Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шоқан Уәлихановтың Әулиеатаға сапары

0 722

Сонау ХІХ ғасырда әлемге аты шыққан алғашқы қазақ ғалымдарының бірі Шоқан (шын есімі – Мұхаммед-Қанапия) Шыңғысұлы Уәлиханов еліміздің тарихында ерекше орын алады. Ол Абылай ханның шөбересі, Уәли ханның немересі 1835 жылы қазіргі Қостанай өңіріндегі Аманқарағайда (базбір мәліметтер бойынша әкесі Шыңғыстың қыстауы Күнтиместе) дүниеге келген.

Оның балалық шағы Құсмұрын мен Сырымбетте өтті. Сырымбет әжесі Айғанымның салдырған құтты қонысы еді. «Шоқанға зеректік әжесінің тәрбиесінен келді» деп жазады білушілер. Мұсылманша хат танып, қиссалар мен ауыз әдебиетімен, ертегі мен аңыздарға сусындаған дарынды бала жастайынан білімге құштар, зерек болып өсті. Әкесі Шыңғыс оның табиғатынан алғырлығын, сезімталдығын байқап, сол кезде-ақ танып, оны 12 жасында Ресейдің Омбы қаласындағы кадет корпусына оқуға түсіреді. Өзінің ерекше қабілетінің арқасында ол қысқа мерзімде орыс тілін жақсы меңгеріп, көп уақыт өтпей-ақ үздік, талапты оқушылардың қатарына қосылады. Сол жерде графикалық үлгідегі сурет салуды әжептеуір меңгереді. Негізгі сабақтан басқа, жас Шоқан араб, парсы, француз, неміс, татар, шағатай тілдерін де үйренеді. Сөйтіп, Шоқан орыс оқуына бала жасынан кіріп, орыстармен ерте араласты. Негізі аты Мұхаммед-Қанапия бола тұра, ағайын-туыстарының өзі «бұл орысқа шоқынып кетті» деп атын Шоқан деп кетті. Сол атымен тарихта қалды. Бірақ солай екен деп, оны «расымен де, шоқынған екен ғой» деудің қажеті жоқ. Бұрындары қазақ орыспен араласқан адамның кез келгенін «шоқынып кетті» дейтін. Әлібек Жангелдинді де солай деп айтады. Бірақ ол мұсылман болған, Құран оқымай, асқа отырмаған.
Шоқан туралы жиһанкез ғалым Потаниннің: «Бұл Шоқанға мен таңғаламын. Петербургке барса, тап-таза еуропалық, ал мұнда келсе, тап-таза шығыс адамы, нағыз қазақ болып шыға келеді», – деп жазғаны бар. Шынымен де, қанша жерден алыпқашпа әңгіме айтылса да, өмірінің соңына таман Тезек төренің ауылында болған Шоқан мұсылмандықты қалай ұстанатынын, Құдайын ұмытпағанын баршаға дәлелдеп кеткен.
Кадетті тәмамдағаннан кейін озық ойлы жас офицерді сол жерде әскери қызметке қалдырады. Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х.Гасфорттың адъютанты бола жүріп, ол көптеген экспедицияның құрамында зерттеу сапарларына қатысады. Оңтүстік Қазақстан өлкесі мен Ыстықкөл аймағын түбегейлі зерттеп, карталар жасап, ол аймақтар жөнінде құнды материалдар жинайды. 1856 жылы Ресей мемлекетінің елшілерімен бірге Құлжа қаласында болып, саяси зерттеу қызметіне араласады. Омбыда орыстың белгілі зерттеуші-географы П.П.Семеновпен (Тянь-Шаньскиймен) танысып, оның қолдауымен 1857 жылы Ресейдегі ең беделді ғылыми қауымдастық Орыс географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланады.
1858-1859 жылдары Шоқан сол кездегі көпшілік үшін «жабулы, жұмбақ мемлекет» саналатын Қашқарияға экспедиция құрамында іссапарда болып, ол өңір жайлы көптеген құнды, тың мәліметтер жинайды. Сол сапарда экспедицияның жинаған материалдары бүкіл Еуропа ғылымы үшін баға жетпес үлкен жаңалық болды.
