Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілеуі бар тірі оралады

0 198

1941 жылдың 22 маусымы – адамзат тарихына миллиондаған адамдардың өмірін қиған сұрапыл соғыстың басталған күні ретінде қара таңбамен жазылып қалғанына да 79 жыл уақыт өтті. Адамзатқа қарсы жасалған қан-қасапқа қарсы тұрып, төрт жылға созылған соғыста қолынан қаруын тастамай, жеңіске жету жолында жан аямаған сарбаздардың қатарында Мұстафа Шахабаев та бар еді.

Арайлым Шабденова

Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама қандастарымызды қыршынынан қиып, халқымызды селдіретіп тастағанымен, рухымызды тұншықтыра алған жоқ. Керісінше, соғысқа дейінгі кезеңде қудалауға ұшыраған ұлттың ұлдары қан майданда өздерінің қайсарлығын дәлелдеп, елдің еңсесін көтерді. Бір жоғалту екінші бір нәрсені тауып беретіні секілді, соғыс біздің рухымызды шыңдады: батырларымыз батыр ұлттың ұрпағы екенімізді танытса, ақындарымыз от ауызды, орақ тілді елдің ертеңінің кемел екенін дәлелдеді.

Бүгінгідей бейбіт заманда Ұлы жеңістің 75 жылдығын тойлап жатырмыз. Жеңістің бізге оңай келмегендігі тарих беттерінде бар. Күн санап қатары азайып бара жатқан ҰОС ардагерлерінің өз ауыздарынан да сұрапыл соғыстың, атыс-шабыс пен майдандағы жан беру мен жан алуларды талай естідік те. Газетіміздің Жеңістің 75 жылдығына арналған «Менің атам майдангер» айдарының бүгінгі кейіпкері – Нұркелді Мұстафаев. Нұркелді №39 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ұстаздың атасы Мұстафа жайлы ақпарат жинау барысында соғыс ардагері өз қолымен жазған өмірбаянды таптық. Мұстафа Шахабаев 1924 жылы дүниеге келген. Сарысу ауданы, Байқадам ауылының тумасы. Ол кісі кедей шаруаның отбасында туып өскен. Әкесі Шахабай 1930 жылдан колхоз мүшесі болған. Майдангер 1934 жылдан бастап білім алған. Ал 1942 жылы қазан айында әскер қатарына алынып, 124-ші атқыштар полкінде пулеметші болып Отан алдындағы борышын атқарған.

– Майдангердің немересі болғанымды мақтан етемін. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, атамның ерлігі туралы, оның өмір жолы туралы бала күнімнен Бейсенкүл апамның айтуы бойынша санамда сақталды. Мұстафа үйдің үлкені болғандықтан, әкесі Шахабайға көмек беру мақсатында жұмысқа тұру үшін жасын үлкейтіп төлқұжат жасаған. Еңбек етіп жүрген жылы соғыс басталған. Төлқұжатта кәмелеттік жас көрсетіп тұрғанымен, негізінде атам шамамен 16-17 жаста болған. Ол соғысқа өзінің туысқан ағасымен аттанады. Майданның ортасында жүргенде атама таңдана қараған бір үлкен кісі: «Балам, саған қарасам, сен әлі жап-жассың ғой, сенің ата-анаң бар ма?», – деп әңгімеге тартқан. Атам өз ата-анасының бар екенін айтады. Сонда үлкен кісі: «Балам, сен соғыстан тірі қайтасың», – деген. Атам өзіне қойылған сұраққа таң қалып: «Сіз менің елге аман оралатынымды қайдан білесіз?», – десе: «Сенің үйде тілеуіңді тілеп отырған ата-анаң бар, сен тірі қайтасың. Біздің қайту-қайтпауымыз екіталай, өйткені біздің ата-анамыз жоқ. Ал тілеуі бар тірі оралады», – деген екен. Соғысқа бірге барған туысқан ағасы майданда атамның көзінше жан тапсырған. Украина жерінде, тарихқа сүйенсек те, соғыс Днепр өзенінің бойында болған. Атам су өткелдерінен өтіп бара жатқанда қолына оқ тиіп, сол қолынан айырылған. Өзекті өртейтіні – атамды көре алмағандығым, – дейді Нұркелді Мұстафаев.

