Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаруаң қалай, шалғай аудан?

0 173

Қала әкімі Қайрат Досаев қаланың шалғай аудандарының тұрғындарымен кездесіп, олардың талап-арыздарын тыңдады.

Арайлым ШАБДЕНОВА Суреттерді түсірген А. РЫСМАХАН, Ю.ЕФИМОВ

Суды сатып аламыз…
Алдымен шаһар басшысы «Шөлдала» тұрғын алқабының тұрғындарымен кездесу өткізді. Қала әкімі сала мамандары және журналистермен бір автобуспен барып, тұрғын алқапқа барар жолдың жайы мен ондағы мәселелердің шешу жолдарын талқылап келді. Шөлдаланың тұрғындары әкімді қоршап, кезек-кезегімен сұрақтарын қойды. Алдымен алқап тұрғыны Серік Алғашов сөз алып, бүгінгі таңға дейін шешімін таппаған көгілдір отынның жайын сұрады. Бұл сауал бойынша жиылған көпшіліктің сұрағы мен өтініші көп болды.
– Менің бұл алқапта тұрып жатқаныма 33 жыл болды. Қалаға қосылғанымызды естіп, жағдайымыз түзелетін болды деген қуанышымыз көпке созылмады. Газ жоқ. Жарықтың бағасы қымбат. Қалаға кірдік дегенмен, құжаттардың барлығын рәсімдеп болмадық. Саяжай ретінде төлемдер алынады. Ол қымбат. Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі тек жаз айларында, яғни науқан кезінде ғана жұмысқа шығады. Сондықтан біздің алқапта шешімін таппаған мәселе шаш етектен, – деді «Алтын алқа» иегері Гүлбану Шамуратова.
Иә, мұнда мемлекет тарапынан газ құбыры тартылмаған. Дегенмен алқап тұрғындары мердігер тауып, көгілдір отынды үйлеріне кіргізуге өз келісімдерін берген. Дегенмен кейбір тұрғылықты тұрғынның газ тартуға ақшасы жетсе, енді бірінің қалтасы көтермейді екен. Бұл орайда ақша төлейміз деп отырған тұрғындар «тағы да газсыз қаламыз ба?» деп байбалам салуда. Кездесуге жиналған көпшілікке тұрғын алқапты газдандыру мәселесі бойынша сала мамандары түсіндіріп өтті. «Газ құбыры келіп тұр. Оны мердігер компаниямен әр үйге кіргізу үшін төлемақысы 330000 теңгені құрап отыр. Төлемнің 60000 теңгесін қазір төлеп, қалған бөлігін бір жылға бөліп төлеу, яғни айына 20 мың теңгені құрап отыр. Тұрғындар мердігер компаниямен келісімге отырған. Алдағы уақытта барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін заң бойынша құжаттар рәсімделіп, мемлекет тарапынан төленген әр үйге көгілдір отын берілетін болады», – деді «Таразтрансгаз» ЖШС өкілі.
Сонымен қатар жиында газ құбырларын төсеп жатқан мердігер компанияның жұмысына сын айтып, жұмыстың талапқа сай орындалып жатпағандығына шағымданды. Бұл орайда, шаһар басшысы: «Сіздердің мұндай олқылықтарды көріп, жұмыстың барысын тексергендеріңіз дұрыс. Өйткені ертең бұл көгілдір отынды сіздер пайдаланасыздар. Жалпы алдағы уақытта «Адалдық алаңы» жобасы аясында осындай құрылыстарды жасаған мердігер компанияларды тексеріп алу бойынша жергілікті тұрғындарды да комиссия мүшелігіне қосу, жұмысын бақылау сияқты бірқатар жұмыстарды жүргізу жоспарда бар», – деді.
Жиынға келген көпшіліктің екінші талабы – ауыз су болды.
– Жасыратыны жоқ, қыстыгүні біз 1 фляг суды көршімізден 40 теңгеге сатып аламыз. Есіктің алдындағы құдықтан су тартылып кетеді. Көшенің басындағы құдықтың да жайы сол. Күн жылыда арықтан тасып ішеміз. Бірақ күннің көзі қырауда сусыз отырған күндеріміз көп болды. Бүгінгі дамыған заманда ауыз сусыз отыру күлкілі жайт. Осы мәселені шешіп берсеңіздер, – деді Боранкүл Нұржауова.
Сондай-ақ бұл алқаптың тұрғындары жарық бағасының қымбаттығына наразылықтарын білдірді. Электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша жобалық-сметалық құжаттың дайындалып жатқанын жеткізген сала мамандары арнайы трансформаторлық подстанция орнату үшін алқаптың барлық тұрғын үйлерінің мақсатын «тұрғын үй» статусына өзгертіп, құжаттарын тездетіп рәсімдеу қажеттігін айтты. Сол кезде пайдаланылған электр энергиясы үшін төлемақы қалалық тарифке теңестірілетін болады екен. Бүгінгі таңда 7455 тұрғынның тек 5405-і ғана бұл құжатты рәсімдепті. Бүгінде алқап электр энергиясын «Қазфосфат» ЖШС-інен алып отыр. Төлемақы есептегіш құрал арқылы кооператив төрағасына төленуде. Ал ауыз су мәселесі бойынша таяу арада «Тараз су» мекемесіне жоба әзірлеуді шаһар басшысы қатаң тапсырды.
Сонымен қатар кездесу барысында тұрғындар мектепте оқушы санының көптігін, жақын маңда аурухана мен емхананың жоқтығын, қандай да бір анализдерді тапсыру үшін қалаға шапқылап, кезек күтіп, уақыт жоғалтатындықтарын айтып, қоғамдық көліктің уақыт аралығын жақындатуды сұранды.