Дарынды жас ғалым, әскери офицер Ш.Уәлихановтың еңбегі бағаланып, Ресейдің сол жылдардағы астанасы Петербургке шақырылып, ол екі жыл (1860-1861 жж.) мәдениет және білім орталығында өндіре жемісті қызмет етті, көптеген қызықты ғылыми еңбектер жазды. Бұл жылдар, шынында да, алғыр Шоқан үшін өте пайдалы, табысты жылдар болды. Ол көптеген орыс зиялыларымен танысып, олардың біразымен сырлас-пікірлес болып, жаңа достар тапты, білімі мен дүниетанымы едәуір толығып, талғампаздығы, қабілеті жоғарылады.
Әттең, солтүстіктің ылғалы мол, қысы қытымыр суық, күзі мен көктемі тұманды да ызғарлы шаһардың ауа райы кең даланың мөлдір, таза ауасына, сағым ойнаған кең даласына үйренген Ш.Уәлихановтың денсаулығына керісінше әсер етіп, ол өкпе ауруына шалдығады. Дәрігерлердің кеңесімен, өкініш кеудесін кернеп, туған атамекені Қазақстанға кері қайтты. Елге келгеннен кейін Атбасар округінің аға сұлтандығына сайлауға қатысып, ағайынның алауыздығынан бұл қызметте жолы болмады. Содан жерлестері мен ағайын-жұрттың қолдауынан күдер үзген ол өзінің жастық шағын өткізген ортаға, Омбы қаласына оралып, сол жердегі заң комиссиясы құрамына қабылданып, өз бойында жинақтаған білімі мен тәжірибесін пайдаланып, қазақ даласында сот-әкімшілік реформасын жүргізуге бар ниетімен атсалысады.
1864 жылы көктемде Шоқан Батыс Сібір әскери округінің полковнигі М.Г.Черняевтің басқаруымен Оңтүстік Қазақстан өлкесін Ресейге қосу мақсатымен жасақталған әскери жорыққа қатысады. Алайда М.Черняевтің жергілікті халықты аяусыз таптап-жаншығанын, шектен тыс қатал жауыздық әрекетін өз көзімен көрген Шоқан қолбасшысының қарапайым халықты орыстарға бағындырып, еркіндік пен тәуелсіздігінен айырып, отарлау үшін қанға бөктірген зұлымдық әрекетіне қарсы болып, әскери қызметтен мүлдем кететіні жайлы рапорт жазып, Әулиеата шаһарының түбінде бір топ офицерлермен кері Верныйға (қазіргі Алматыға) қайтып кетеді.
Денсаулығы нашарлағанын сезген отставкадағы офицер Ш.Уәлиханов ауа райы қатал, қысы суық Омбыға бармай, жері шұрайлы, ауасы мен суы таза Жетісудағы албан руын билеген аға сұлтан Тезек төренің ауылын мекендейді. Осы жерде ауыр науқастан айыға алмаған Шоқанның денсаулығы бірте-бірте төмендеп, өкпе ауруы дендеп, 1865 жылы сәуір айының 4-інде Алтынемел өңіріндегі Көшентоған мекенінде 30 жасында көз жұмады. Ұлы ғалымның сүйегі Талдықорған облысындағы (қазіргі Алматы облысында) Алтынемелде жерленген. Қазір ол жерде мемориалды кешен орнатылған. Шоқан Уәлихановтың өмірі жайлы бізге жеткен қысқаша мәлімет осындай.
Ал қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов Әулиеатада болған ба? Ол қашан, қандай жағдайда болып еді? Міне, осы сұрақтар төңірегінде сөз өрбітіп көрелік…
Біз осы мақаланы жазарымызда, алдымызға ғұлама ғалымның Әулиеата өңіріне келген сапары жайлы, оның қысқа өміріндегі соңғы әскери жорығына түбегейлі талдау жасап, оған орынды баға беру болды.
