Қалалық қоғамдық-саяси газет

Неке сарайы қашан салынады?

0 420

Осыдан 10-15 жыл бұрын «Таразға не жетіспейді?» деген сауал туындағанда, жұртшылық ұзын-сонар тізімді шұбырта жөнелтетін. Ал қазір жоғымыз түгенделіп, бүлінгеніміз бүтінделді. Өткенге көз салсақ, бір кездері қаланың біраз бөлігі бос, көк шаң мен аңызақ желдің даласына айналып тұрған еді. Бүгінде шаһарды қоршаған еңселі ғимараттар мен биік тұрғын үйлер қаланың ажарын ашып тұр.

Әсіресе жастардың бас қосып, жиналатын орындары қалыпқа келтіріліп, бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған алаңдар көптеп салынды. Жаңаша кейіпке енген саябақтар да жұртшылықтың жанын жадыратуда. Аналарға жасалған айрықша құрметтің көрінісіндей болған «Анаға тағзым» орталығы да алыстан менмұндалайды. Ендігі жетіспей тұрғаны – жас жұбайлардың салтанатты рәсімін өткізетін Неке сарайы. Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі мегаполистерді былай қойғанда, Көкшетау, Маңғыстау, Қостанай сияқты бірқатар өңірлерде дәл осындай нысандар бой көтерген. Осыларды көргенде, бізде сән-салтанаты жарасқан мұндай бақыт мекенінің болмауы арқамызға аяздай бататыны жасырын емес. Тараз қаласында мұндай сарай қашан салынады?
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні Неке сарайын демеушілер есебінен салу жоспарда бар екен. Алайда оның іргетасы нақты қашан қаланатыны белгісіз.
Қазіргі таңда жаңа өмірдің бүрін жарып, болашаққа жұп болып қадам басуды жөн санаған жас жұбайлар заңды түрде неке куәлігін Тараз қаласы әкімі аппаратының АХАТ бөлімшесінен алып жүр. Ал құжат алу барысындағы жөн-жоралғыларды мейрамханаларда жасауға мәжбүр. Оған себеп – жоғарыда айтқанымыздай, жастардың өміріндегі басты қуанышы саналатын күнінде арнайылап бас сұғатын орынның жоқтығы. Қалалық АХАТ бөлімшесінің дерегінше, ағымдағы жылдың 9 айында шаһарымызда 2518 неке қиылған. Бұл көрсеткіш ай сайын артпаса, кемімесі белгілі. Осы сандардың өзі Таразға бір неке қию сарайының ауадай қажеттігін көрсетіп тұр.
– Отбасын құру – әр адамның өмірінде айшықты із қалдыратын қуанышты сәт. Ал осы сәтті жаныңа жақын достарыңмен, ата-анаңмен бірге атап өтуден асқан бақыт жоқ. Осы елдің азаматы болған соң, қидырған некең де заңмен бекітіліп, арнайы куәлігі тапсырылуы тиіс. Бірақ бізде соған сай орынның болмауы қатты қынжылтады. Куәлігімізді АХАТ бөлімшесінен алған соң, қалған қуанышты мейрамханаларда жалғастырамыз. Өзім де жуырда отау құрып, осы жағдайды басымнан өткердім. Сондықтан шаһарымызда Неке сарайы салынса деген тілегім бар. Ол жерде тойханадағыдай қонақтарды күтуге, фото, бейнетүсірілім жасауға, фуршет ұйымдастыруға жағдай жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Тойдың сәнін кіргізетін атрибуттардың бірі – қалыңдық мінген той кортежінсіз елестету тағы мүмкін емес. Сол үшін сарайдың алдында кең автотұрақ орналасса, шырайы кірер еді. Осылайша жиналған қауымның алдында «Сіздерді ерлі-зайыпты деп жариялаймын» деп неке қағазын қолыңа ұстатса, бұл шаттығыңды үстемелей түспей ме? Ал АХАТ бөлімінің қызметкерлерін тойханаға шақырсаң, ол қосымша қаржы мен уақытты қажет етеді, – дейді жуырда ғана шаңырақ көтерген жас отағасы Абылай Сапарбек.
Жалпы жас жұбайлардың ойы бүгінде осыған саяды. Қалаға бір зәулім Неке сарайы салынса деген тілек. Ал әр адам өміріндегі басты қадамдардың бірі саналатын неке рәсімінде жұбайына уәдесін беріп, ғұмырындағы жаңа тараудың бетін ашқан қайталанбас сезімді кең сарайда өткізсе, қандай ғанибет! Келешекте осы бір олқылықтың орны толып, жас жұбайларға арналған еңселі нысан есігін айқара ашады деген үмітіміз зор.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.