Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жауапсыз серіктестікті қалай жөнге саламыз?

Жыл ішінде 50 мердігердің заңсыз әрекеті анықталды

0 843

Бүгінде Жамбыл облысында құрылыс саласында шешімін таппаған мәселелер шаш етектен. Әсіресе мектеп құрылысына келгенде мердігерлер «бармақ басты, көз қыстыға» салып, «іс бітті, қоян зыттының» керін келтіруде. Құқық қорғау органдары мұндай серіктестіктердің артына майшам алып түскенімен, сапасыз құрылыс пен жосықсыз мердігерлердің саны азаймауда. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына құйылған қаржыға салынып жатқан мектептердің құрылысына қатысты да «бауын тапса, байлауын таппаған» мәселе көп.

Жалпы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан өндірілген қаржыны кәдеге жаратып, жаңа мектептер салу үшін құрылған болатын. Мұндай тың жаңалықты бұқара алғашқыда естігенде айтарлықтай қуанып қалған. Ал қорға 151,9 миллиард теңге түсіп, 96,5 миллиард теңгеге еліміз бойынша 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылатындығы туралы ақпар тарағанда төбеміз көкке жеткендей болды. Аталған қаржыдан Жамбыл облысы да өз еншісін алып, 6 мектептің құрылысы жүретіндігі жұртқа әділдіктің орнағанын сездіргендей еді. Осылайша Т.Рысқұлов, Шу, Қордай аудандарында бір-бір, ал Тараз қаласында үш бірдей мектептің құрылысы басталып кетті. Оның алғашқыларының лентасы қиылып, кілті табыс етіліп қойғанымен, облыс орталығындағы «Арай» шағынауданындағы 600 балаға арналған мектеп құрылысы басшылардың да, бұқараның да бас ауруына айналды. Олай дейтініміз, құрылысы 2021 жылы басталған білім ордасы әлі күнге берілген жоқ. Мектеп құрылысын жауапкершілігіне алған «БазизДорСтрой» ЖШС 1 242 444 268 теңгеге құрылысты бастағанымен, екі жылда құрылыс жұмыстары екі мәрте тоқтап, соңы серістестік басшысы «сыбайлас сипатындағы қылмысқа жол берді» деген күдікке ілініп, ұсталып кетті. Нәтижесінде, 2021 жылдың шілде айында құрылысы басталып, 2022 жылдың аяғында аяқталуы тиіс жоба 2024 жылға бір-ақ созылды. Осыған орай облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312, 1 тармағы, 315-бабына сәйкес «БазисДорСтрой» ЖШС-не 1 380,0 мың және 172,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ серіктестікті «жосықсыз» деп тану туралы сотқа талап берілді. Бұдан бөлек, техникалық қадағалаушы «Тараз-Технопроект» ЖШС-не 621,0 мың теңге айыппұл салынып, сарапшы аттестатының қолданысы 6 ай мерзімге тоқтатылды. Мұндай жүйесіз жұмыстың салқыны облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбайға да тиіп, Әдеп жөніндегі кеңес оны тәртіптік жазаға тартты.
Осылайша шуы басылмаған мектеп құрылысы мәселесін шешу үшін құрылыс басқармасы «СтройМонтажГрупп» ЖШС-мен 141 291,5 мың теңгеге келісімшарт жасасып, қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңға мердігер 100,0 миллион теңгені игеріп, құрылыс жұмыстарын 97 пайызға аяқтағанын айтуда. Алайда жуырда аталған мектеп құрылысымен танысып кеткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров бұл ақпарға күмәнмен қарайды.
– Дәл қазір мектеп құрылысына жұмсалған 1,2 миллиард теңгенің жұмысын көріп тұрған жоқпын. Құрылыс жұмыстары өте сапасыз жасалған. Құрылысқа сапасыз материалдар пайдаланылған. Ертең бұл мектепте балалар білім алатын болады. Олар ойнайды, жүгіреді. Сол кезде сапасыз орнатылған қарапайым есіктерінің өзі қирап қалатындығына шүбәм жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мектептің ішінің де, сыртының да құрылысы талапқа сай емес. Сондықтан бұл мектептің құрылысына қаралған қаржының қалай және қайда жұмсалғанына жіті тексеріс керек. Одан бөлек, мердігер мектеп құрылысы қаңтар аяғының соңында аяқталатындығын айтуда. Алайда мен мұнда әлі екі айдың жұмысы бар екенін көріп отырмын. Сондықтан нысанды жылдам пайдалануға береміз деп сылап-сипай салудың қажеті жоқ, – дейді Паламент депутаты Мұқаш Ескендіров.
