Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһарда жол жөндеу жұмыстары қарқын алды

0 90

Сапалы жол тұрғындардың жайлы тұрмысы үшін аса қажет. Осы бағытта Тараз қаласында жол құрылысына ерекше екпін берілуде.

Айталық, биыл қала көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз атанған мердігерлер – «Абди-Строй» ЖШС және «BIG building NS» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Аталған компаниялар 25 наурыздан бастап қала ішіндегі жолдарды жөндеуде.
Бүгінде Братская, Қ.Тұрысов, Төле би, Тәуке хан, Жауғаш батыр, Сыпатай батыр, Әл-Фараби, Балуан Шолақ, Абай көшелерінің жолдары жөндеуден өткен. Сондай-ақ қазір «Шөлдала» тұрғын алқабы мен Ұлбике ақын көшелерінде тиісті жұмыстар жүруде.
Жалпы Тараз қаласында биыл 140 шақырымнан аса жол орташа жөндеуден өтеді. Нақтырақ айтқанда, 67,8 шақырымды құрайтын 40 жобаны (оның ішінде 117 көше, бұрылыс, тұйық, өткел), одан бөлек, ұзындығы 20,2 шақырым жаяу жүргіншілер жолын және ұзындығы 73,8 шақырым болатын шағал жолды (оның ішінде 165 көше, бұрылыс, тұйық, өткелдер) жөндеу жоспарланған.
Бұдан бөлек, ұзындығы 10,8 шақырымды құрайтын 3 көшені қайта жаңғырту көзделуде. Қазына қаржысы арқылы ықшамауданға кіретін жолдар да жөнделеді. Сонымен бірге ағымдағы жол жөндеуге де қосымша қаржы қарастыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Мало-Бесагаш көшесі мен Абай даңғылының бойындағы №2 полиция бөлімінен бастап «ҚазМұнайГаз» жанармай бекетіне дейінгі аралыққа жаяу жүргіншілер жолы төселуде.
Айта кетер жайт, былтыр шаһарда 150-ден аса көше жөндеуден өткен. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша «Барысхан» алқабында автобус қатынайтын 1 көше, «Бурыл» алқабында 14 көшеге жөндеу жүргізілді. Биыл сәтін салса, «Барысханда» – 23, «Бурылда» 61 көшеге асфальт төселеді деп жоспарлануда.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.