Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әскери міндеттілер антына берік

0 271

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әскери міндеттілердің арнайы жиынға шақырылатыны белгілі болған. Елде төтенше жағдай жарияланып, облыста карантин режимі енгізілген соң аймақта 78, ал қала бойынша 24 адам әскери жиынға қатысуға ниет білдірген.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте сап түзеген жастар алдымен әскери киімдермен қамтылды. Жауынгерлердің алғашқы жиынына облыс әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай барып, сарбаздардың алдында үлкен міндет тұрғанын, оған жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.

Өтініш білдіргендердің ішінде арнайы жасаққа тек жауынгер, мерзімді әскери қызметтен сержант, кіші сержант шенін алған азаматтар ғана іріктеліпті. Олардың қатарындағы медицина саласының қызметкерлері, радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс мамандары мен атқыштар медициналық тексеруден өткеннен кейін ғана құрамға қабылданған. Енді олар дезинфекция жұмыстарына, блок-бекеттерге, патрульдік қызметке жұмылдырылған қосымша күш болып отыр. Әскерилердің денсаулық жағдайы ұдайы бақылауда болмақ. Ал төтенше жағдайға дейін жұмыс атқарып келген әскери міндеттінің ай сайынғы жалақысы толық төленсе, жұмыссыз жастарға ең төменгі жалақы беріледі. Жасақ құрамындағылар таңғы сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін сала мамандарымен бірігіп қызмет атқарып, күнделікті үйлерінен қатынайды. Жиын кезінде әскери міндеттілер әскери қызметкер статусын алады.

Елдегі жағдайға байланысты жауынгерлер сапына қосылған Айдос Қошанов әскери борышын Ақтөбе қаласында өтеп, атқыштардың қатарында болған. Төтенше жағдайға дейін дәнекерлеуші болып жұмыс атқарып келген. Қазіргі уақытта елдің игілігі үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймын деп отыр.

Әскери міндеттілердің құрамында 7 дәрігер мен 7 радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс мамандары бар. Солардың бірі – Жасұлан Әбдіжанов.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін-ақ арнайы жасақтың сапында болсам, елге пайдам тисе деген ой мазалады. Әскери борышымды өтеген жылдары радиациялық, химиялық, биологиялық взводта болдым. Сонда химик болып тәжірибе жинадым. Елдің амандығы үшін бізге жүктелген міндеттерді толығымен орындауға барымды саламын, – деді Жасұлан Әбдіжанов.

Аймақта облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен әскери міндеттілер қажетінше іріктелді. Осымен жұқпалы індеттің алдын алу шараларына жұмылдырылған сарбаздардың саны артты. Алдағы уақытта атқарылған жұмыстар оң нәтиже береді деген сенімдеміз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.