Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білікті маман білгенімен бөлісті

0 134

Дулати университеті қабырғасында «Цифрлық дәуірдегі педагог-психолог тұлғасын трансформациялау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға  «Педагогика және әлеуметтік ғылымдар» факультеті, «Педагогикалық психология» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор м.а., Академиялық жұмыс жөніндегі департамент директоры Сәуле Құрмантайқызы студенттер мен магистранттарға жиынның маңыздылығын түсіндірді. Технология қарқынды дамыған заманда бәрі өзгеріске ұшырайтынын, ал адам сол өзгеріске бейімделіп өсіп, дамитынын тілге тиек етті. Заман талабынан қалыс қалмас үшін бүгінгі педагог, психолог, саясаттанушы мамандар да үнемі ізденіп, даму керегін айтты.

PhD, профессор, «Психолог шеберлік мектебінің» директоры, ҚР Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттары қауымдастығының Кеңес мүшесі Күлмаш Елшібаева тақырып аясында ойымен бөлісті.

–  Трансформация қарым-қатынастан пайда болады. Тұлға әрдайым өзін өзі дамытып отыру керек. Педагог-психолог басқаға көмек бермес бұрын, ең алдымен өзін дамыту керек. Бүгінгі педагогика, психология саласы қарқынды дамып келеді. Шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасамыз. Отандық ғалымдар мол тәжірибені өз саламызға тегіс енгізе салмаймыз, оны ұлттық болмысымызға сай келетіндей етіп бейімдейміз,-деді. Педагог-психолог мамандар ерекше таза жандар екенін айта отырып, білікті маман болып қалыптасу үшін оқу мен ізденістің маңыздылығын жан-жақты түсіндірді. Тәжірибелі маман бірнеше тренингтер арқылы, қатысушылардың жан дүниесін түсініп, маман ретінде кеңес те берді. «Тұлғаның өзін-өзі дамытуы және нәтижелі коммуникация» тақырыбында психологиялық тренинг жүргізді. Сондай-ақ, «Масканы шеш», «Жылы сөз», «Айт» деген тақырыптарда психологиялық жаттығулар жасалды.

«Педагогикалық   психология» кафедрасының   меңгерушісі Клара Сматова Күлмаш Ғалымжанқызына алғыс білдіріп, айтылған ақпараттар мен психологиялық жаттығулар қатысушылар үшін пайдалы әрі қызықты болғанына сенім білдірді. Алдағы уақытта студенттер үшін бөлек, ал педагог мамандар үшін бөлек іс-шара ұйымдастырылатынын хабарлады.

Дөңгелек үстел «Ой талқы» айдарымен жалғасты. Онда студенттер мен магистранттар көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Маманның кеңесіне құлақ түрді.

Гүлбақыт Берікқызы, журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.