Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайластық сыйлық беруден басталады

0 292

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Ал коррупцияға қарсы күрес тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның, мемлекеттік емес ұйымдардың және әрбір азаматтың міндеті болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұған дейін 2015 жылдың 2 қарашасында «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданғаны белгілі. Қазақстанның барлық өңірін қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Осы қоғамдық кеңестер арқылы Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады. Яғни мемлекеттік органдардың қандайда бір шешімдерді қабылдауына ықпал етеді.
Осыдан алты жыл бұрын құрылған «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгінде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған ықпалды қоғамдық ұйымға айналды.
Стратегияда көзделген мемлекет тіршілігіне азаматтық бақылау жүйесін құру және енгізуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ азаматтардың көпшілік ақпаратқа еркін рұқсат алуын қамтамасыз ететін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң күші енгізілген. Аталған заңмен тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі, сыбайлас жемқорлықтан азат болу, мемлекеттік органдарда бар, пайдаланылуы шектелмеген және мүдделі адамдарға қажетті ақпарат қолжетімді болуы және рәсімдер мен талаптар барлық мүдделі адамдар үшін түсінікті болуы көзделген.
Өңірімізде барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – халық үшін мемлекеттік органдардың қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру (open space).
2019 жылы Тараз қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп жаңа форматта қызмет көрсететін «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасын іске асыру аясында Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің ғимаратында орналастырылып, іске қосылды. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен автоматтандыруды қамтамасыз ететін бірыңғай геоплатформа құрылды.
2020 жылы Тараз қаласы, Төле би көшесі, №55 үйде «Open space» форматындағы сервистік қала әкімдігінің кеңсесі ашылды. Мұнда облыс орталығының тұрғындарына ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтер ұсынылуда.
Сыбайлас жемқорлық көріністері үшін алғышарттардың бірі болып шенеуніктің азаматпен тікелей байланысы саналады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу рәсімі неғұрлым оңай және ашық болса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де соншалықты төмен болады. Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға, өзін-өзі реттейтін ұйымдарға кезең-кезеңімен беру іске асырылуда. Мысал ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» (бұрынғы Халыққа қызмет көрсету орталығы) корпорациясы жұмысын атауға болады. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын төрешілдік пен әкімшілік кедергілерін жою үшін мемлекеттік қызметті «жалғыз терезе» қағидаты бойынша көрсету үшін құрылған. Басты оң қасиеттері: барлығына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі, әртүрлі органдардың қызметтерін бір жерде алуға мүмкіндік жасалуы, сондай-ақ құжатты орындаушы мен тұтынушы арасында тікелей байланысты болдырмау.
Тараз қаласы әкімдігінің бірнеше бөлімдерінде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» ашылған. Бұл дегеніміз – электрондық веб-портал арқылы қызметтерді алуды қамтамасыз ету. Бар болғаны, электронды сандық қолтаңба мен ғаламтор желісімен жұмыс істей білу қажет. Қарапайым халыққа да қажетті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ешкімнің көмегінсіз санаулы минуттарда сапалы алуға қол жеткізуге үйрету де мұнда басты назарда.
Заңдардың сапасын көтеру және мемлекеттік қызметкерлерге заңдарды бұрмалауға мүмкіндік бермеу мақсатында, ағымдағы жылы Үкімет тарапынан «Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидалары» бекітілді.
Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлық дертінің пайда болу себептері әлеуметтік, экономикалық жағдаяттарынан қалыптасуы мүмкін. Сондықтан осы зұлымдықпен күресте себептерді дер кезінде анықтау және мемлекеттік басқару жүйесінде сыбайлас жемқорлық көріністерін туындататын жағдайлардың өзін жою бойынша кешенді әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық-құқықтық, оның ішінде идеологиялық-тәрбиелік шараларды іске асыру маңызды.
Адалдық пен әділдік барлық қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынаста сезілуі және көрініс табуы тиіс. Балабақша, мектеп табалдырығынан бастап өскелең ұрпақтың ішкі жан дүниесіне қозғау салып, санаға әсер ету арқылы ар-абырой, адалдық пен әдептілік қасиеттерін бойына мол сіңірген жеке тұлға қалыптастырудан бастау керек.
Сыбайлас жемқорлық, бірінші кезекте қызметтік жағдайын өзінің байытуы үшін пайдалануға жол беретін немесе жол бермейтін жеке адамның, шенеуніктің әдептілік, ішкі жай-күйін бейнелейтінін түсіну маңызды.
Мұндай құбылысқа қарсы тұрудың негізгі факторларының ішінде ымырасыздықты, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасының деңгейін арттыруды атап өтуге болады. Әсіресе жастар арасында жұмыс жүргізу және оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларға тартуға ықпал ету маңызды. Әрбір қазақстандық бұл зұлымдықтың сөзсіз жазаланатынын түсінуі керек.
Аталған қоғам дертімен күресте бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін едәуір арттыру қажет. БАҚ тек ақпарат көзі ғана емес, ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің бір бөлігі, елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын ілгерілетудің маңызды құралы болуы тиіс.
Әрқайсысымыз және жалпы қоғам сыбайлас жемқорлық экономикалық реформаларды ілгерілетуге, инвестициялар тартуға кедергі келтіретінін, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендететінін және сол арқылы біздің әл-ауқатымыздың өсуін, азаматтардың өзекті әлеуметтік проблемалары – жұмыссыздықты, білім берудің, денсаулық сақтаудың жоғары сапасын тежейтінін түсінгені маңызды.
Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуымыз қажет.

Жеңіс Пәрімбеков,
Тараз қалалық қаржы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.