Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ширек ғасыр шеңберінде

0 307

Шаһардың бас үнпарағы «Jambyl-Taraz» газетіне биыл 25 жыл. Ширек ғасыр бойы бұқараны жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп келген редакция ұжымы саладағы сапалы жылдарын газеттің үздіксіз тіршілігіне арнаған ардагер журналис-термен кездесу ұйымдастырды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Олардың қатарында редакцияны тоғыз жыл басқарған Көкен Оршабеков, белгілі журналистер Сапарғали Әлібай, Жамбылбек Шоқыбасов, Сәуле Сейдахметова басылымның тұрақты авторлары Сағындық Ордабеков пен Сейдехан Бақторазовтар бар.

Ардагер қаламгерлермен кездесуді газеттің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали жылы лебізімен бастады.

– Бүгін редакцияға келген ардагерлеріміздің қалам ізі біздің газетімізде сайрап жатыр. Газет оқырманның қолына жол тартқан күннен бастап бүгінге дейінгі тарихты сіздер жасадыңыздар. Бүгінде 25 жасқа толған редакциямызда 21 адам жұмыс істейді. Сіздердің кезеңдегідей емес, қазір көптеген өзгерістер орын алып жатыр. Газеттің тиражы әлем бойынша күннен-күнге түсіп барады. Пандемия біздің жұмысымызға қатты әсер етті. Дегенмен оған қарамастан, газеттің электронды нұсқасын, сайтын, әлеуметтік желідегі парақшаларын жандандырып келеміз. Жастарымыздың күшін, ақылын, идеясын осы нәрсеге жұмсап жатырмыз. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, уақыт ағымынан кешікпеу үшін жаңа өзгерістердің барлығын өңірдегі өзге басылымдардан бұрын игердік. Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылы «Кітап оқып, миллионер бол!» атты жобамызбен елдің назарына іліктік. Былтыр жетінші жыл «Тәуелсіздік дастарқанын» жайып, азаттық таңын жақындатқан азаматтарымыздың рухына Құран бағыштадық. Өңірде сатира жанрын жандандырайық деген мақсатта «Қырық өтірік» байқауын ұйымдастырып, Тазша баланы Тараздан таптық. Бүгін сіздерді арнайы шақырып, газетіміздің бүгінгі буынын өздеріңізбен таныстыруды жөн көрдік. Сіздердің журналистикадағы соны соқпақтарыңыз – бүгінгі журналистерге өнеге, – деп ағынан жарылды Эльмира Иниятқызы.

Жүрек түкпіріндегі риясыз тілегінен соң, Эльмира Мырза-Ғали құттықтай келген ардагерлердің әрқайсысын жеке таныстырып, олардың ұзақ жылғы еңбектері жайында әңгімелеп берді.

25 жыл бойы өз оқырмандарының назарын жоғалтпай, мәнді мақала, мағыналы сөз, салмақты ойдың үдесінен шыға білген ұжым талай жас журналистерге ұстахана болды. Шаһардың бас жылнамасында 9 жыл басшылық қызметте болған Көкен Оршабеков Тараздың 2000 жылдығына арналған мерекелік нөмірді, өз архивінде сақталған естелік суреттерді редакция мұрағатына сыйға тартты. Журналистикадағы еңбек жолдарын «Jambyl-Taraz»-да жалғаған немесе алғашқы қадамдарын осы редакция қабырғасында бастаған ардагерлердің бірі бүгінде көпбалалы әке, енді бірі немере сүйген қарт, әже. Сондай қаламы қарымды журналистеріміздің бірі – Сапарғали Әлібай. «Jambyl-Taraz» газетінің сарғайған парақтарынан ағаның отты тақырыптарға жазған салмақты дүниелерін оқуға болады. Қордаланған мәселелердің тігісін жатқызып, тигізер нүктесіне тигізіп, оқырманның көңілін жау-лап, көптің көкейіндегісін дөп жазуда хас шеберге айналған қаламгердің лебізі көптің көңілін толқытты.