Майдангер 1943 жылы қараша айында №946 ауруханаға сол қолынан жаралы болып түскен. Ал 1944 жылы маусым айында елге оралған солдат өзі туған колхозында жұмыс істейді. «Колхоз правлениясы мені 1978 жылы күз айында Жамбыл қаласындағы 1 жылдық ауыл шаруашылық мектебіне жіберді. Сол мектепті бітіргеннен кейін Байқадам селосында зоотехник болып 5 жыл жұмыс істедім. 1954 жылдың мамыр айынан бастап отбасылық жағдайыма байланысты Шу Қаракөл совхозына келдім. Бұл совхозда төрт жылдан астам уақыт жұмыс жасадым», – деген майдангер өз өмірбаянында. Соғыстан қайтқан солдат 1958 жылдың қыркүйегінен бастап Ұланбел орта мектебінде есепші болып жұмыс атқарған. Мұстафа Шахабаевтың өзі 1960-1961 оқу жылында Ұланбел орта мектебінде кешкі мектептің 10 класын бітірген. Елге оралғаннан кейін Мұстафа Шахабаев шаңырақ көтеріп, Бейсенкүл апамен 5 ұл, 4 қыз сүйеді. Жарты ғасырдың куәсі болған майдангер 1974 жылы өмірден озған. Бүгінде 9 ұл-қыздан 34 немере және шөберелер аталарының ерлігін ауыздан-ауызға айтып жүр.

Сондай-ақ «Жеңіс» саябағында жауынгерлер мемориалдық тақтасында батырдың есімі тасқа қашалып жазылған.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласына өмірдің қымбат екенін танытты, өмірді сыйлауды үйретті. Тұтас елді, ұлтты құртуды мақсат еткен адам баласының қолымен жасалған қылмыстың қаншалықты ауыр болатынын санаға сіңірді. Соғыс деген біз ойлайтындай, адамға ерлік жасауға мүмкіндік берілетін алаң емес. Онда:
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Я өліп, я болмаса өлтіретін.
Жүректе жұлдызыңды жанып тұрған,
Жандыратын, болмаса сөндіретін.
Соғыста бір-ақ заң бар мен білетін,
Кеудеңмен қорғап қалу жердің бетін.
Жас қаның туған жерге босқа ақпасын,
Онсыз сен көре алмайсың елдің бетін, – деп соғыс ардагері, қаламгер Сырбай Мәуленов айтқандай, адам өлмеу үшін күреседі.

– Біздер – еркіндікті аңсаған, қаншама жылдар бодандықта өмір кешіп, елі мен жері үшін жан беріскен батырлардың ұрпағымыз. Біздер – бүгінде тәуелсіздіктің құрдастарымыз. Бейбітшіліктің қадірін біліп, келер ұрпаққа соғыс туралы естіген әңгімелерімізді жеткізіп, өткенді ұмыттырмауымыз керек деп ойлаймын. Бүгінде қатары азайған ардагерлердің жасы да сексеннің сергелдеңінен асты. Оларға деген құрмет, тағзым тек мерекелерде ғана емес, әрқашан жасалынуы керек деп білемін. Ешкім, ешқашан ұмытылмайды. Соғыс туралы фильмдерді көріп немесе ақындардың өлеңдерін оқып отырып, өзім майдангердің немересі ретінде бүгінгі ұрпақты Отанды сүюге шақырамын. Бір жолы «Мың қолдар сау болсын деп, Мен бір қолымды бердім. Мың жолдар жалғансын деп, Мен бір жолымды бердім» деген өлең жолдарын оқып отырып, атамды еске алдым. Мен майдангердің ұрпағы екенімді мақтан етемін. Соғыстан қайтқан солдаттардың артында еске алатын елі барда, қол жайып, Құран бағыштайтын ұрпағы барда олар мәңгі тірі! – дейді Нұркелді Тұрсынбайұлы.

Бүгінде Мұстафа Шахабаевтың ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп, өсіп-өнуде. Батыр атамыздан тараған ұл мен қыз Шахабаевтар әулетінің шамшырағын өшірмей келеді. Атамыздың ұрпақтары мен туған-туыстары оның батырлық пен қайсарлыққа толы ерлік жолын әрқашан мақтан тұтады. Ер есімі ел есінде мәңгі сақталады!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.