Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әскери кафедраның құрылғанына – 60 жыл

0 138

Дулати университетінің әскери кафедрасы оқу орнының айнымас бөлшегі, айбынды бет бейнесі. Ондағы әскери тәртіп, студенттерге қойылатын талап, жауынгерлік даярлық бәрі де күнделікті оқу үрдісінен өзгеше. Онда жауынгерлер өмірі өзгеше өрбиді, жастарды елінің патриоты, ұлтжанды азаматы етіп тәрбиелейді.  Ел іргесін жаудан қорғайтын, Отанымыздың қауіпсіздігін сақтауды мақсат еткен жастарды тәрбиелейтін кафедраның құрылғанына 60 жыл толды.  Осыған орай кафедраның саптық алаңында әскери эстафета өтті.

Жиында алдымен Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректор Аслан Тұрлыбек сөз алып, мерейлі датамен құттықтады. 60 жыл аз уақыт емесін айтып, осы уақытқа дейін тәрбиеленген мамандардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қосқан үлесінің аз емесін атап өтті.

Әскери кафедраның бастығы, полковник Сағат Мұқышев кафедра ұжымын, студенттерді құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Атаулы датаны атап өту аясында жас ұрпақты тәрбиелеуде сіңірген еңбегі, қорғаныс саласына әскери мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін кафедраның  бірқатар қызметкері алғысхатпен марапатталды.

Әрмен қарай іс-шара әскерилендірілген эстафетамен жалғасын тапты. Студенттер Калашников автоматын бөлшектеп, жинау, газтұмылдырықты жылдам кию, белтемірге тартылу, тир ату бойынша өзара сынға түсіп, мықтыларды анықтады. Үздік қатысушылар грамоталармен марапатталды.

Тарихқа үңілер болсақ, әскери кафедра 1963 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының негізінде құрылған. 1998 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі  технологиялық институты мен Жамбыл педагогикалық институты біріккен соң М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің әскери кафедрасы болып өзгерді. Ал 2020 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің әскери кафедрасы деп аталды. Әскери кафедра құрылғаннан бері қарулы күштер мен басқа да құрылымдар үшін 20 мыңнан астам жоғары білікті мамандарды, запастағы офицерлерді  даярлады.  Түлектеріміз Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарында, ҰҚК, ІІБ, ТЖ, кеден басқармасында қызмет атқарады. 2003 жылдан бастап әскери кафедраға оқуға қабылдау ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырысына сәйкес жүргізіледі.

Гүлбақыт Берікқызы, журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.