– Газеттің жұмысы оңай емес. Редакция оқырманмен де, билікпен де тату болуы тиіс. «Jambyl-Taraz»-дың қалыптасу жолында Еділ Алиев, Рахан Мумеев, Жамбылбек ағамыз сынды азаматтарымыздың еңбегі ерен. Әсіресе, жанымыздағы Көкеннің де еңбегі орасан. 2002 жылы газеттің екі тілде бірдей жарық көре бастауына Көкеннің өзі тікелей атсалысты. Бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстардың ең ірісі де осы бастама еді. Қазір екі газеттің де өз оқырмандары бар. Тақырыптары тап-тұйнақтай. Айтар ойы да ауқымды. Оқырман әр санын күтіп оқиды. 25 деген – ширек ғасыр. Бүтін бір кезең. Уақыт өзгеріп жатыр. Көштен қалмай келеді екенсіздер. Өздеріңізді шығармашылық тұрғыда шыңдалып келе жатқан, ізденісті тоқтатпайтын, оқырман сұранысын қанағаттандыра білетін ұжым деп білемін. Алған беттеріңізден таймаңыздар. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз көп. Соны пайдалана білетіндеріңізге сенім мол, – деді Сапарғали Әлібай.

Емен-жарқын әңгіме, естен кетпес естеліктер, газеттің еш уақытта тоқтамайтын қыж-қыж қайнаған тіршілігі, шығармашылық идеялар 25 жылдықты қорытындылаған басқосудың өзегі болды.

Газеттің жаңа нөмірін оқырман қолына табыстағанша қыруар шаруа атқарылады. Алдымен нөмір жоспарланады. Тақырыптар бекітіліп, журналистерге тапсырма беріледі. Олар материал жинап, өздеріне берілген бағыт бойынша ізденіске түседі. Мекемелерге, кейіпкерлеріне хабарласып, кездесіп, жиындарға қатысып, мақалаларын тас-түйін әзірлеген соң, редактордың түзеп-күзеуіне жібереді. Жіті редакциялаудан өткен материал корректордың қолына тиеді. Ол өзінің қырағы көздерімен әрбір үтір, нүктеге, әріптердің дұрыс қолданылуына мән беріп, мәтіннің сауаттылығына назар аударады. Қатаң тексерістен соң, дайын өнім дизайнерлерге ұсынылады. Олар өз қиялдарына ерік беріп, мақала мазмұнына қарап дизайн жасайды. Бетке түскен мақалалар корректор мен кезекші редактордың тексерісінен, одан соң бас редактордың мақұлдауынан өтеді. Осындай ұзақ та күрделі, тиянақтылықты талап ететін процестерден соң ғана газеттің компьютердегі нұсқасы баспаға жіберіледі. Келесі күні жаңа нөмір талқыға салынады. Осындай қайнаған тіршілікті он жылға жуық өз бақылауында ұстап, «Jambyl-Taraz» жастарының сүйікті ұстазына, қырағы редакторға айналған Ерман Әбдиев те келген меймандардың қатарынан табылды. Бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етіп жүрген қаламы қарымды журналист он жылдың тізбегіндегі жылы естеліктерімен бөлісті.

– Менің журналистикадағы 10 жыл өмірім Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің қабырғасында өтті. Тілші, бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін атқарушы қызметтерінде жүріп ысылдық, төселдік. Алдыңғы буын ағалардың өнегесін алдық, тәрбиесін көрдік, тәлімін түйдік, еліктедік. Қабырғасы киелі қалалық басылымда еңбек ете жүріп, қосымша республикалық басылымдарда жұмыс жасадым, талай марапаттарға да ие болдым, байқауларда топ жардым. Мұның бәрі еңбекпен келсе, еңбекқор ұжымның жігеріңді еселеген қолдауын қалай ұмытасың?! Осы жылдар аралығында бұл ұжым менің екінші отбасыма айналды. Қызыққа да, қиын күндерге де толы он жылымды мазмұнды өтті деп ауыз толтырып айта аламын. Татулығына талай адам тәнті болған ұжымның келешегіне табыс тілеймін. Онжылдықта арнайы шежіре әзірлегенмін. Келешекте осы редакцияның 30 жылдығына әр бесжылдықты бөлек том етіп, жаңа кітап шығару жөнінде ұсыныс айтамын. Қалай болғанда да тараздықтардың көзайымына айналған «Jambyl-Taraz» – Тараздың айнасы, – деді Ерман Қанжанұлы.

Барлық карантиндік шектеулер қатаң сақталған кездесу соңында редакция ұжымы атынан сала саңлақтары атанған ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ газетте ұзақ жыл еңбек еткен, бүгінде бақилық болған журналистердің рухына Құран бағышталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.