Тарихтан Верный (қазіргі Алматы) ол жылдары орыс әскерінің шекаралық бекіністерінің бірі болғаны белгілі. 1864 жылдың көктемінде Верный бекінісінен полковник Михаил Григорьевич Черняевтің басшылығымен жорыққа аттанған әскери жасақ, құрамында 68 офицер, 2571 солдат және 400-ден астам жергілікті қазақтардан құралған милиция тобы, 22 қарулы зеңбірегі бар отряд Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі елді мекендер мен қалаларды күшпен жуық арада Ресейге қосуды мақсат етті. Сөйтіп, Ресей мемлекеті Орта Азия мен Қазақстанды отарлау- ды сол жолы толық аяқтауға тиіс болды. Бұған шетелден Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің Азия елдері департаментіне астыртын жеткен суық хабар себеп болды. Онда Ұлыбритания отаршылары Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағын жаулау қызметтерін жандандырып, Қоқан, Бұхара, Ташкент шаһарларын басып кіріп, онда бекем орнығып алу саясатын мақсат еткені жайлы еді. Бұл ақпарат сол кездегі Ресей басшыларын қатты қобалжытып, тезірек өздерінің ертеден келе жатқан отаршылдық жоспарын іске асыруға итермеледі. М.Г.Черняев өзінің әскери жорығына күшпен отарлап алған сол өлкелерді ғылыми негізде түбегейлі зерттеп, географилық картасын жасау үшін ғалым-зоолог Н.А.Северцевті, этнограф Ю.Д.Южаковты, суретші М.С.Знаменскийді шақырды. Сол ғылыми зерттеушілер тобының құрамында талантты да білгір ғалым-географ, сұлтан, поручик Шоқан Уәлиханов та болды. Патша үкіметі М.Черняевқа жорық алдында мүмкіндігінше Әулиеата, Шымкент, Ташкент қалаларының басқарушыларымен, «жергілікті қырғыздармен» өзара келісімге келіп, шу-жанжалсыз, ешқандай қақтығыссыз, соғыссыз, қантөгіске бармай-ақ, Ресей мемлекетіне бейбіт түрде қосылуды ұсынуды тапсырды. Ол тапсырманы орындау үшін патша үкіметі М.Черняевқа қазақ және татар тілін жақсы меңгерген, тапқыр да білімді штабс-ротмистр Шоқан Уәлихановты пайдалануға кеңес берді.
Ол әскери жорық «Түркістан сапары» деп аталып, 1864 жылдың 1 мамырында Верный бекінісінен оңтүстік аймаққа аттанды. Жол бойындағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарына алдын ала Шоқан дайындаған үндеу хат жолданып, олар орыс әскерлеріне ешбір қарсылық көрсетпей, бейбіт жағдайда Ресей мемлекетіне қосылуға шақырды. Сол ұсынысқа келіскен барлық тұрғындарға кешірімділік, рақымшылық жасалып, алдыңғы кезде олар еш қиындықсыз бейбіт өмір сүретіні түсіндірілді. Оған жергілікті байлар мен билер келіспей, қолдарында оқ-қаруы жоқ жергілікті халықты сақадай сай қаруланған орыс әскеріне қарсы қойды. Ш.Уәлихановтың пайымдауынша, ол осы сапар барысында жорық өтетін өңірде тұратын қазақтар мен қырғыздар арасында көп жылдар бойы шешілмей келе жатқан даулы істер мен тіршілік проблемаларын әділетті қарап, олар жергілікті би-болыстардың біріккен алқаларында шешіледі деп ойлаған-ды. Бірақ ол анағұрлым ауыр, өмірде мүлдем басқаша болып шықты.