Негізі, мәжілісменнің сөзінің жаны бар. Олай дейтініміз, құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков аталған мектептің құрылысын былтыр 2023 жылдың 15 желтоқсанында аяқтаймыз деп уәде еткен болатын. Алайда бұл уәде орындалмады. Сондықтан білім беру мекемесінің құрылысы қаңтар айының аяғында аяқталады дегенге сену қиын.
Күні кеше Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев та құрылыс саласына қатысты бірқатар былықтың бетін ашты.
– 2023 жылы 172 құрылыс объектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 248 әкімшілік іс қозғалды. Бұдан бөлек, 159 тапсырыс беруші, 50 мердігер, 3 жобалаушы, 26 техникалық қадағалаушы, 10 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл сомасы 68 695 930 теңгені құрады.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін бірқатар мердігер лицензиясынан айырылды. Атап айтсақ, «Жуалы ауданы, Қайрат ауылында 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу» нысанын сапасыз орындаған бас мердігер «ЕРК-Астана» ЖШС-не ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 312-бабы 2-бөлігіне сай, сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынып, лицензиясынан айырылды.
Сондай-ақ «Талас ауданы, Қаратау қаласы №3 ықшамауданындағы №6 жатақхананың сыртқы инженерлік-коммуникациялық жүйелерін қайта жаңғырту» нысанының бас мердігері «ЖолЭнергоҚұрылыс» ЖШС құрылыс жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін ӘҚБтК-нің 312-бабы 2-бөлігіне сай әкімшілік іс қозғалып, сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынып, лицензиясының жұмысы тоқтатылды.
Бұдан бөлек, басқарма тарапынан жыл басынан жалпы 17 техникалық қадағалаушыға әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 16 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынып, қолданыстағы техникалық қадағалау жүргізу құқығына сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылды.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл 22 құрылыс нысанының құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 18 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер олар 1 жыл ішінде осы кемшіліктерін қайталайтын болса, лицензиясынан айырылу қаупі бар, – дейді басқарма басшысы.
Байқап тұрсаңыздар, құрылыс саласындағы мәселелер бас шайқатады. Былтырғы жылды айтпағанның өзінде, биылдың жарты айындағы жағдай жаға ұстатып тұр. Осындай сәтте көненің көздерінің кеңестік кезеңдегі құрылыс пен бақылау жұмыстарына аңсары ауып отыратындықтары еске оралады. Жасыратыны жоқ, ол тұста мемлекеттік сатып алу мен жосықсыз мердігер дегенді мүлде естімейтінбіз. Барлық құрылысқа бір мекеме жауапты болып, сапа бірінші орынға қойылушы еді. Ал қазір тендер теңгесіне тіс батырып қалғысы келетіндер көбейді. Жоғарыдан қаралған қаржы мердігердің қолына жетемін дегенше желініп, соңы нысан жобалық құнының жарты бағасына салынып жатады. Мұндай жағдайда серіктестіктен сапаны қалай талап ете аласың? Сондықтан серіктестіктерді сотқа сүйреп, мердігерлерді лицензиясынан айырумен қатар, мемлекеттік сатып алу конкурсының өзін бір сүзгіден өткізу керек. Әйтпесе «баяғы жартас – сол жартас» күйі қалып, мемлекет қаржысы талан-таражға түсе беретіндігі анық.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.