылмыстық топтар мен әсіредіншілдердің көмегімен мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған талпынысының салдары екенін ерекше атап өтті. Олардың мақсаты – елдің іргесін шайқап, билікті басып алу болатын.
Президент Қаңтар оқиғасы кезінде елімізді құрдымға кетуден сақтап қалу үшін «барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым» деді. Осы күндері Ақордаға шабуыл жасау қауіп төніп, Президентті елден кетіруге талпыныс жасалды. Екі апта бойы Президент күн-түн демей Ақордада жиын өткізіп, мемлекетті сақтап қалуға бар күшті жұмылдырды.
Ол туралы Мемлекет басшысы өз сұхбатында: «Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады.
Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды», – деп өз бағалауын жасады.
Осындай жағдайда Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіну туралы шешім қабылдады. Бітімгерлік күштер лаңкестікке қарсы операцияларға қатысқан жоқ, бірде-бір оқ атқан жоқ. Олар аэродром, жылу электр орталығы, телекоммуникация ғимараты сияқты маңызды нысандарды күзетті. Құрылым жасағы Қазақстанға ешқандай талап қойған жоқ және келіскен мерзімнен бұрын елден шығарылды. Атап айтарлығы, 2022 жылы бұл ұйымның төрағасы Армения еді. Ал биылғы төрағалық Қазақстанда. Қаңтар оқиғасы кезінде арандап қалған, бұған дейін сотталған 1 205 адамның 1 095-іне Президенттің бастамасымен рақымшылық жасалды. Қаңтардан халық ел ішіне тыныштық керек екендігін сезінді, бұл сөзімізді Президенттің сұхбат барысында айтқан: «Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт», – деген сөзі дәлел.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды қолдайтынын айтты. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдері жетілдірілді, мұндай қылмыстар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Қазір Мәжіліс депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.
«Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Енді қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайтын құқықтық сана-сезім қалыптастыру керек. Мемлекет басшысы елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалайтынын айтты. «Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек екенін айтты. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты үміт пен болашаққа деген нық сенімді оятып отыр.

Сағынтай ТӘТТІБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті
«Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.