1864 жылдың 25 мамырында М.Черняев басқарған қарулы әскери жасақ Меркі қамалын басып кірді. Әскери топ бұл қамалда бірнеше күн аялдады. Әр уақытын тиімді пайдаланатын дарынды ғалым Шоқан Уәлиханов Меркі төңірегіндегі әсем Алатау бөктерінің табиғатын қызықтап, сол аймақтың өсімдік және жануарлар әлемін зерттеп, ертең ғылым үшін пайдасы тиер-ау деген мәліметтерді қағазға көптеп түсірді. Ғалым-зоолог Н.А.Северцев Меркі қамалы орналасқан тау бөктеріндегі табиғатты, онда тіршілік ететін жәндіктерді егжей-тегжейлі зерттеп, көптеген қызықты мәліметтер жинады. Ол бұл өңірге болашақта орыс көшпенділерін орнықтырып, табиғаты бай, жері сулы жерлерге қоныстандырудың жоспарын жасап әлек болды. Бұл жерлер көшпенді орыстар үшін таптырмас жұмақ мекен болатынын сілекейі аға жыр қылып айтып жүрді. Меркіде Шоқанның төрелігімен осы өңірдің билерінің біріккен соты өтіп, онда көп жылдардан бері қордаланып, шешімін таппай келе жатқан қырғыз-қазақ арасындағы дау қаралды. Сұлтан, штабс-ротмистр Ш.Уәлихановтың әділ ұсынысын көпшілік ризашылықпен қабыл алып, екі жақ та бітімге келіп, көңілдері толып тарасты. Бұл туралы полковник Михаил Григорьевич Черняев 1864 жылдың 27 мамырында Батыс Сібір әскери басшысы Дюгамельге жазған рапортында егжей-тегжейлі баяндайды.
Бірер күн демалып, тыныққан әскери жасақ 28 мамыр күні ертемен Меркіні тастап, Әулиеата шаһарына бет алды. 2 маусым күні орыс әскерлері Әулиеата маңына келіп жетіп, қаланың шығыс жағындағы Тектұрмас төбесіне орналасты.
Таңертеңгі уақытта қыр басына көтерілген екі салт атты алдында алақанға салғандай көз жететін жерге дейін керіліп жатқан әсем панорамаға қызыға көз тастады. Оның біреуі полковник М.Черняев, екіншісі штабс-ротмистр Ш.Уәлиханов болатын. Төменде ақ көбік шашып асау тау өзені Талас буырқанып ағып жатты. Ал оның арғы сол жағасында көк желекке, қалың тал-терекке көмкерілген көне қала Әулиеата қамалының сұлу көрінісі көзге шалынады. Қаланың әр тұсынан еңселі сан мешіттердің күнге шағылысқан күмбездері көрінеді. Ұйқыдан ерте оянған қала тұрғындары күнделікті үйреншікті тірлік-тіршілігіне кіріскен. Қамал сыртындағы жатақ үйлерден азанғы тамақ әзірлеп, әуре болып жатқан адамдар мен жағылған оттың түтіндері көрінеді. Әсіресе ерекше көз тартатын қамал ортасындағы Қарахан мен сонау көз ұшындағы Аса өзенінің жағасындағы қыратта зәулім теректер арасында бойы асқақтай көрінетін – Айша бибі және Бабаджа-хатун кесенелері. Көз ұшында қатпар-қатпар болып қазақ тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратау жоталары көлбеңдейді. Оңтүстік-шығыста шыңынан қысы-жазы қар кетпейтін, ақ сәлделі Алатаудың тамаша көрінісі де өзіне еріксіз көңіл аударады. Қаланың солтүстік-батыс бағытында Бурыл тауының сілемдері көзге ілінеді. Бүкіл Талас аңғарының жанға жайлы тыныштығы, таудың кәусар таза ауасы мен төмендегі жасыл ағаштарға оранған шаһардың сұлу көрінісін тамашалап тұрған әлгі аттылы екеуі Әулиеатаға, оның төңірегіндегі мамыражай бейбіт тыныс-тіршілікке қарап ұзақ тұрды. Анда-санда күбір-күбір етіп, бір-біріне сөз тастап қояды…

(Жалғасы келесі санда)

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.