Тұрғындар талабы ескерусіз қалмайды
Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Шалғай Қарасу» мен «Родничок», «Қайнар», «Ақжол» алқабының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге тиянақты дайындалып келген қала әкімі тұрғындарға алқаптың сызбасын жайып, әлеуметтік нысандар мен салынатын жол мен көпір өткелдерінің орналасатын жерлерін нақтылап көрсетті. Алқап тұрғындары үшін салынатын емхананың жері анықталып, құрылысы басталып та кетті. Жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Мектеп құрылысы бойынша тұрғындарға қала әкімі 600 және 900 орындық мектептің жобасын ұсынды. Бүгінгі таңда білім мекемесінің мәліметі бойынша алқаптың 624 оқушысы №51 мектепке тасымалданып оқиды екен. Алайда тұрғындардың жаңадан қоныстануына байланысты бала саны өсуде. Қала әкімі Қайрат Досаев тұрғындардың санын анықтап, мектеп құрылысын салуда демографиялық ахуалды ескере отырып жобалауды ұсынды. 1 шілдеге дейін жобаға қаражат бөлінеді.
Тұрғындардың көтерген мәселелерінің бірі – алқапқа қатынайтын жолаушылар автобусының бағытын өзгерту. Бұл мәселе бойынша №12 автобус бағытын «Қызыл көпір» дүкеніне дейін созу, №13 бағыттың уақтылы жүруін қатаң қадағалуды шаһар басшысы сала мамандарына тапсырды. Сондай-ақ кездесуде тұрғындар көшелердің тар, саяжайға автобустың кіріп, қайта айналып шығуы үшін көшені кеңейту мәселесін назарға алуды ұсынды. Бұл үшін 26 тұрғын үйдің жер телімі мемлекет мұқтажына кері қайтарылуы тиіс екен. Сонымен қатар кездесуде ауыз су мәселесі, алқапқа кіретін жерлерге «лежачий полицейский» орнатып беру сынды бірқатар мәселелер көтеріліп, тұрғындар сауалдарына мардымды жауап алды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.